ОБЛЫС ӘКІМІ: "АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНА ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖЕТКІЗІЛУІ ТИІС"

Уақыты: 11.01.2022
Оқылды: 1237
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ жиын өткізіп, елдегі тәртіпсіздік кезінде қаза болған күштік құрылым өкілдері мен бейбіт тұрғындарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жиында облыс аумағында штаттық режимдегі жұмысқа көшу бойынша тапсырмалар берілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, облыста келтірілген шығындарды есептеу комиссиясы жұмысын бастады. Облыс әкімі өз сөзінде коммуналдық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді жалғастыру керектігін тапсырды. Сол сияқты сауда нысандары, ірі базарлар, жанар-жағар май бекеттері толықтай іске қосылуы тиіс. Бұл ретте осы нысандардың бағаны өсірмеуі қатаң бақыланады. Қазір интернет желісі белгілі бір уақыт аралығында қосылды. Коммуналдық төлемдерді қабылдау, зейнетақы, жәрдемақы төлемдері де кедергісіз жүргізілуі керек.

Жиында Қанат Бозымбаев ауруханалар мен дәріханалардың жұмысы жайлы сұрап білді. Қазір оларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Сол сияқты Талдықорған қаласында қоғамдық көлік толық жұмысқа кірісуі тиіс.

Облыс әкімі Алматы қаласына жүйелі түрде азық-түлік жеткізілуі тиіс екенін айтты. Сол сияқты Алматы мен қала маңындағы аймақтардың көлік қатынасын реттеу облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовқа жүктелді. Сонымен бірге, жиында полиция және арнайы органдар қызметкерлеріне жағдай жасау, оларды материалдық тұрғыда қолдау, тұрғын үймен қамту, штат санын ұлғайту сияқты бірқатар кешенді шаралар жобасын ұсынуды тапсырды.

- Жалпы, облыстағы ахуал тұрақты. Талдықорған қаласы толық бақылауда. Сондықтан, қалыпты өмірге бірте-бірте көшуіміз керек. Жұдырықтай жұмылып, бірге жұмыс істесек, жуық арада облыстағы шаруашылық жұмыстарын, жетісулықтардың өмір сүру салтын бұрынғы қалпына келтіре аламыз деп ойлаймын, - деді Қ.Бозымбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"