ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА ҰМТЫЛ

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 1619
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Есту қабілеті нашар балаларға ағылшын тілін үйретуде айтарлықтай жетістікке жетуге болады. Бұл Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жас еріктілерінің тәжірибесінен аңғарылды.

Бес жыл бойы Талдықорған NIS нашар еститін және саңырау балаларға арналған облыстық интернатпен ынтымақтаса жұмыс жүргізуде. Оқушылар апта сайын өздерінің шәкірттеріне келіп, оларға ағылшын тілін үйретеді.

2018 жылы интернатпен біздің мектеп арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осының шеңберінде қоғамға қызмет ету бойынша «жүрек қалауымен» әлеуметтік жоба жұмыс істейді. Аптасына бір рет біздің еріктілер әртүрлі жастағы төрт топқа сабақ береді, – деді педагог-куратор-ұйымдастырушы Әйгерім Еркінбаева.

«Жақсылық жасауға ұмытыл» – бұл NIS-тағы әр оқушының ұраны. Қоғамға қызмет ету бойынша 10-нан аса жоба оң нәтижесін көрсетуде. Мейірімділік, сенім, патриотизм, ар-намыс және қадір-қасиет сияқты адамгершілік құндылықтары жоба өзектілігі мен құндылығы болып табылады. Мектеп жылдарында қоғамға қызмет етуде алғаш тәжірибе алған түлектер енді университет қабырғасында да еріктілікпен айналысуды жалғастыруда.

11-сынып оқушысы Томирис Қасымова әлеуметтік жобалардың маңызы зор екенін, өйткені, волонтерлік бағыт оқушылардың адамгершілік дүниетанымын қалыптастыруға ықпал етіп, оған мұқтаж жандарға көмек көрсетуге немесе жұртшылық назарын әлеуметтік өзекті мәселелерге аударуға мүмкіндік беретінін айтты.  

Айгүл Байжұмақызы
Талдықорған қаласы
Сурет ғаламтордан алынды