Ұрпаққа ұлағат

Уақыты: 09.04.2018
Оқылды: 1605
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Шонжы ауылында «Батыр  бабаларымызды  ұлықтау  парыз»  деген  тақырыпта  ғылыми  конференция өтті. Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған бұл  шараға  облыстық,  аудандық, мәслихат  депутаттары,  қоғамдық  ұйымдардың  өкілдері,  Қоғамдық кеңес мүшелері, округ  әкімдерінің жауапты мамандары, білім  беру саласының  қызметкерлері  қатысты.

Алқалы  басқосуды  аудан  әкімінің  орынбасары  Дәулетжан Деменбаев    жүргізді. Конференцияда  алғашқы  сөз  Ұйғыр  ауданының  әкімі  Шұхрат  Нұрахуновқа  ұсынылды. 
– Елбасымыз  өзінің  «Болашаққа  бағдар: рухани  жаңғыру»  атты  мақаласында  «Біздің  бабаларымыз ғасырлар  бойы ұшқан құстың  қанаты  талып, жүгірген  аңның  тұяғы  тозатын ұлан-ғайыр  аумақты ғана  қорғаған  жоқ. Олар  ұлттың  болашағын, келер  ұрпағын, бізді  қорғады. Сан тараптан  сұқтанған жат  жұртқа Атамекеннің қарыс  қадамын да  бермей, ұрпағына  мирас  етті» дей  келе, әрбір  өлкенің халқына  суықта  пана, ыстықта  сая болған, есімдері  ел  есінде  сақталған біртуар  перзенттерін жас  ұрпаққа  таныту қажеттігін  атап өткен  болатын, – деп  Елбасы  ойымен  сабақтас  кездесудің маңызын  жұртқа  жіліктеп  жеткізді. 
Бұдан  соң  басқосу  жұмысы ғылыми  конференцияның негізгі арнасына  бағытталды. Рухани  жаңғыру аясындағы «Туған  жер» бағдарламасының мәні мен маңызы» деген тақырыпта Ш.  Уәлиханов атындағы Тарих және  этнология институты директорының қоғаммен  байланыс жөніндегі  орынбасары  Әуезхан  Шашаев баяндама жасады. Сондай-ақ, жазушы  Ораз  Қауғабай, тарих  ғылымының  кандидаты Шамек Тілеубаев,       Ш. Уәлиханов  атындағы Тарих  және  этнология  институтының докторанты  Рашид Оразов өз ойларын ортаға салды. Баяндамаларға  қазақ  жеріндегі  қалмақ  отарлаушылары  заманынан  қалған  жер-су  атауларын өзгерту  мәселелері  негізгі  арқау  болды. Мысалы,  Ұйғыр  ауданының  орталығы  болып  тұрған  Шонжы  атауы  қазақ  биі,  батыры  Әлмерекпен  жекпе-жекте  өлген  қалмақ  батыры  Шонжының  есімімен  байланысты. Сол  заманда  «Шонжы  өлген»  деп  аталған жер  атауынан  кейіннен  «өлген»  сөзі  түсіп  «Шонжы» болып  ел  есіне  орнығып  қалған. Нарынқол, Шамалған,  Қаскелең,  Боралдай,  Мұқыры, тағы  басқа  қазіргі  елді  мекен  атаулары  кезінде  жекпе-жекте  өлтірілген  қалмақ  батырларының  есімдері  екен. Өкінішке  орай  жері  мен  елін  қорғай  жүріп жауын  өлтірген кейбір қазақ  батырларының  есімдері  дәл осылай әспеттелген жоқ. 
Басқосу  барысында филология  ғылымдарының  кандидаты  Тоқтар  Әлбеков, саясаттанушы  Дос  Көшім,  Ұйғыр  ауданындағы  «Ұрпақтар  сабақтастығы» қоғамдық  бірлестігінің  төрағасы  Жанет  Керімқұлов, жазушы  Бақтыбай  Айнабеков,  облыстық  мәслихат  депутаты  Ызғарбек  Бектұрсынов ғылыми  конференцияда  оқылған  баяндамаларды  талдап,  ұсыныстарын айтты. 
Қорыта келе  оқылған  баяндамалар  мен  айтылған  пікірлер  бойынша  қарар  қабылданды.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
  Ұйғыр  ауданы