Шағын ауылдың шырағы

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1401
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Балқаш ауданындағы Бояулы ауылы бір қарағанда қарапайым ғана көрінеді. 2009 жылы жүргізілген санақ мәліметтері бойынша аталмыш елді мекенде 161 адам тұрыпты. Ал бүгінде отыздан аса отбасы бар. Тұрғындар санының аздығына қарамастан бұл жер қазір үлгілі елді мекендердің қатарында.

Жұртшылықтың айтуынша, Бояулыға қонақтар жиі келетін көрінеді. Жолдары жөнделіп, тұрғын үйге қажет жағдайдың бәрі жасалған. Мектеп, спорт алаңы, медресе мен мешіт те салыныпты. Айта кетейік, осыдан он бес жыл бұрын тұрғындардың жаппай қоныс аударуына байланысты Бояулы бос қалған ауылға айналып бара жатқан еді. Сол себепті Молдақасымовтар отбасы туған жердің болашағына алаңдап, «Туған жерге туың тік» жобасы аясында ауылдастарға көмектесуді қолға алды. Нәтижесі жаман болған жоқ. Оған бояулылықтар тұрмысының өзгеріп, гүлденіп, әл-ауқатының арта түскені дәлел. Осылайша, кәсіпкер туған ауылын қамқорлыққа алып, өсіп-өркендеуіне қомақты қаражат жұмсады. 
Азамат Молдақасымов «ABM Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлар кеңесін басқарады. Компаниялар тобы Қазақстанның энергетикалық секторының жобаларын жүзеге асырумен айналысып келеді. Қайырымды жанның жақсылығын ауылдастары да үнемі айтып отырады. Жөнделген жолдың екі жағына электр жарығы тартылған. Бірнеше жыл бұрын ауылдағы барлық кабель мен желілер, бағандар жаңартылған еді. Сондықтан болар, ауылда қазір электр жарығы сөнбейді, үнемі жарқырап тұрады. 
– Азамат барлық электр бағанын жаңартты. Бұрындары жарық жиі сөнетін. Техникалық құрылғыларды қосуға қорқатынбыз. Енді көңіліміз тынышталып, алаңсыз теледидар көруге мүмкіндік алдық. Ауылдағы ағайынның Азамат пен оның отбасына айтар алғысы шексіз. Тіпті біздің ауылға көшіп келіп, үй салып жатқандар да бар. Осыдан он, он бес жыл бұрын бұл жайлы ойлау тіпті мүмкін емес еді. Бір сөзбен айтқанда, ауыл қайта түлеп, ажарланды. Жаңарды, гүлденді. Көріп отырғандарыңыздай, кәсіпкер бір ауылды өз қамқорлығына алып отыр. Осы аймақтың дамуына жыл сайын қаражат құяды. Мұның бәрін де қайтарымсыз, тегін, жақсы ниетімен атқарып келеді. Бір Азаматтың арқасында ауылдағы барлық мәселе оң шешімін тауып келеді, – дейді ауыл тұрғыны Мейірхан Таңсықбаев. 
Кәсіпкер ауылдағы тағы бір маңызды мәселені шешкен. Жеті, сегіз жыл бұрын су мұнарасын салып, барлық үйге қажет коммуникация жүргізіпті. Әр үйде ыстық және суық су, дәретхана, жуынатын бөлме бар. Бүгінде су тартатын колонканы ешкім пайдаланбайды. Шаңырақ иесі Қайрат Уатаев жуынатын бөлмедегі санитарлық торапты көрсетіп, көрген жұрттың таңданыстарын жасырмайтынын әңгімеледі. 
Тағы бірде ол: «Мен бастауыш мектепте күзетшімін. Екі ұлым, бір қызым өсіп келеді. Азамат Балтағұлұлын әрдайым үлгі етемін. Қайда болсаңдар да жақындарыңа көмектесіңдер деп айтып отырамын. Біз жақсылық жасауды тоқтатпауымыз керек. Көпшілік бұл өмірде өзіңді ұмытса да  игі ісің мен жақсылығыңды естен шығармайды», – деген болатын. 
Бұл ауылда өскелең ұрпақтың игілігі үшін де жақсы істер атқарылған. Кәсіпкер өз қаражатына бастауыш мектептің ғимаратын жөндеп, материалдық-техникалық базасын жаңартып беріпті. «Мектепте спорт залы, оқу кабинеті, мұғалімдер бөлмесі мен медициналық кабинет бар. Бізде бастауыш сыныптың екі мұғалімі жұмыс істейді, онда тоғыз бала білім алады. Ал жоғары сынып оқушылары көрші ауылдағы мектепке қатынайды. Олар автобуспен барып келеді. Азаматтың қолдауымен бастауыш мектепке кешенді жөндеу жұмысы жүргізілді. Қажетті жиһаз бен жабдық алынды», – дейді мектеп ұстазы Жанар Бектұрғанова. 
Ауылда футбол алаңы да бар. Ардагер Байділдә Нарбаев атындағы көшеде мешіт пен медресе салынған. Мешітке келушілердің қатары көп, әсіресе жұма күні. Мейірхан Таңсықбаев ауыл тұрғындарының дінге берік екенін, сол себепті мерекелік шаралар мен жиын-тойлардың арақ-шарапсыз өтетінін айтады. 2015 жылдың мамыр айында ашылған медреседе жыл сайын отыз жас білім алады. Діни ғимаратта екі оқу сыныбы, оқу залы, асхана мен жатақхана орналасқан. Кітапхана қоры бай. Онда он екі мыңнан астам кітап бар. 
Бұрындары ауылда дүкен де болмапты. Сол себепті тұрғындар он шақырым жердегі Бақанасқа қатынаған екен. Кәсіпкер бірнеше жыл бұрын бұл мәселеге де көңіл бөлді. Нәтижесінде арнайы орын салып, ауыл тұрғындарына тегін беріп, саудамен айналысуға жағдай жасапты. 
Ауыл тұрғындары болашақта тұрғын үй мен саябақтың жоспарда бар екенін де тілге тиек етті. Азамат бұл іспен тоқтап қалмайды. Кәсіпкердің бастамасы мен игі ісі нағыз рухани жаңғыру, туған жерге деген құрмет екені анық. Азамат Молдақасымов  ұлтын сүйетінін, туған жерін қадірлейтінін ісімен дәлелдей отырып, дәстүр мен ұрпақ сабақтастығын лайықты жалғастырып келеді. Осының бәрі ауылдың гүлденіп, жұртшылықтың әл-ауқатының артуы бағытында жасалып жатқан жақсылықтар екені даусыз.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.

Балқаш ауданы.