БИЛЕТ ҚҰНЫ - 8 МЫҢ ТЕҢГЕ. АЛАКӨЛДЕ ӘУЕЖАЙ ЖҰМЫСЫ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

Уақыты: 10.08.2022
Оқылды: 3887
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Айдынды Алакөл өңірінің туризм саласындағы әлеуеті айтпаса да белгілі. Шипалы көлді жағалай шаңырағын тіктеген ауданның бұл бағыттағы жетістіктері де аз емес. Алайда шекара шебінде орналасқан өңірге жетудің өзі бір бөлек әңгіме. Себебі, жол машақаты көптеген азаматтардың ықыласын қайтарып тастауы ықтимал.

Қазіргі таңда Талдықорғаннан тартылған тас жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мезгілінен кешіккен іске наразылық та мол. Бір қуантарлығы, осыдан біраз жыл бұрын «Үшарал» әуежайы іске қосылып, халық бір жасап қалып еді. Ағымдағы жылы аталған нысанның ұшып-қону жолағына да күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, нағыз шомылу маусымының қызған шағында әуежай қызметі тоқтады. Бірақ көптен күткен қуанышты жаңалықты да естідік.

Тамыздың 10-ншы жұлдызында алғашқы әуе көлігі жаңа жолаққа келіп қонды. Ұшақ бортында ҚР Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Нұрлан Орманбетов, «Жетісу» әуе компаниясының президенті Қалтай Дөңсебаевтан өзге 14 жолаушы болды.

Бұған дейін әуежай ҚР Қарулы күштерінің иелігінде болған. Былтыр азаматтық бағытта қызмет көрсету мақсатында құжаттар қайта рәсімделген. Бұл жайында: «Негізінде «Үшарал» әуежайы қорғаныс күштеріне тиесілі және бүгін менің арнайы ұшып келуім де осыған байланысты болып отыр. Туристер мен аудан тұрғындарын тасымалдау үшін қызмет бағыты өзгертілді. Алайда бұл нысан әлі де қажетті жағдайда қарулы күштердің резервты әуежайы болмақ», - деді Н.Орманбетов.

Ұшып-қону жолағының ұзындығы 2,7 шақырым, ені 49 метрді құрайды. Үш қабатты жабын төселіп, арнайы сертификаттары алынған. Әлі де атқарылар жұмыстар бар. Оның барлығы алдағы уақытта толықтай аяқталмақ.

Шипалы көлге асыққан меймандар жол машақатынан құтылу мақсатында әуе рейістерін пайдалануға құлшынатыны рас. Бұл ретте «Үшарал» әуежайының ұшып-қону жолағын күрделі жөндеу шомылу маусымына күрмеу болмауы маңызды. Себебі, күніге бірнеше рет алып қанатты ұшақтар қатынайтын нысан ауданның кеңінен тыныс алуына да әсер етіп тұр.

«Ұшып-қону жолағының аса үлкен ұшақтарға лайықты болмауынан шағын әуе көліктері ғана адам тасымалдайтын. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы жолақты ауыр ұшақтарға лайықтау еді. Қазіргі таңда ең қажетті деген жұмыстар тәмамдалып, бүгін, міне, алғашқы рейспен өзім де келдім. Бір жағынан әуежай мен жолақтың, қызметкерлердің жағдайын бағамдап қайту да маңызды болып отыр», - дейді «Жетісу» әуе компаниясының президенті Қ.Дөңсебаев.

Бүгіннен бастап «Үшарал-Талдықорған» бағытында күніне 5 мәрте ұшақ қатынайды. Билет құны - 8 мың теңге. Ал «Алматы-Үшарал» бағытына тәулігіне бір рет ұшады. Жолақысы - 15 мың теңге. Елорда бағытында да күніне бір мәрте 16 мың теңгемен қатынай аласыз.

«Алғашқы рейіспен келген меймандардың бірімін. Талдықорғандағы және Үшаралдағы әуежай қызметкерлеріне, ұшақ капитандарына алғысымыз шексіз. Барлығы жайлы, қолайлы. Көлікпен келсең 4-5 сағатқа созылар жолды 45 минутта бағындырдық. Бұдан артық не керек? Билет бағасы да қолжетімді. Көлге келер туристер үшін осындай жағдайлардың жасалуы ауданның да туризм саласын өркендетуге үлкен серпін бермек. Өзім Талдықорғанның тұрғынымын, алайда осында шаруа қожалығым бар. Екі жаққа шапқылап, талай уақытты жоғалтушы едім. Енді міне, әуежай қызметі қайта жанданып, қуанып отырмыз»,- дейді, «Үштөбе» шару қожалығының басшысы, рейс жолаушысы Тұрсынбек Тағаев.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы,

Жетісу облысы