ҚҰЛАНЫ - ҚЫРДА, ҚҰНДЫЗЫ - СУДА

Уақыты: 04.11.2024
Оқылды: 499
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Құландардың мекені» атты фестиваль  өтті.  Мақсат – Қазақстанның Қызыл кітабына енген құландарды сақтап, санын арттыру. Сондай-ақ ұлттық парктің байлығын насихаттау.


1982 жылы «Алтын Емел» аумағына 23 бас құлан әкелінген. Бүгінде олардың саны – 3600 басқа жеткен. «Алтын Емел»  ұлттық паркінің аумағы 307, 653 гектарды құрайды. Ұлттық парктің директоры Қуат Байтұрбаевтың айтуынша, мұндағы біраз құлан Іле Балқаш, Алтын дала, Созаққа жіберілген. Сондай-ақ, қар барысының саны 17-ні құрап отыр. Аю, қарақұйрық, елік, теке, арқар да ұлттық парктің сән-салтанаты. Құстардың 260 түрі кездеседі. Фестиваль аясында паркке 14 жол талғамайтын  көлік берілді. Соңғы жылдары 14 мотоцикл, қайықтың бірнеше түрін жаңаланған екен. Ұлттық парктің табиғаты мен ондағы жануарларды тамашалау үшін туристер де көп келе бастаған. Биылдың өзінде Айғайқұм мен Ақтауды, Бесшатыр мен Қатутауды көруге 25 мың турист келген. Бұл күні «Құландар мекені» фестивалі Жетісудың тұмса табиғатын насихаттайтын айтулы шараға айналды. Данияр Тұрғанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы алда атқарылар жұмыстар жайлы тілшілерге сұхбат берді. Ол:«Үстірт қорығының аумағын 600 мың гектарға кеңейтеміз деген жоспарларымыз бар. Арал теңізінің ұлтанында Арал резерватын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Жайық орманы резерватын  құру да қолға алынып жатыр», – деді. Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, эстрада жұлдыздары ән шырқады. Айғайқұмды көруге келген шетелдіктер де ауқымды шара үстінен түсіп, ыстық ықыласын жасыра алмады. 

Үндістандық турист Намбрта Сингха: «Өте керемет. Сиқырлы да таңғажайып табиғат. Сөзбен жеткізу қиын. Өмірімде бірінші рет осындай тамаша жерге келдім. Қызық. Тау басында қар жатыр. Төменде күн жып-жылы. Санаулы сағаттың ішінде табиғат өзгере шығады», – дейді Қазақстанның табиғатына таңдай қағып.

Ерекше қорғалатын аумақ қар барысының да тұрақты мекеніне айналды. Жол жөнделгеннен бері келушілер саны артқан. Биыл облыс әкімінің қаулысы негізінде браконьерді ұстау жөнінде заңға бірқатар өзгеріс енгізіп, табиғат байлығын қорғау күшейтілген. Ұлттық парк басшылары жаңа қаулының өз жұмыстарына пәрмен беретінін айтуда. Құландар жортқан аумақтың табиғат байлығы еселенуде.

Гүлжан ТҰРСЫН