Тыныс алу аппаратын тарту етті

Уақыты: 18.01.2018
Оқылды: 1605
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында былтырғы жұмыстар қорытындыланып, биылғы жоспар таныстырылды. Қала әкімі Бағдат ҚАРАСАЕВ жетекшілік еткен жиын соңы шапағатты шараға айналды. ӨЙТКЕНІ АУРУХАНА ЕМДЕЛУШІЛЕРІНЕ тыныс алу аппараты тарту етілді.

Жиында қала әкімінің орынбасары Марлен КӨЛБАЕВ ел денсаулығын нығайту басты міндет екендігін жеткізіп, былтырғы жұмыс жайында айтып өтті. Бүгінде облыс орталығында 950 дәрігер қызмет етеді. Оның 30 пайызы зейнеттегі және зейнет жасына жақындағандар.  Марлен Қапашұлының айтуынша, қаладағы денсаулық сақтау мекемелері жыл сайын жас мамандармен толығып отырады. Сонда да шаһарымызда дәрігерлер тапшы. Яғни, білімі мен білігі жоғары 78 ақ желеңді жандар керек. Жыл сайын қаншама жас маман оқу бітіріп, жұмысқа тұруға талпынысы болса да жағдай мәселесіне орай жұмысын жалғастыра алмайтын көрінеді. Дәрігерлік жолда жүруге ниеттілер ең алдымен үймен қамту мәселесін қозғайды. Бағдат Әбілмәжінұлы аталмыш жағдайды өз назарына алатынын айтып,  жас мамандарға арналған арнайы жатақхана салу ұсынысын талқылады. 
Жиын барысында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысы Бауыржан Ысқақ медицина саласының бүгінде тым тез әрі қуатты дамып жатқандығын жеткізді. Күн сайын аппараттардың түр-түрі шығып жатқан кезде заман ағымына бейімделу керектігін тілге тиек етіп, еліміздегі медицинаның ауқымы кеңейгенін айтып өтті. Өз кезегінде баяндама жасаған  қалалық көпсалалы аурухана басшысы Сәуле Құсмолданова биылғы басты жаңалықты жеткізді. Ол – көзді лазерь сәулесімен емдеу. Білікті мамандардың көмегімен бір ғана жылда 50-ден астам ота жасалған. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті көбейту көзделуде. 
Шара соңында бала денсаулығын басты орынға қойған Болат Өтемұратов атындағы қайырымдылық қоры қуанышты жаңалық жеткізді. Облысымызда әр жыл сайын алты мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Оның ішінде шала туғандардың көптігі де жасырын емес. Осыған орай қайырымдылық қоры көпсалалы ауруханаға құны 27,1 млн. теңге тұратын озық үлгідегі тыныс алу аппаратын тарту етті. Бала денсаулығын нығайту жолында жанын салып жүрген қор басшысы Марат Айтмағамбетов құрылғыға қажетті қаражат тамызда Бурабайда өткен қайырымдылық велошеруінен жиналғанын айтты.
Жасанды тыныс алу аппаратын табыс еткен қор мүшелері мен қала басшылығы естелік суретке түсіп, жиын шымылдығын жақсы көңіл-күймен жапты.

Құралбек Сәбитов