Сарқанда әкелер форумы өтті

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 860
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сарқан аудандық Мәдениет үйінде «Отбасы – ұлт тірегі» атты әкелер форумы өтті. Жиын Сарқан халық театры ұжымының сахналық көрінісімен басталды. Әке мен бала арасындағы байланыс, қазіргі әкелердің отбасының тәлім-тәрбиесіне ортақтаса алмай сырт қалуы қойылымда сәтті көрініс тауып, жиналғандардың жанарына жас үйірді.

Отбасындағы әкенің орны мен ұрпағына тәлім-тәрбие берудің маңыздылығын түсіндіру мақсатында өткен жиынға ауданның Құрметті азаматтары,  жас отбасылар, әжелер, аға буын өкілдері, мекеме-кәсіпорын басшылары, орта мектептердің педагог-психологтары, оқушылары мен колледж студенттері қатысты. 
Шараның басында аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков отбасындағы қазақы құндылық, береке-бірлік, әулеттің өсіп-өнуі және оның ұрпақ тәрбиесіндегі ерекшелігі қоғамның өркендеуіне ықпал ететінін, бала тәрбиесінде әкенің рөлі қашанда ерекше екенін айтты.

Әр отбасындағы әкенің рөлі ерекше. Ол отбасының асыраушысы, тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі, баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Бұл құндылықтар ескерілген шарада жарыссөзге шыққан Ақын Сара атындағы орта мектептің педагог-психологы Айжан Мұратбекқызы, жас әкелердің атынан Бауыржан Жантасов, Н. Островский атындағы мектеп-лицейінің ата-аналар комитетінің төрағасы Жолдыбай Молдабеков, Сарқан ауданының Құрметті азаматы Болат Рахметқалиев талқыланып отырған мәселенің өзектілігі, маңыздылығы жайлы өз пікірін ортаға салды. 

Жиын барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алмас Байғонысов әке ұрпағы үлгі-өнеге алатын, бой түзейтін қамқоршысы екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан түрлі бұйымдардан көрме қойылып, жиылған қонақтардың назарына ұсынылды.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы