ЖАСТАР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Уақыты: 15.06.2022
Оқылды: 1488
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Үкіметтің 2021-2025 жылдарға  арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық  жобасын жүзеге асыру аясында Панфилов аудандық халықты  жұмыспен қамту орталығы азаматтарды еңбекпен қамту және кәсіпкерлікке оқыту бағытында ауқымды жұмыстар жасап келеді.

Биылғы жылдың 5 айында орталыққа 1535 жұмыссыз жандар жүгініп, олардың 1072-сі еңбекпен қамтылды. Бірқатар  жастар өздерінің өтініші бойынша мамыр айынан бастап «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС қысқа  мерзімді кәсіптік мектебінде оқып, мамандық  алды. Ал оқуын аяқтаған соң, осы кәсіпорында тұрақты жұмысқа орналасады.
Сонымен қатар ағымдағы жылы әлеуметтік еңбек орындарын құрған кәсіпорындарға 86 жұмыссыз адам 11 ай  мерзімге уақытша жұмысқа  жіберілді. Олардың алтауы  жұмысты  аяқтап, бесеуі тұрақты еңбекке  орналасты. Жоғарыда  аталған Ұлттық  жоба  аясында қоғамдық  жұмыстарды ұйымдастыруға өтініш  білдірген  мекемелерге жұмыспен  қамту  орталығына  жүгінген 752  адам ақылы  қоғамдық  жұмыстарға  жолдама  алып, бүгінгі  күнде өңірдің  экономикалық, әлеуметтік және  экологиялық тұрғыдағы  пайдалы қарекеттерін жасауда. Бұдан тыс жастар  тәжірибесі ұйымдастырылды. Оған өтінім берген мекемелерге 12  ай  мерзімге 81 жас түлекті тарту жоспарланып, мамыр айының алғашқы  күнінен бастап 38 жас жіберілді.
Орталық арқылы жоғарғы және арнайы оқу орнын тамамдаған еңбек  тәжірибесі жоқ жас мамандарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылуда. Оған 16 маман 18  айға жолдама алып, арнайы  тәлімгерлердің қамқорлығымен тәжірибе  жинақтауда.
Панфилов аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеуші  азаматтарға «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесін ұйымдастырып, 70 азаматқа пайдалы кеңес беріп, 38 жұмыссыз жүрген жанға жолдама берді. Бұл іс-шараға 11 жұмыс беруші қатысып, 40-тан астам бос жұмыс орны ұсынылды.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы