ХҚО-ҒА БАРМАС БҰРЫН НЕНІ БІЛГЕН ЖӨН?

Уақыты: 15.06.2022
Оқылды: 2315
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Азаматтар мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамын egov.kz порталында онлайн түрде ала алады. Оған қоса eGov mobile және ХҚО мобильді қосымшалары, телеграмда @kenes1414bot секілді пайдалы баламалары тағы бар.

Ал егер сізге керек қызмет тек ХҚО-да қағаз жүзінде көрсетілетін қалған 10%-дың ішінде болса ше?
Төмендегі қарапайым кеңестерге құлақ ассаңыз, уақытыңызды үнемдейсіз:

1. Алар қызметіңіздің онлайн рәсімделмейтініне тағы бір рет көз жеткізіңіз, себебі онлайн-қызметтер тізімі үнемі толықтырылып отырады;

2. Онлайн баламасы жоқ па? Онда ХҚО-ға бару үшін кезекті брондауға кеңес береміз. Әрине, бұл міндетті емес, алайда бұл уақытыңызды үнемдейді. Тек белгіленген уақыттан 10-15 минут бұрын келсеңіз болды;

3. Жеке куәлігіңізді ұмытпаңыз. Құжатыңыздың мерзімі аяқталып қалған жоқ па? Оны да қарап қойыңыз;

4. Қызметті алу үшін қосымша қандай құжаттар пакеті керектігін 1414 байланыс орталығына хабарласып, нақтылап алыңыз.


Қазір шетел азаматтарына ЖСН тек ХҚО арқылы рәсімделеді. 
Бұған дейін Қазақстанда азаматтығы жоқ адамдар аталған қызметті үшінші тұлғаға сенімхат беру арқылы egov.kz порталында онлайн ала алатын, ал қазір порталда бұл қызмет уақытша тоқтатылды.   

Қызметті рәсімдеуге үш құжат жеткілікті:
- Белгіленген нұсқадағы өтініш;
- Шетелдік паспорт;
- Қызметті алушы атынан өкілі жүгінген жағдайда - нотариалды куәландырылған сенімхат.

Егер шетел азаматының паспортында аты-жөні мен туған жері кирилица немесе латын әріптерімен жазылмаса, құжаттың аудармасы (нотариалды куәландырылған) қажет.
ЖСН алу тегін. Қызмет 1 жұмыс күні ішінде дайын болады.


ЕГЕР ЖЕКЕ КУӘЛІНІҢІЗДІҢ МЕРЗІМІ АЯҚТАЛЫП ҚАЛСА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Жеке куәлік қазақстандықтарға 16 жастан бастап беріледі және 10 жыл мерзімге рәсімделеді.

Куәлікті алдын-ала өзгерткен дұрыс, өйткені 1 айдан астам мерзімі өткен құжат әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.

Жеке куәлікті тұрғылықты мекенжайына қарамастан кез келген ХҚО-да ауыстыруға болады. Тек ескі құжатты көрсетіп, 0,2 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу қажет.

Жаңа құжат 15 жұмыс күні ішінде дайын болады.

Қалауыңыз бойынша куәлікті дайындау мерзімін қосымша ақыға жеделдетуге болады.

* Паспорт ерікті құжат болып табылады, сондықтан оның мерзімі өтсе де айыппұл салынбайды. Мемлекеттік баж құны-8 АЕК.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"