ЕҢБЕГІМЕН ЕҢСЕЛІ, БІРЛІГІМЕН БЕРЕКЕЛІ

Уақыты: 02.11.2024
Оқылды: 581
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыс орталығы Талдықорған қаласының іргесіндегі Ескелді би ауданының тұрғындары егінін егіп, жерден ырысын алған, төрт түлігін түлетіп, төлден ырыздығын тапқан өңір. Еңбегімен еңселі, бірлігімен берекелі елдің тыныс-тіршілігі жайлы аудан әкімі Елдос Ахметовпен әңгімелесіп қайтқан едік. 


 Бұл өңірде көптеген тұлға дүниеге келген. Ескелді би, Бақтыбай жырау, Биеке батыр, Нұрмолда Алдабергенов, Жұматай Жақыпбаев, Сайын Мұратбеков сынды қазақ тарихында аттары асқақ аталатын жандардың есімі аудан асып, Алашқа таралған. Шынымен де топырағы қасиетті, жері киелі мекен. Мына жағында Балпық би атамыз, ана басында Ескелді би бабамыз жатыр. Өткен ғасырда бір ғана Алдабергенов ауылынан 21 адам «Еңбек Ері» атағын алғаны тарихи шындық. 5 кластық біліммен ауылдастарының атын КСРО аумағына шығару Нұрмолда Алдабергенов атамыздың қайраткерлігін, көсемдігін көрсетсе керек. Сондай тұлғалардан жалғасқан жақсы дәстүр қазір де үзілген жоқ. Бүгінгі ауыл еңбеккерлері кейінгі ұрпаққа сондай салиқалы соқпақ қалдырарына сенемін. Атап айтқанда, жұртшылық жақсы білетін Айдын Дүйсенбинов, Қосан Досанов, Серік Сариев, Виктор Хильниченко, Герман Нам сияқты азаматтар ауылшаруашылық саласының қарқынды дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бұлардың әрқайсысының аудан аумағында атқарған ісі мен жасаған жақсылығын кейінгіге үлгі ретінде айта аламыз, – деген аудан әкімі Елдос Тұрсынбайұлы сөз арасында биылғы жаңбырлы жаздың шаруаға қолайлы болғанын айтып, еткен еңбектің табысты, түсімнің мол, өнім көрсеткіші жоғары боларынан үмітті. «Ауданда әрбір істің тетігін тапқан жергілікті жігіттер шағын және орта кәсіпкерліктің жұмысын жүргізіп, бюджет қоржынын толтыруға елеулі үлес қосып келеді. Бұл дегеніміз аудан тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің өзіндік үлгісі. Сол арқылы отандық өнімді молынан өндіру ісі де қолға алынып отырғаны қуантады», – дейді аудан әкімі.

Қамбасы дәнге, өрісі малға толған өңірдің басты кәсібінің бірі – қызылша өсіру. Бұл бағытта да толайым жұмыс атқарылып жатқанын айтқан Елдос Тұрсынбайұлы аудандағы денсаулық, білім, спорт, мәдениет салаларына да тоқталып, ел игілігіне ұсынылып жатқан нысандар туралы да нақты ақпарат берді. Аудан көлемінде жаңадан үйлер, балабақшалар, амбулаториялық пункттер берілгенін естіп, біліп, көріп отырмыз. Осының бәрі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі екені де анық. (Айтулы жетістіктерді аудан тынысына арналған 4-ші беттегі материалдардан оқи аласыздар).

   
– Қазіргі таңда әр салада маман тапшылығы бар екені рас. Әсіресе ауылдық жерлерге  дәрігерлердің, мұғалімдердің, мал дәрігерлерінің жетіспеуі анық байқалады. «Ұқсата білген – ұтады» демекші, бұл мәселені жүз пайыз шешіп тастамасақ та орайын тауып жатырмыз. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бос тұрған мамандардың орны ретімен толығып, ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан жасалып жатқан жақсы істерге, қолдауға куә болуда, – деген аудан әкімімен арадағы әңгімеміз енді жастар тәрбиесіне қарай ойысты. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жас толқынның тәрбиесі көңіл алаңдатпай қоймайды. Себебі, қоғамда тәрбиеден жұрдай ұрпақтың өсіп келе жатқанын көріп жүрміз. 

– Шынында ұлағатты ұрпақ – ұлттың болашағы. Оның тәрбиесіне бәріміз жауаптымыз. Ұл мен қыз өсіріп отырғаннан кейін әрбір ата-ана отбасындағы тәлім-тәрбиені мықтап қолға алуы керек. Дегенмен, ұлы мен қызының тәрбиесін балабақша тәрбиешісіне, мектеп мұғаліміне, университет оқытушысына артып қоятындар да бар. Сондай болмас үшін қазір аудан мен ауыл мектептерінде жұмыс істейтін психолог, инспектор, ментор сынды мамандар ұлт тәрбиесін қалыптастырып келеді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен «Ментор» жобасы қолға алынып, облыс орталығындағы білім ошақтарында өмірі өнегелі, ғұмыры ғибратты жандар арнайы кездесулерге келіп, тал бесіктен басталатын тәрбиеге баса көңіл бөлуде. Осының өзі кейінгі толқынның санасын оятары анық. Сонымен қатар, кей мектептерде кадет сыныптары ашылып, жастардың бойына отаншылдық, мемлекетшілдік, патриоттық дәнегі себілуде. Кадет сыныптары өздерінің қатарластарына жол жүру, өрт қауіпсіздігі ережелерін үйретуге ықпал етуде, – деген әкім мырзаға әке ретінде отбасы жайлы айта кетуін сұрадық. 

– Төрт балам бар. Үлкен екі қызым тұрмыста. Олардан жиендер бар. Кейінгі екеуі егіз. Бір ұл, бір қыз. Биыл 11 сынып оқушысы. Құдай бұйыртса, алдағы мамырда мектеп бітіреді.

Әрине, мемлекеттік қызметте болғаннан кейін өміріміздің басым бөлігі жұмыста өтеді. Сонда да арасында уақыт тауып  балаларыммен сөйлесіп отырамын. Көшедегі, үйдегі жүріс-тұрысын, киім киісін, сөйлеу мәнерін, тамақ ішу әдебін талқылаймыз. Халқымыздың: «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген сөзінің мәнісін ұғындырамын. Сол арқылы жасы кішілерге қолдау көрсету, үлкендерге көмек қолын созу керегін саналарына сіңіруге тырысамын. Ауылда, жер үйде тұратындықтан ауладағы ағаштарды күтуді, бақшаны суаруды, түптеуді ұлым мен қызым өз мойнына алған. Бұл, ең алдымен, өздеріне керек. Баяғыда ауылдағы ақсақалдар: «Үйренгенің өзіне жақсы, істегенің маған жақсы», – деп отырушы еді ғой. Балаларымның есік алдында бірдеңемен айналысып жүргенін көргенде сол есіме түседі. Дегенмен, қазіргі балалар әлсіздеу. Біздің бала кезімізде 6-7 сыныптан кейін бәрімізді еңбекке жұмылдыратын. Тіпті, еңбекақы алып, оқуға киетін киім-кешегімізді өзіміз реттеп, ата-анамыздың бір шетіне шығысқанға қуанушы едік. Қазіргі балаларды ондай жұмысқа араластыру еңбегін қанаумен тең. Сондықтан бүгінгінің балалары әлжуаз дер едім. Негізі қазіргі балаларды 1-2 сағат еңбекке қатыстырып, қолмен істеген істің қадірін білуге үйрету керек деп ойлаймын.

«Әкім бол – халқыңа жақын бол» деген аталы сөз бар. Халықтан алғыс алғанның қашанда еңсесі биік. Еңбегіңіз еленіп, елдің ықыласына бөленіп, аудан көшін алға бастай беріңіз. 

Әңгімеңізге рахмет!  

Жазып алған Мәди Алжанбай