«Баланың басты ұстазы – ата-ана» атты тақырыбындағы басқосу Жетісу облыстық білім беру басқармасы және Прокуратура өкілдерінің ұйымдастыруымен өтіп, оған 270 ата-ана қатысты.
Талдықорған қаласындағы кәмелетке толмағандар арасында қылмыстық құқықбұзушылық, суицид, зорлық-зомбылық бойынша сөз қозғалды. Барлық мектеп білім басқармасымен бекітілген кешенді жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде.
Құқықбұзушылық жасаған балалар мектепішілік профилактикалық есепке алынып, тәлімгер тағайындалып, күнделікті бақылау дәптері толтырылып, қадағалауға алынған.
Талдықорған қаласының 30 мектебінде 31 ментор штаттық бірлігі бекітілді. Менторлар директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен бірлесе құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 86 профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Қалалық полиция басқармасы қызметкерлері мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары бірлесіп, «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім» профилактикалық 36 рейдтік шара жүргізді.
Жалпы білім беру ұйымдарында «Сенім жәшігі», QR код тақтайшалар, учаскелік инспекторлар бойынша мәліметтер ілінген.
Соған қарамастан әлі де құқықбұзушылықтар орын алуда. Оның басты себебі - ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, тиісті уақыт бөлмеуі және өз баласы үшін жауапкершілігін сезінбеуінде. Аталған өзекті мәселені ата-аналар алдында ортаға салып, жауапкершілікпен қарап, бала тәрбиесіне аса көңіл бөлу керектігі жайлы айтылды.
"Жетісу-Ақпарат"