Шеберлік сыныбы ашылды

Уақыты: 15.01.2018
Оқылды: 1115
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өңірлік коммуникациялар алаңындағы жайдарман жаңалық тек тілшілік қызметке құмартқан білімгерлерді ғана шаттандырмай, журналистік жолға түскісі келетін оқушылардың ата-аналарын да қуантты. Кезекті жиында облыстық журналистер үйінің ішінен ашылған “Workshop” жас журналистерге арналған шеберлік сыныбы тілге тиек етіліп, оқу шеберханасының мақсат, міндеті айтылды.

Брифинг барысында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің проректоры Мұхтар Төлеген мен оқу орнындағы жастар саясаты және әлеуметтік мәселелерге жауапты Болат Сериев шеберхана жайында баяндады. Жас тілшілердің біліктілігін шыңдап, талантын тереңдете түсетін шығармашылық ортаның ашылуына үлес қосқан облыстық ішкі саясат басқармасы мен өңірлік коммуникация қызметкерлері. Олардың бұл шешімді қабылдауына білімгерлердің теория мен тәжірибені ұштастырып, журналистік шеберлікті меңгеруді тілек еткендері түрткі болған. Міне, осынау міндетті алға қоя отырып Жетісу мемлекеттік университетімен толық мәмілеге келіп, Журналистер үйінің бірінші қабатынан оқу шеберханасы құрылған. Бұл жастар үшін үлкен қуаныш, асқан мүмкіндік. Бір ерекшелігі, оқу шеберханасында тек білімгерлер  ғана емес, журналист болуды арман еткен оқушылар да, басқа мамандыққа оқуға түсіп, тілші болғысы келетіндер де білімін толықтыра алады. 
Бұл заман ағымына қарай  ерекше форматтағы шығармашылық орта. Ал сабақ әзірше аптасына екі рет өткізіледі деп жоспарланған. Жас тілшілер тәжірибесін толықтыру үшін Журналистер үйіндегі барша БАҚ-пен байланыс жасай алады. Сондай-ақ, оқытушылар құрамы Жетісу журналистикасының алғы шебінде жүрген майталмандардан басталып, сол жолда қызмет атқаратын мамандардан болмақ. Оқу барысында өткір де өзекті мәселелер талқыланып, қоғамның кез келген қағидасын қабылдай алатын журналистер тәрбиеленбек. Брифинг соңында университет басшылығы мен өңірлік коммуникация өкілдері ортақ келісімге қол қойып, шеберлік сыныбының қадамына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, қатысушылар тілшілік  шеберханасына бөлінген кабинетті аралап, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахымның  дәрісін тыңдады. Жаңа ашылған шеберлік сыныбындағы алғашқы ұстаз атанған Нүсіпбай Додабайұлы білімгерлерге журналистік қызметтің жауапкершілігін түсіндіріп, тілшілікке деген қызығушылықтарын арттырды.

Ай-НИСА.