Оңалту – МӘМС жүйесінің тағы бір маңызды артықшылығы. Жүйені енгізумен әр пациент жедел жағдайлардан, жарақаттардан, хирургиялық араласулардан кейін МӘМС аясында қалпына келтіру емінің бірнеше кезеңін тегін алу мүмкіндігіне ие болды.
Талдықорған қаласындағы «Мейірім» оңалту орталығы екі жыл ішінде жоғары білікті мамандар мен заманауи жабдықтар арқасында жүздеген адамды аяққа тұрғызып, қалыпты өмір салтына оралуға көмектесті. Орталық көмегіне Жетісу облысынан ғана емес, жақын маңдағы өңірлерден де науқастар жүгінеді.
Олардың бірі Алматы қаласының тұрғыны Гүлжан Мұхамадиева. Омыртқаға жасалған күрделі отадан кейін қимыл- қозғалысы шектелген қалпында орталыққа келіп, екі апта ішінде дәрігерлердің күшімен аяғына тұрып, өзі-өзіне қызмет көрсету дағдыларын қалпына келтірді.
– Мен мойын омыртқасындағы ісікті жою үшін күрделі операция жасаттым. Ісік жүйке жүйесіне әсер етіп, салдарынан аяқ-қолым қозғалмай қалды. Мен толығымен қозғалыссыз қалдым. Осылайша «Мейірім» оңалту орталығына жүгіндім. Мұндағы мамандар маған өзіме келуге көмектесті, енді мен қолдарымды, аяқтарымды қозғалта аламын. Нұсқаушылардың көмегімен алғашқы қадамдарымды да жасап жүрмін, – дейді ол.
Гүлжан Мұхамадиева осындай нәтижеге екі аптаның ішінде қол жеткізді. Дәрігердің айтуынша, одан әрі емдеу әдістері қозғалыс белсенділігін, әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларды толық қалпына келтіруге және өз-өзіне қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.
– Тетрапарезбен ауыратын науқастарды оңалту кезінде біз бұлшық ет гипертонусын, түбірлік ауырсынуды азайту әдістерін қолданамыз. Бұл физиотерапиялық процедуралар, аяқ-қолдар мен омыртқа аумағына массаж жасау, кинезотерапия және басқа да әлемдік стандарттағы жабдықтар арқылы бұлшық еттерді дамыту. Барлық оңалту емі емхананың жолдамасы бойынша МӘМС аясында жүргізіледі, – деді невролог-реабилитолог Айбек Әбділдинов.
«Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қоры» КЕАҚ Жетісу облысы
бойынша филиалы