ЖҮЛДЕГЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 07.06.2018
Оқылды: 1049
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыстық үкіметтік емес ұйымдардың консалтинг орталығы дәстүрлі әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесін өткізді. Журналистер үйінде ұйымдастырылған жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар келді.

 Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне былтыр  43 үкіметтік емес ұйым қатысуға ниет білдірген. Биыл өтінім білдірушілер саны 103-ке көтерілген. Бұл – жәрмеңкеге деген қызығушылықтың, қызмет атқаруға деген үлкен пейілдің белгісі. Бұл арадағы негізгі мақсат – жобаларды әлеуметтік кәсіпкерлікке бағдарлау.  Шара шымылдығын ашқан Жақсылық Мұқашұлы осындай жобаларды жандандырып, тұрғындардың ризашылығын алып, шарапатты істі жалғастыра беру керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар мен әкімшіліктің арасында байланыс болғанда ғана кез келген  жұмыстың нәтижелі болатындығын жеткізді. 
– Өзге үкіметтік емес ұйымдарға үлгі көрсетіп, үлкен қызмет атқарып жатқан азаматтарды елдің  алдына шығарып көрсету қызығушылық пен ұмтылыс тудырмақ. Міне, содан барып үлкен жобаларға, болашаққа деген қадамның нақты болатыны анық, – деген әкім орынбасары  жеңімпаздарды құттықтап өтті. 
Биыл үкіметтік емес ұйымлдарға арналған әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне өтінімдерді қабылдау 
15 наурыздан 5 сәуірге дейінгі уақытты қамтыды. Келіп түскен жобалар патриоттық тәрбие, гендерлік саясат, экология мәселелеріне арналған. Келесі сөз кезегін алған жәрмеңке жеңімпаздарын анықтау үшін құрылған комиссия төрағасы Ермек Келемсейіт: 
– 100 жобадан 10 жобаны таңдап алу оңайға түскен жоқ. Бір бағытта жасалған бірнеше дүниенің ішінен елге тиімдісін таңдап алдық. Әлеуметтік жағдайға баса көңіл бөлген ұйымдарды басты орынға қойдық. Қатысушылар саны келер жылы бұдан да көбейеді деген үміт бар. Бізді қуантқаны адамдардың жұмыспен қамтылып, өз нәпақасын табатындай күйге жеткені. Одан кейін сол өңірдегі, сол маңдағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қатардан қалдырмай,  соларды еңбекпен қамту мәселесіне көңіл бөлгендігі. Былтырғы жобалардың бір жылдың ішінде қандай деңгейге өскендігін де көрдік, – деді.  
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев үкіметтік емес ұйымдардың болашақтағы жұмысы  әлеуметтік тапсырыстарды орындау екендігін  әңгіме өзегіне айналдырды. Сонымен бірге, әлемдегі үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттің қолы жетпей жатқан жұмыстарды орындайтындығы жайлы сөз болды.  
Шара соңында үздік 10 жоба авторлары – «Алакөл ауданының әйелдерге қолдау көрсету», «Мүшелтой», «Жігер-М», «Ескелді ауданы әйелдерге қолдау көрсету», «Жігер», «Денсаулық – зор байлық», «Қамқор», «Парыз», «Жетісу Мұрагер» және «АйРиз-Қамқор» қоғамдық бірлестіктері мен түрлі мекеме-ұйымдарға  1000000 теңге көлемінде сертификат табысталды. 

Құралбек  СӘБИТОВ