Сандық технология – уақыт талабы

Уақыты: 30.03.2018
Оқылды: 7385
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ХХІ ғасыр – сандық технологиялар заманы. Ақпараттық технологиялар қарыштап, озық инновацияның дәуірі келді. Еліміздің озық отыз елдің қатарына енуі үшін де сандық технологияны дамыту ауадай қажет. Осы орайда халықтың сауатын ашу өте маңызды. Елбасы Н. Назарбаев: «Ғаламторға телмірген заманда ІТ технологияны мемлекет барынша қолдап, қарапайым халыққа ілгері дамыған бағдарламаларды үйрету қажет», – деген болатын. 

Өткен жылы интернет жылдамдығын көтеруге 392,5 млн. теңге нысаналы трансферт бөлінді. Жоғары жылдамдықты 4-10 Мбит/с интернет желісіне кабельдік жүйе арқылы 271 мектеп, спутник арқылы 340 мектеп қосылды.
Келешекте ел дамуының негізгі факторлары да осы саламен байланысты болмақ. Қазір экономиканың дамуын сандық технологияларсыз елестету мүмкін емес.  Сондықтан цифрландыру бойынша елімізде пилоттық жобалар жүзеге асуда. 
Осы орайда  білім беру саласының алар орны зор.
Оны дамыту – заман талабы. Бүгінде білім саласындағы басты бағыттардың бірі – ақпараттық технологияларды игеру және оларды дамыту болып табылады. Қазіргі таңда облыс мектептері бойынша 326 химия, 295 биология, 353 физика, 392 лингафонды-мультимедиялық, 1523 әмбебап-интерактивті кабинеттер жабдықталған. Облыстың 628 мектебінде 2801 интерактивті тақта орнатылған. Сонымен қатар робототехника кабинеттері енгізілуде. 
Цифрландырудың тетігі де білім ордаларында қалыптаса бастады. Мәселен, мектептер 100 пайызға телефондандырылып, интернет желісіне толығымен қосылды. «Электрондық журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі» пилоттық жобасына да жүйелі  жүзеге асырылуда.
Бұл жүйе ұстаз, оқушы және ата-ана байланысын арттыра түсті. Электронды күнделік арқылы ата-аналар баласының бағасын, үй тапсырмаларын қадағалауға мүмкіндік алды. 
2018 жылдың 15 наурызына дейін бұл жүйеге 427 мектеп қосылған, 381473 қолданушы тіркелген. Оқу жылының аяғына дейін тағы 297 орта мектепті электронды журналға қосып, 100  пайызға жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Bilimland» білім беру платформасына барлық білім беру ұйымы қосылған. Бұл жүйе бойынша мұғалімдер мен оқушылар күнделікті сабаққа қажетті ақпаратты тегін оқып, қажетін өзіне жүктеп ала алады.
Былтыр облыстағы мектептерді сапалық сандық білім беру контентіне 189,9 млн. теңге нысаналы трансферт бөлінді. 238 оқу ошағы «онлайн» режимде және 499 мектеп «офлайн» режимде білім беру контентімен қамтамасыз етілді.
Алдағы уақытта білім беру саласы бойынша цифрландырудың пилоттық жобасы облысымызда жүзеге асатын болады. Мұндай жобалар қатарында «Электронды мектеп», Алматы облысының инновациялық экожүйесі, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына электронды кезекке тұру, T-HUNTER, 1-сыныпқа арналған электронды жазбаны айтуға болады.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да цифрландыру мәселесіне айрықша мән берілген. Жолдауға сәйкес, білім беру ісінде барлық жастағы азаматтарды қамтитын озық бағдарламамызды құруымыз керек. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін жаңа оқу бағдарламалары құрылады. Сонымен қоса, орта білім беруді жаңа мазмұнға көшіру үрдісі де кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
«Цифрлық Қазақстан» құру жолындағы игі бастаманы баршамыз қолдап, еліміздің қарыштап алға жылжуына, білімнің дамуына үлес қоссақ, нұр үстіне нұр болмақ. 

Дәурен ЖҮНІСОВ,
облыстық білім басқармасының басшысы