Ұлттық құндылықтарға басымдық берілуде

Уақыты: 28.04.2023
Оқылды: 1880
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің төрағалығымен әкімдік жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Жиында қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, үкіметтік емес ұйым өкілдеріне жағдай жасау, жобаларын қолдау сынды маңызды мәселелер қаралды. Жалпы, Жетісу облысында 377  үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның  308-і ҮЕҰ-дың дерекқорына өз мәліметін тапсырды.  Жұмыс істеп тұрған ҮЕҰ ең көп саны Талдықорған қаласында болса, ең азы Көксу мен Кербұлақ аудандарында.

Кеңес отырысында Қаратал, Кербұлақ, Көксу ауданы әкімдерінің орынбасарлары атқарылып жатқан жұмыс жайында баяндама жасады. Келесі кезекте облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Башбаев мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру шеңберінде іске асатын жобаларға тоқталды.

– Биыл  бәсекелестік орта арқылы жастар волонтерлік қозғалысын дамыту, көңілді тапқырлар ойындарын ұйымдастыру, жастар арасында пікірталас қозғалысын дамыту, балалар үйінің түлектерін қоғамға бейімдеу және қолдау, жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткі заттарын қолдану мен нашақорлықтың алдын алу шаралары, ұлттық құндылықтар және патриоттық тәрбиеге бағытталған жобаларға басымдық берілуде, – деген Айдар Карбозұлы жоғарыда аталған 6 жобаны 63 млн. теңге қаржысымен, алғаш рет ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанындағы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп жүзеге асырылатынын айтты.

Отырысты қорытындылаған Рустам Әли:

– Облыс әкімі үкіметтік емес ұйым өкілдеріне ерекше көңіл бөлуде. Олардың белсенділігі, құрамы, жұмыс сапасына назар аударып отыр. Сондықтан үкіметтік емес ұйым өкілдерінің құрамын жаңартып, халықаралық мекемелермен байланыс орнату керек. Әртүрлі кездесулер өткізіп, іссапарға жіберіп, жағдайын жасауға тиіспіз. Жобаларды іске асыру үшін қомақты қаражат қажет емес. Алдымен материалдық-техникалық базасын қалыптастырып, арнайы жарнасыз кабинетпен қамтысақ ары қарай өздері алып кетеді, – деп тиімді жобаларды қолдау қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар ақпараттық насихаттық жұмыстарға басымдық беруді тапсырды.

Мәулен Әнербай