Белсенділік танытты

Уақыты: 18.01.2018
Оқылды: 1298
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жастар ауылының тұрғындарымен болған кездесуде Н. Алдабергенов ауылдық округінің әкімі Төлеген Мүсәпіров 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Соның ішінде Жастар ауылында атқарылған істер жайына тоқталды.

– Ауыл әкімдері әр жылдың бірінші айында есеп береді. Бұл шара ауыл әкімдерінің сайлауы өткеннен кейін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың қисынды жалғасы саналады, – деп есептік кездесудің маңыздылығына тоқталған ауылдық округ әкімі атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды. – Н. Алдабергенов ауылдық округінде үш елді мекен бар. Биылғы қаңтар айында ауылдық округ бойынша тұрғын үй саны 1095-ке, адам саны 5 мың 300-ге тең екені анықталды. 13 ұлт өкілінің басын қосқан ауылдық округ тұрғындары былтыр Елбасы            Н. Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын басшылыққа ала отырып еңбек етті. Кездесуде өткен жыл қорытындыланып, биылғы жылдың негізгі міндеттері белгіленбекші.
Елбасымыз Н. Назарбаев облысқа іссапармен келгенде қант қызылшасының түсімін арттыруға үлкен көңіл бөліп, өңір диқандарына егістік көлемін ұлғайту керектігін ескерткені баршаға аян. Соған байланысты      округімізде 144 гектар жерге қант қызылшасы егіліп, әр гектарынан 356 центнерден өнім алынды. Соның арқасында Көксу қант зауытына 5126 тонна қант қызылшасы өткізілді. Биыл алдын ала болжам бойынша 350 гектар жерге қант қызылшасы егілмекші. Шаруа қожалықтары ұжымдарының қант қызылшасының тиімді екеніне көздері жетті. Мал шаруашылығы бойынша бүгінгі күні ауылдық округте 2 мың 580 бас ірі қара, 4 мың 753 бас қой мен ешкі, 976 бас жылқы, 40 бас түйе, 4 мың 118 бас құс бар. Сүйсінерлігі сол, алдыңғы жылмен салыстырғанда ірі қара саны 323 басқа, жылқы 137 басқа өскен.
Биыл ауылшаруашылығын қолдау үшін Үкімет тарапынан егін шаруашылығына 46 151 804 теңге, мал шаруашылығына 3 000 000 теңге субсидия берілсе, 240 тонна арзандатылған жанармай бөлініп отыр. Бұл ауылшаруашылығына деген үлкен көмек.
– «Жастар» ауылындағы Көксу ауылшаруашылық колледжінде атқарылып жатқан барлық оқу және тәрбие жұмыстары білім беру стандарттарына сәйкес құрылғандықтан оқу-тәрбие жұмыстары жоспар бойынша өткізіліп тұрады. 2016–2017 оқу жылы күндізгі оқу бөлімінде 484, сырттай оқу бөлімінде 97 студент оқыды. Былтыр 91 студент диплом алып, маман болып шыққан колледжде 71 оқытушы және 3 өндірістік оқыту шеберлері жұмыс істейді. Облыс бойынша колледждер арасында өткен IV спартакиадада ауыл волейболшыларының командасы чемпион атанды.
Былтыр шілде айында ауыл әкімдерінің сайлауы өткені белгілі. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндіктер берілді. Жергілікті жерде өз проблемаларымызды өзіміз шешуіміз керек, – деген Төлеген Аппақұлының есебіне байланысты жарыссөзге ауылдың байырғы тұрғыны, зейнеткер Сағи Жүнісов шығып, ауылдағы стадионды қалпына келтіру жайлы ұсыныс білдірді. Одан бөлек, орталау мектептің мұғалімі Ботагөз Ниетжанова мектепті күрделі жөндеуге қаржы қарастыру туралы пікірін ортаға салса, ауылдық округтің бас маманы Сәуле Нұрқатова көшелердің аттары жаңартылуына байланысты әрбір үйдің нөмір таңбаларын ауыстыру тәртібімен таныстырып өтті. Жиынға қатысқан Ескелді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асхат Бейісбаев есептік жиналыстың өтуіне қатысты пікір білдірді.
Осылайша, қатысушылардың ойлары бір арнаға тоғысып, ауылдың ажарын айшықтауға, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты ұсыныстар қабылданды. Жерлестері ауыл әкімінің былтыр атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Шора БАТЫРБАЕВ
Ескелді ауданы