ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ МҮШЕЛЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 25.05.2022
Оқылды: 1499
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, Жетісу жерінің өркендеуіне қажетті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы, облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 14 желтоқсандағы №12-59 «Алматы облысының 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» және облыстық Қоғамдық кеңестің Алматы және Жетісу облыстарына бөліну мәселелері қаралды.

Облыстық полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, құрылыс басқармасы, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, облыстық білім басқармасы, облыстық энергетика, коммуналдық шаруашылығы басқармасы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық  ауылшаруашылығы басқармаларының басшылары мен орынбасарлары шақырылған отырысты ашып, жүргізіп отырған облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Қошанбеков бірінші тақырыпқа байланысты есеп беру үшін облыстық қаржы басқармасының басшысы Жасұлан Естеновті мінберге шақырды.

– Алматы облысының 2021 жылға арналған меншікті облыстық бюджетінің бекітілген кіріс және шығыс жоспары 708,7 млрд.теңге болды, жыл барысында 3 рет нақтылау жасалып, 17 рет түзетулер енгізіліп, бюджет көлемі 827,4 млрд. теңгені құрады, – деген Жасұлан Тоққожаұлы бюджеттің орындалу мөлшерін таныстырып өтті. – Облыстық бюджеттің түсімдері бойынша бюджет 819,0 млрд.теңгені құрады, оның ішінде: меншікті кірістер 115,3 млрд.теңгеге жоспарланып,  нақты түскені  125,9 млрд.теңге немесе 109,2% болды. Облыстық бюджеттің кірісіне 140,0 млрд.теңге бюджеттік алымдар Іле ауданынан толығымен түсті. Республикалық бюджеттен жоспарланған 190,9 млрд.теңге субвенция  мен 236,3 млрд.теңге нысаналы трансферттер толығымен түсті. Апта сайын бюджеттің объективті және субъективті тұрғыдан игерілмеу себептері анықтала отырып, мониторинг жүргізіліп тұрды.

Баяндамашының айтуынша, былтыр игерілмей қалған 8,4 млрд.теңге бөлінгенде облыстық құрылыс басқармасына, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына, облыстық білім басқармасына, облыстық полиция департаментіне, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, төтенше жағдайлар департаментіне, ауылшаруашылық басқармасына тиесілі болған.

Мұндай қомақты қаржының игерілмей қалуына негізінен жобаларды түзету шараларының кешігіп жүруі, құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы, қажетті тауарлардың мерзімінде жеткізілмеуі, жұмыс актілерінің болмауы сынды түрлі себептер түрткі болған. Осыған орай Қоғамдық кеңес мүшелері өткен жылы игерілмей қалған қаржының есебін сұрағаннан гөрі биылға межеленген қаржының дұрыс игерілуін қадағалау керектігін алға тартты. Ол үшін әр тоқсан сайын жоспарланған жобалардың жүзеге асуын қадағалап, игерілмей қалуы мүмкін қаржыны басқа салалардың жандануына жұмсау керектігін алға тартты. Тынышбай Досымбеков, Бениямин Файзуллин, Әмір Газалиев, Елдос Баялышбаев, Нұрбай Жантілеуов сынды Қоғамдық кеңес мүшелері өзекті мәселелерді дер кезінде шешудің тиімділігін алға тартып, бұдан кейін бір жылға жоспарланған қаржының тиімді пайдалануын қадағалау керектігін атап өтті.

Отырыста қаралған екінші мәселе – 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу қажеттігін түсіндіру үшін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов сөз алып, облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 14 желтоқсандағы №12-59 «Алматы облысының 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» жобасын таныстырды. Баяндаманы мұқият тыңдаған кеңес мүшелері ашық дауыс беріп, жобаны мақұлдады.

Одан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 мамырдағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» №887 Жарлығының 8 маусымда күшіне енуіне байланысты облыстық қоғамдық кеңесті Алматы және Жетісу облыстық қоғамдық кеңестері ретінде бөлу мәселесі қаралып, Алматы және Жетісу облыстық Қоғамдық кеңестерінің мүшелері таныстырылды. Осыған орай ашық дауыс берген Қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған тізімнің бекітілуін қолдады. 

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы