Тіл үйренушілерге барлық мүмкіндік қарастырылған. Бұл туралы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында айтты.
Қазіргі таңда облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен оның аудан, қалаларда орналасқан 9 филиалында тіл үйренушілер үшін материалдық база жаңартылған. Мұнда мемлекеттік тілмен қатар ағылшын, орыс тілдері де тегін оқытылады. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында 877 тыңдаушы тіркеліп, оның басым көпшілігі мемлекеттік тілде сауат ашқан. Облыс көлемінде Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, жүйелі түрде жұмыс жүргізілуде.
Тіл саясатының үлкен саласы ономастика және көрнекі ақпарат болып табылады. Айталық, өңіріміздегі 741 елді мекеннің 97,3 пайызы мемлекеттік тілде аталса, қалғаны Заречное, КазЦИК, Набережная сынды атауларға ие. Бұл тұрғыдан алғанда ескі атауларды алмастыруға жергілікті азаматтардың ұсынысы көптеп түседі. Алайда олар жекелеген тұлғаның атын беруге құмар. Бабалар ерлігі ұмытылмайды және ескерусіз қалмайды. Сондықтан бұл бағыттағы ұсыныстар жан-жақты сараланып барып іске асырылмақ. Ал көрнекі ақпарат көпшілікке түсінікті. Бір ғана сәуір-маусым айларында жүргізілген «Тіл тазалығын сақтайық» акциясы бойынша 2449 нысан қамтылған. Нәтижесінде, 862 кемшілік анықталып, оның 596-сы түзетілген.
Брифингте атқарылған жұмыс жемісімен бөліскен Айдар Карбозұлы журналистердің сауалына тұшымды жауап беріп, алдағы уақытта атқарылар шараларды да тілге тиек етті.
АРДА БИ.