БАСПАНАМЕН ҚАМТИТЫН БАСТАМА

Уақыты: 28.03.2018
Оқылды: 1004
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазір қол жеткен табыстарға тоқмейілсіп қарап отыратын уақыт емес. Тәуелсіз Қазақстан әлем мойындаған қуатты елге айналуы керек. Ол үшін халықтың әл-ауқаты жоғары болуы тиіс. Елбасы осы мақсатты көздей отырып, бес әлеуметтік бастамасын ұсынды. 

Онда әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру мәселелері айтылған.
– Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет, – деген Н. Назарбаев бірінші бастамасында «7 – 20 – 25» деген бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарлама миллиондаған қазақстандықтың баспаналы болуына үлкен мүмкіндік туғызады деген сенім бар. Мәселен, несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14–16 емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 пайызына дейін, кейде тіпті 50 пайызын салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 пайыздан аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10–15 емес, 25 жылға дейін ұзартылды. Міне, мемлекет алдағы жақын күндері осындай түбегейлі әрі нақты шараларды қолға алатын болады.
  Біз ел болашағы жастар үшін еңбек етіп, тер төктік. Қазір заман басқа дегенмен, ел де, жұрт та, бүгінгі жастар да өзіміздікі. Мен халқымның, оның ішінде қаракөз жастарымның «өз үйім – өлең төсегім» деп мақтанып, марқаятындай тұрақты өз баспанасы болуын тілеймін. Сондықтан баршаның, әлеуметтің игілігіне арналған ұтымды  жобаларды қолдауға шақырамын.

 Рая Идралиева,
«Алматы облыстық жергiлiктi кәсiби агроөндiрiстiк кешенi
 және мемлекеттiк мекемелер
қызметкерлерiнiң одағы»
қоғамдық бiрлестiгi 
төрағасының орынбасары