Жұмыссыздар саны азаюда

Уақыты: 05.10.2017
Оқылды: 1137
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тіл сарайында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқарма басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысқан жиында бірнеше мәселе қаралды.

Қоғамдық кеңестің төрағасы Әлихан Тойбаев облыс әкімдігінің 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Субсидиялар нормативтерін және көлемдерін бекіту туралы» қаулысына өзгерістер енгізу, облыс әкімдігінің «Қайта өңдеуші кәсіпорындарының ауылшаруашылық өнімдерін тереңдете қайта өңдеп өнім өндіру үшін оны сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау» мемлекеттік қызмет регламентін бекіту туралы жобалардың талқыланатынын айтты. Кеңес мүшелері аталған мәселеге байланысты өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері де назардан тыс қалмады. Облыс әкімдігінің «Кемтар балаларға арнаулы түзеу ұйымдары мен басқа да ұйымдарға медициналық, арнаулы білім және арнаулы әлеуметтік қызметтерді алуы үшін жолдама беру»  қаулысының жобасы талқыға түсті. Қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі, «Ерлік» мүгедектер қоғамының төрайымы Роза Ақжаркенова мүгедек жандарға арнайы түзету орындарының ауадай қажет екенін айтты. Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандар қатарының артып келе жатқандығын тілге тиек еткен ол уақытты оздырып алмай түзеу ұйымдары іске қосылса деген ұсынысын айтты. Сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік қызмет сапасының көңіл көншітпейтіндігі де сөз етілді. Әсіресе, қаладағы көптеген ғимараттың кіре берісінде орналасқан пандус арқылы көтерілудің мүмкін еместігін және қоғамдық орындарда мүгедектерге арнайы дәретхананың жоқтығын айтқан Роза Қожахметқызы осы мәселеге арнайы билік өкілдері көңіл бөлсе деген ұсынысын жеткізді. 
Жиын соңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы З. Ілімжанова бюджеттік бағдарламаларды орындау және мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу туралы жұмысының есебін берді. Басқарма басшысының айтуынша, 2017 жылы мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік салаға 13,5 млрд. теңге бөлінсе, оның 3,8 млрд. теңгесі жұмыспен қамту бағытына, ал 9,7 млрд. теңгесі әлеуметтік көмек көрсетуге бөлінген. Бұл 2016 жылға бөлінген қаржы көлемімен салыстырғанда 27 пайызға артқан. Ағымдағы жылдың  1 қыркүйегінен бастап техникалық және кәсіптік оқу орындарында 1535 адам тегін кәсіптік білім алуда. Оларға шәкіртақы, жол ақысы және жатын орнына төленетін шығындар мемлекет тарапынан қарастырылған. 
– Қысқамерзімді кәсіптік оқытумен 32 колледж бен 4 орталықта 40 мамандық бойынша 6432 адам қамтылған. Оқуын аяқтаған 3260 азаматтың 2315-і тұрақты жұмысқа орналастырылғанын айтқан басқарма басшысы аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтары тарапынан оқуды аяқтаған адамдарды жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Алайда жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру деңгейі Еңбекшіқазақ, Қарасай,  Талғар, және Текелі қаласында тым төмен. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» шеңберінде Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, алғаш рет өндіріс, кәсіпорындардың базасында қысқамерзімдік оқыту түрлері енгізілді. Осыған байланысты барлығы 5 оқыту орталығы анықталды. Аталған оқыту орталықтарына дуалдық элементтерді қолдана отырып оқуды аяқтағаннан кейін міндетті түрде жұмыспен қамтылатын 200 адамды оқыту жоспарлануда. Қазіргі уақытта аталған оқыту орталықтарында 136 адам білім алуда. Атап айтсақ, «ТАТЭК» АҚ-да электрик мамандығы бойынша 22 адам, «Қайнар АКБ» ЖШС-інде  аккумуляторшы мамандығында 6 адам, «Байтұрғанова» ЖК-де визажист, шаштараз мамандықтарында 108 адам оқып жатыр. Соның нәтижесінде жыл сайын жұмыссыз азаматтар саны азаюда. Мысалы, 2016 жылы бұл көрсеткіш 49, 4 мың адам болса, 2017 жылы 48, 1 мың адамға кеміген. Пайыздық көрсеткіш бойынша 4,7, – деді Зайда Әбдімананқызы.
Осы бағыттағы атқарылып жатқан іс-шаралар халықтың жұмыспен қамтылуына, табыс көзінің артуына ықпал етіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына және қоғамның тұрақталуына қол жеткізуге үлкен әсер етуде. 
Басқосу соңында Қоғамдық кеңес мүшелері келесі басқосуға арналған жұмыс жоспарын бекітті.

Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.