Қоғамның қай саласы, қай сатысында қызмет етсе де адам ең алдымен өзіне артылған сенім жүгін абыроймен арқалай білуі қажет. Саланың дамуы, жоспарлы міндеттің сапалы атқарылуы ең алдымен, елдік мүддеге лайықталуы өзекті тақырып. Нысанның көптеп салынуы емес, сапалы болуы маңызды. Алдағы уақытта әрбір нысанды бастар сәтте облыс әкімі осылай айтып еді деген сөз ойларыңызда тұрсын.
Лебізі мен сала мамандарына айтқан уәжін осылай деп айшықтаған облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ бірқатар құрылысшыны марапаттады.
Облыстық әкімдікте өткен салтанатты жиында Құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес алдыңғы қатарлы құрылыс мекемелерінің мамандарына берілген марапат табысталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деген еді. Осы орайда құрылысшы мамандардың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Сіздер қыстың аязына, жаздың ыстығына қарамай, уақытпен санаспай, халыққа баспана, мектеп, аурухана сияқты маңызды нысандар салып, елдің әлеуметтік жағдай- ын жақсартуға, ауылдар мен қалаларды көркейтуге үлес қосып келесіздер. Сол үшін баршаңызға алғысымды білдіремін, – деген Бейбіт Өксікбайұлы өз кезегінде облыста 65 құрылыс компаниясы жұмыс жасайтынын, оның 44-і өңірімізге тиесілі мекемелер екенін атап өтті. Ізгі тілегінің соңын: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әрдайым халықтың алғысына бөлене беріңіздер», – деп тұжырымдаған аймақ басшысы өз кезегінде Президент Жарлығымен «Құрмет», ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленген мамандарды марапаттады.
Атап айтсақ, «СП «NEFT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске бастығы Амантай Испулаев пен «АРЛАН-жоба құрылыс» ЖШС-нің инженер - сметашысы Гүлнар Құлмағамбетова «Құрмет» орденімен, «Нұр-шапағат-құрылыс» ЖШС-нің дәнекерлеушісі Бауыржан Құрманбаев, «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС-нің 5 разрядты дәнекерлеушісі Қалдыбай Ниятдинов, ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен марапатталды. Ал, «Global Construction kz», «Шымыр», «АСК Ауыл құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өндірістік-техникалық база бөлімінің басшылары мен учаске бастықтары Келіс Әбішев, Руслан Кемелбеков, Құрманжан Мәметовтер «Ерен еңбегі үшін» медалін тағынды.
Салтанатты жиын барысында сөз алған «Global Construction kz» ЖШС өндірістік-техникалық база бөлімінің басшысы Келіс Әбішев:
– Әр адам өз мамандығын жақсы көруі тиіс. Сонда ғана жұмысы нәтижелі, атқарған ісі жемісті болады. Осы орайда бүгін ел Президентінің Жарлығымен бекітіліп, сіздің қолыңыздан алып отырған марапат еселі еңбегіміздің лайықты бағасы деп білемін. Сондықтан Мемлекет басшысына, облыс әкімі, өзіңізге айрықша алғысымды білдіремін дей келе, барша құрылысшыны кәсіби мерекесімен құттықтады.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ