ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ИНТЕРНЕТ САПАСЫН ЖАҚСАРТУДЫ ТАПСЫРДЫ

Уақыты: 18.06.2024
Оқылды: 240
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Премьер-Министр Олжас Бектенов халықты сапалы байланыспен қамтамасыз ету мәселесі Үкімет алдына қойылған стратегиялық маңызы бар міндет екенін атап өтті. Оны шешу үшін өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Барлық іс-шараларды орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100%-ға жетеді.


 

«Тұрғындар жылдамдығы 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі керек. Байланыстың бұл түрі адамдардың сөйлесу немесе ақпарат алу мүмкіндігі ғана емес. Бұл сондай-ақ жаңа сервистер, мемлекеттік және қаржылық қызметтер ұсыну, жаңа бизнес түрлерінің қалыптасуы болып саналады.
Сондықтан байланыс қызметтерінің көлемін арттыру экономикалық өсудің маңызды аспектілерінің бірі екені белгілі. Егер көрсетілетін қызметтер мен сервистерге онлайн әрі жылдам қол жеткізу болмаса, технологиялық жағынан ең озық жобалардың өзінен мемлекет қажетті әсер ала алмайды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.


Бұл ретте Премьер-Министр халықтың интернет пен ұялы байланыс сапасына қатысты шағымдарына назар аударды. Тек өткен жылдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түсіп, биылғы жылғы 5 айда мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтаған. 
 
Мәселе тек шалғай елді мекендерде интернеттің нашар болуында ғана емес. Қалаларда да мобильді байланыс пен интернет сигналының көңілден шықпауы байқалады. Премьер-Министр бұл мәселені жедел шешуді және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңартуды тапсырды.