Жастарға сенім артылды

Уақыты: 31.03.2018
Оқылды: 1484
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі ең өзекті деген мәселелерді шешуге тың серпін бергені анық. Бұл орайда тарихи жазбаны елге түсіндіріп, жеткізу мақсатында халық қалаулылары елімен емен- жарқын кездесіп, жаһандану жолына сай жасалған тың қадамды жұртшылыққа кең ауқымда әңгімелеп беруде. Аталған игі шараның заңды жалғасы ретінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Асылбек Смағұлов пен Ольга Шишигинаның облысымызға арнайы келіп, халықпен жүздескенін атап өтуге болады.

Халық қалаулылары алдымен Ескелді ауданы, Қаратал ауылындағы «Қаратал Каскад» су электр стансысына ат басын бұрды. Онда СЭС каскадының машина залы мен оператор залын аралап, стансылар мен олардағы гидроқұрылғылардың орналасу жағдайымен, қызметкерлердің жұмыс жағдайымен танысты.  Айталық, каскад Қаратал өзеніндегі жалпы қуаты 12 МВт құрайтын 3 су электр стансысынан тұрса, мұнда жалпы саны 55 адамнан тұратын қызметкерлер еңбек етуде. 
Мәжіліс депутаттары су электр стансысының қызметкерлерімен болған кездесуде Елбасының Үндеуі жайлы кеңінен баяндай келе әрбір адам өз қызметіне адал болу керектігін атап өтті. Сонымен қатар Президенттің салиқалы саясатының арқасында еліміз дамыған мемлекеттермен иық тірестіріп, әлем назарын өзіне қаратқанын ерекше толғап, бұл жолда әрбір қазақстандық еңбегімен танылу керектігін, Отанға ақ адал ісімен үлес қосу керектігін жеткізді. Сонымен қатар СЭС қызметкерлерінің талап-тілектерін тыңдап, олардың жұмысына табыс тіледі.
Одан кейін халық қалаулылары Ескелді ауданындағы Көксу ауылшаруашылық колледжінде студенттермен кездесті. Әсерлі отырыста сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асылбек Айжарықұлы:
– Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық шежіресінде біз көп нәтижеге қол жеткізіп, өз қуатымыз бен білім-біліктілігімізді әлемге мойындаттық. Бүгінгідей жаһандану кезеңінде сана сергек, қадам нық болу үшін қоғамда орын алып жатқан жайттар мен өзгерістерден хабардар болу әрбір азамат үшін басты міндет. Сол үшін де сіздерді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес  әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуімен таныс деп білемін, – дей келе әрбір бастаманың маңыздылығына тоқталып, оларды ерекше атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жеңіл атлетикадан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина:
– Жастар – ұлт болашағы. Сондықтан сіздер рухани сауатты болуларыңыз керек. Елбасының бес бастамадан тұратын Үндеуінің бірі – білім жүйесіне қатысты. 54 мың грантқа 2018-2019 оқу жылында тағы да 20 мың грант бөліну деген сіздер үшін, талапкер буын үшін үлкен мүмкіндік, жасалынған жақсы жағдай. Сондықтан да ел мен Елбасы сенім артқан сіздер білімге ынталы болып, келешекте мемлекет үшін қызмет етер тұлға болып қалыптасуларыңыз керек, – деп Үндеуді түсіндіріп әрі жастарға сенім мен үміт арта сөзін аяқтады. 
Ал өз кезегінде Мәжіліс депутаттарының арнайы келгеніне риза екенін жеткізген Көксу ауылшаруашылық колледжінің директоры Мәлік Қарасаев оқу орнының базасын, оның заманауи техникамен жабдықталғанын, жатақхана мен оқу ғимаратының күрделі жөндеуден өткенін жеткізе келе әлеуметтік мәселеге байланысты талап-тілектің жоқ екенін атап өтті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ