Жарлыөзек ауылдық округіне қарасты Бозтоған, Мұқаншы, Жарлыөзек ауылдарының тұрғындары табиғи газға қосылды. Өңір халқы осындай тарихи сәттің куәсі болды.
Шараға аудан әкімі Дәулет Халелов қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
– 2017 жылдан бастап ауданымызда газ тарту жұмыстары басталды. Алғашында Балпық би, Теректі ауылдарына газ тартылды. Енді 3 ауылдың тұрғындары көгілдір отынның игілігін көреді, – дей келе салтанатты шараға жиналған көпшілікке ақжарма ниетін білдірді.
Осыдан кейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев: «Аудандағы 34 елді мекеннің 29-ы газдандыруға жатады. Бүгінде 13 елді мекен, 3053 тұрғын үй газ жүйесіне қосылған», – деп газ тарту бойынша облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, ізгі тілегін жеткізді.
Жиын барысында ақжаулықты әжелер ауылға келген газды жағып, шашу шашты. Ауылдың құрметті ақсақалдары батасын беріп, жылы лебіз білдірді.
Газды үйіне алғашқылардың бірі болып Жұлдыз Шәкіржанова қосыпты. Көпбалалы анаға газ мемлекет тарапынан тегін қосылды.
– 7 баланың анасымын. 5 қыз, 2 ұлым бар. Жолдасым осыдан 10 жыл бұрын қайтыс болды. Ол кезде кішкентай балам небәрі бір жарым жаста болатын. Содан бері өзім көмір тасып, ұлдарыма отын жарғызып от жағып келдік. Жұмыста болып қалсам пешті балаларым жағады. Жолдасым Сағыныш осы ауылға еңбегі сіңген азамат еді. Балаларының қамқоршысы болған отағасының еңбегін елеп, аудан басшылығы газды тегін кіргізіп берді, – деп көмек қолын созған облыс, аудан басшылығына алғыс жаудырды.
Шара барысында жергілікті тұрғындар Жарлы-өзек ауылының құрылыс жұмысына жауапты «Алматы Production Construction & Invest» ЖШС, Бозтоған ауылына «ST.LTD» ЖШС, Мұқаншы ауылына «Дос Строй Проект» ЖШС өз жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындағандарын айтып, ризашылықтарын жеткізді.
Бозтоған ауылында жалпы ұзындығы 16,5 шақырым, Жарлыөзекте 20,4 шақырым және Мұқаншы ауылында 4,9 шақырым газ құбырлары тартылды.
Айта кетейік, биыл аудан аумағында 17 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 3,3 млрд. қар- жы бөлініп, жүйелі жұмыс атқарылуда. 242 шақырым газ желілерін тартуға 36 дана арнайы техника жұмылдырылды. Жыл соңына дейін жұмыс толықтай аяқталады.
Облыс бойынша газдандыру деңгейі 51, 4 пайызды құрап отыр. Жалпы 50 елді мекен газбен қамтылып, 348 мың адам көгілдір отынға қосылды. Мемлекет басшысының Жетісу облысына келген сапарында берген тапсырмасы аясында жергілікті сызбаға сәйкес 2025 жылдың соңына қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейін, соның ішінде Панфилов ауданын қоса алғанда, барлығы 126 елді мекен газдандырылып, жалпы 506 мың адам көгілдір отынның игілігін көретін болады. Сөйтіп 2025 жылдың соңында облыста газдандыру деңгейі 72%-ға жетеді деп межеленіп отыр.
Ал жобаның екінші кезеңінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын газдандыруға қажетті «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Бұл кезеңде аталған үш аудандағы 66 елді мекенге газ құбыры тартылады. Сөйтіп 2028 жылдың соңына қарай облыста газдандыруға жататын 124 мыңға жуық тұрғыны бар 192 елді мекен толық газдандырылады.
Айдар ҚАЛИЕВ