СЕНАТ ДЕПУТАТЫ ЖЕТІСУҒА КЕЛІП, ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 03.08.2022
Оқылды: 1631
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ Жетісу облысына арнайы іссапармен келді. Сапарының алғашқы күнінде Сарқан және Ақсу аудандарына ат басын бұрған халық қалаулысы көпшіліктің талап-тілектерін, өтініш-ұсыныстарын тыңдап, өзекті жайттарды Парламент қабырғасында көтеретінін айтты.

Алдымен саялы Сарқан ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында Жанболат Әкебайұлы жерұйық мекенге келген мақсатын түсіндірді.

– Сенат депутаттарының өңірлердегі кездесулері жалғасуда. Бұл ретте мен Жетісу және Алматы облысына арнайы келдім. Елдің талап-тілектерін, мәслихат депутаттарының ұсыныстарын тыңдасам деймін, – деген сенатор, Үкімет отырысындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмалары мен бастамаларын айшықтап, Конституциялық реформалардың іске асыру барысы, «Жаңа Қазақстан» қағидатын жүзеге асыру жайлы толғанды.

– Әрбір мемлекеттің дамуы кезең-кезеңмен жүзеге асады десек, өркениетке бастайтын негізгі күштің адам екені бірден айқындалады. Біз әлемнің ең дамыған елдерімен иық тірестірген келешегі көшелі «Жаңа Қазақстанды» көргіміз келсе, біртұтас мүддемен, ерен күшпен еңбек етуіміз керек. Ол үшін өздеріңіздей зиялы қауым өкілдерінің көкейінде жүрген, шешілмей қордаланып қалған мәселені бірлесе талқылап, жүзеге асыруға, шешуге тиіспіз, – деді ол.

Өз кезегінде Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Асқат Қалиасқаров, аудандық мәслихаттың хатшысы Марат Разбеков бастаған  белсенділер өңірдегі өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Мәселен, Сарқан ауданы ауруханасының бас дәрігері Данияр Шылғаубаев өңірде медицина мамандары жетіспейтінін, ауылға келіп қызмет жасауға білімді азаматтар ынталы емес екенін атап өтті. «Бұрнағы уақытта 7 жыл білім алғаннан кейін сала бойынша курстан өтетін ақ халатты абзал жандар бүгінде тағы да 3 жыл білімін жетілдіру керек. Білім қуып, 10 жылын әсем шаһарларда, үлкен ортада өткерген жастар бірден ауылға келгісі келмейді» деген бас дәрігер, мұны жоғары жақ қаперіне алып, арнайы курстарды қайта енгізсе деп ұсыныс тастады. Өз кезегінде Сарқан ауданы мәслихатының депутаты Жамал Айтқалиқызы әйелдердің зейнетке шығуы тақырыбында өз ойын, тілегін жеткізді. Сол секілді, жайылымдық және егістік жер мәселесі, жол, ауызсу, интернет желілерінің сапасыздығы мәселесі көтерілді. Сенат депутаты өңір бойынша шешімін табуға тиіс жайттарды Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен кездескенде жеткізетінін де тілге тиек етті.

Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентінде өткен кездесуде Ж.Жөргенбаев еліміздегі игі бастамалар жайлы толғанды. Сонымен қатар, Сарқан, Ақсу халқының ұсынысы бойынша аңшылық шаруашылығына беріліп кеткен жерлердің мәселесін шешуге күш салып, мұны Премьер-Министрдің алдында көтергенін жеткізді. 

Айта кетерлігі, Жетісу және Алматы облысы бойынша аң шаруашылығына беріліп кеткен жер телімі шамамен 5 миллион гектарды құрайды. Осының салдарынан қос аймақта мал жайылымдары жетіспей, жемшөп дайындайтын алқап тапшылығы жұртшылық наразылығын тудырып келген. 

Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов бастаған жергілікті қоғам белсенділері, ауылдық округ әкімдері мен мәслихат депутаттары бірқатар өзекті мәселе көтерді. Солардың қатарында жедел жәрдем көліктерінің ескіргені, компьютерлік томографияның болмауы, өңірдегі 7 елдімекенде фельдшерлік-амбулаториялық пункттердің жоқтығы сынды кезек күттірмейтін жайтты шешу үшін сенатордан көмек сұрады. Жергілікті зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс, талап-тілектерін тыңдаған Жанболат Жөргенбаев мұның бәрін Сенатқа хат жүзінде жіберу керегін атап өтті. Сонымен қатар қос ауданда айтылған жайттар депутаттық корпуста қаралып, алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

Айта кетерлігі, Парламент Сенатының депутаты алдағы уақытта Жетісу, Алматы облыстары бойынша 8 ауданда және Қонаев қаласында болып, қоғам белсенділерімен, аудан әкімдігі басшыларымен кездеседі деп күтілуде.

***

Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев Көксу ауданында қоғамдық кеңес, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді.

Жанболат Әкебайұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси реформалар Сенат қабырғасындағы заң саласына байланысты жұмыстар, олардың іске асуы, жаңадан құрылған облыстардың жағдайы мен  еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында әңгіме өрбітті.

Жиынға қатысқандар сенаторға аудандағы өзекті мәселелерді айтты. Оның ішінде жайылымдық жер мәселесі, жас мамандарға тұрғын үй, қант қызылшасы, ауыл шаруашылығына арналған техниканың қымбаттығы және дәнді дақылдардың бағасы сынды өзекті сауалдар көтерілді.

Жиын соңында Парламент Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев жиынға қатысушыларға алғысын білдіріп, «Жаңа Қазақстанды» құруға бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Жетісу облысы