Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАСТАР ЗЕЙНЕТАҚЫ ТУРАЛЫ ҚАЗІРДЕН БАСТАП ОЙЛАНУЫ ТИІС - БЖЗҚ

Уақыты: 24.05.2022
Оқылды: 907
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен қаржы ұйымдары өткізіп жатқан жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған апталығына БЖЗҚ белсенді түрде қатысты.

«Тұран» университетінде жүзден астам студент, магистрант, докторант пен оқытушыларға арналған «Қаржылық сауаттылық халықтың әл-ауқатын арттыру факторы ретінде» атты дәріс түріндегі басқосу өтті. Шараға «БЖЗҚ» АҚ қаржы реттеушісі, ҚР Қаржы мониторингі агенттігі, «KMF-Демеу» қоры және Бірінші Несие бюросының өкілдері қатысты. БЖЗҚ мамандары «Неліктен зейнетақы жөнінде қазірден бастап ойлану керек: бәрі де Қазақстанның зейнетақы жүйесі жайында» тақырыбында дәріс өткізді.

Кездесу барысында студенттер Қазақстанның зейнетақы жүйесінің қалай құрылғаны жөнінде мағлұмат алды. Елімізде мемлекеттік және жинақтаушы зейнетақыдан тұратын көп деңгейлі зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесі жұмыс істейтіндігіне ерекше назар аударылды. Жинақтаушы құрамдауыштың мәні жылдан-жылға артып келе жатқандықтан, дәріс барысында БЖЗҚ-дағы жинақтаушы жарналар – міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарнасы (ЕЗЖ) егжей-тегжейлі аталып өтілді. Инвестициялық басқару және онлайн қызметтерді алу, сондай-ақ, болжамды зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны есептеу мүмкіндігі секілді тақырыптар да аудиторияның қызығушылығын тудырды. 

– Студенттердің дәрісімізді бар ынта, зор ықыласпен тыңдағандары өте қуанарлық жәйт.  Өздеріңге белгілі, қазір зейнеткерлер зейнетақыларының негізгі бөлігін мемлекеттік бюджеттен алса,  бүгінгі студенттердің зейнетақысы ең алдымен өздеріне байланысты болады. Сондықтан, жастарды зейнетақы жинағын жоспарлау дағдысына осы бастан үйрету маңызды, – деп атап өтті дәріс беруші, «БЖЗҚ» АҚ Алматы қаласындағы филиалының көшпелі қызмет көрсету бөлімінің жетекші маманы Талғат Қабанбаев.

Іс-шара екінші рет отбасылық «SOS Алматы балалар ауылында» өтті. Бұл жолы зейнетақы қаржылық сауаттылығынан тұңғыш сабақ алған жасөспірім оқушылар негізгі аудитория болды.

БЖЗҚ жас буын өкілдеріне қария шақты лайықтықарсы алуда өздерінің зейнетақы шотын тұрақты және толық көлемде толықтырып отырудың қаншалықты қажет екенін түсінулері үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, оның ішінде студенттермен кездесулерді әрі қарай да жалғастыра беретін болады.

«БЖЗҚ» АҚ БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ