Ғани Бейсембаев: "Қоғамда болып жатқан келеңсіз жайтқа мұғалімдер жауапты"

Уақыты: 21.05.2023
Оқылды: 1400
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Ақсу ауданындағы Мамания орта мектебіне барды. 

Білім саласында министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған Ғани Бектайұлы:

- Өзім мұғалім болғаннан кейін ұстаздың жай-күйін жақсы білемін. Сондықтан кездесуді сұрақ-жауап түрінде өткізейін, - деді.

Ата-ана академиясының қамқоршылық кеңестен айырмашылығы жөнінде министр қамқоршылық кеңестің миссиясы бөлектігін, ал ата-ана академиясы психологиялық көмек беретін құрылым екенін айтып: "Көп ата-аналардың педагогика, психологиядан хабары жоқ. Академия ата-анаға баламен қалай жұмыс істеу керектігін үйретеді, - деді.

"Жайлы мектеп" жобасы, мұғалімдерді аттестаттау жүйесі, білім сапасын арттыру жайлы жасалып жатқан жұмыстармен таныстырған еліміздің бас мұғалімі ұстаздар замана көшінен қалмай цифрлы оқулықтарды көбірек пайдалану керектігін алға тартты.

Әрі қарай Сарқан ауданына сапарын жалғастырған Ғани Бейсембаев Абай атындағы мектеп-гимназияда өңір мұғалімдерімен кездесті. 

Жиында педагог-психологтардың жүктемесін азайту туралы сауалға Ғани Бектайұлы психологтардың айлығы көтерілгенін, министрлік тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мектептегі бірінші басшыларды ротациялау туралы айтқан ол болашақта бұл мәселе басқаша қарастырылатынын, 7 жыл директор болған адамды антикормен тексеру керектігін мәлімдеді.

- Жуық арада бүкіл мектеп директорлары тексеріліп, талдау жүргізіледі. Біздің қатарымызда ұстаздық қызметке дақ түсіретін адамдар жұмыс істемеуі керек. Ұстаз деген ұлы да қасиетті атқа ешкім де көлеңке түсірмеуі қажет. Қоғамдағы болып жатқан келеңсіз жайтқа мұғалімдер, біз, жауаптымыз. Айлық көтерілді, бірақ біз оған саймыз ба? Қайда кетіп бара жатырмыз? Егер директор мұғалімді қамқорлыққа алмаса, мұғалім мен мұғалім сағат үшін таласса не болады? Бізге атына адал таза мұғалімдерді ұлықтайтын қоғам құру керек, - деді

Жақсылық Жомартұлы
Суреттерді түсірген Дмитрий Ерофеев