"ӨМІРІМДЕ АҚ ТӨСЕККЕ ЖАТЫП КӨРМЕППІН"

Уақыты: 25.01.2025
Оқылды: 268
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сәби сүю бақыты – анаға Тәңірден берілген сыйдың ең кереметі. Өкінішке қарай басына қонған бақ пен Жаратушының берген бақытын бағалай алмай жатқандар көп. Біреу балшықтан бала жасай алмай жүрсе, безбүйрек ана мен тасбауыр әкелер өз баласын өзегінен теуіп, тастандылар үйіне сүйреп әкелуде. Жәутеңдеген бейкүнә бүлдіршіндерді көргенде жаның ауырып, жүрегің сыздайды.


ЖҮРЕКСІЗ БОЛДЫҢ СЕН НЕГЕ?

Талдықорғанда қилы тағдырдың қиындығына ұшырағандарға демеу болып, бауырындағы балапандарының бәріне мейірімін теңдей бөлген «Жетісу облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» бар. Орталықтың мақсаты – қадағалаусыз және панасыз, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, арнаулы білім беру ұйымдарынан жіберілетін кәмелетке толмаған, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды уақытша күтіп-бағып, өмірге бейімдеу. 2011 жылы құрылған қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау мекемесіне ат ізін салып, тыныс-тіршілігін бағамдап қайттық. 

Бізді мекеме басшысы Ерлан Сансызбаев қарсы алып, орталықтың жұмысымен таныстырды. Орталық ашылғалы 2082 бала қабылданып, тәрбиеленіпті. Оның 1182-сі ата-анасына қайтарылса, 674-і балалар үйіне орналастырылған. Қалған балалар отбасылық балалар үйіне, мектеп-интернат, патронаттық тәрбиеге қабылдаушы отбасы, колледждерге жіберілген. Былтыр 136 бала қабылданыпты. Мұнда бір аусымда 30 бала тәрбиеленеді. Содан кейін ата-аналарына немесе арнайы орындарға жіберіледі. 

Әр балаға мейірімін төгіп отырған орталықта 14 маман жұмыс істейді. Әрқилы тағдырмен түскен жеткіншектерге жағдай жасап, ата-аналары бермеген махаббатты сыйлап, мейірім танытып жүрген жомарт жүректі мамандардың еңбегі ерен. Мекеменің іші қазақы нақышқа сай безендіріліпті. Мұнда 3 оқу бөлмесі бар. 1 бөлме компьютер және интерактивті тақтамен жабдықталған. Шағын спортзалында теннис үстелі, спорттық тренажерлар қойылған. Душ пен монша, смарт теледидар, караоке қойылған ойын мен 30 балаға арналған 4 жатын бөлме бар. Байқағанымыз бөлмелердің іші мұнтаздай таза. Орталықта балаларды тасымалдайтын 15 орынды микроавтобус бар. Қауіпсіздік те басты назарда. 34 жедел басқару орталығына қосылған цифрлық бейнебақылау орнатылған. Одан бөлек, күн сайын 3 қызметкерден тұратын түнгі қызмет қойылған. 2 тәрбиеші мен 1 медбике бүлдіршіндердің денсаулығы мен тыныштығына жауапты. Жалпы балаларға бар жағдай жасалыпты.

– Бала – өмірдің мәні. Сондықтан оларға бар жағдай жасалған. Біз ең бірінші тазалыққа мән береміз. Мәселен, төсек жабдықтары САНПИН-нің талаптарына сәйкес аптасына      1 рет ауыстырылуы керек. Бірақ, біз оны жиі ауыстырамыз. Себебі, тазалық бар жерде тәрбие де, береке де бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын орталыққа 12-13 жас шамасындағы ұл бала келді. Біз оны дәрігерлік тексерістен өткізіп, жуындырып бөлмесіне жатқыздық. Ертесінде әлгі бала «Мен өмірімде ақ төсекке жатып көрмеппін» деп жылап жіберді. Осы сөзді естігенде жаным ауырып, жүрекке ине сұққандай күй кештім. Мұнда қанша бала болса сонша тағдыр бар. Әрқайсысының мінезі әртүрлі. Біреуінің көңілін ойнатып, екіншісін еркелетіп табасың. Болашақта әр баламыз толық отбасында тәрбие алса, мықты азамат болса екен деп армандаймыз. Өйткені әр бала бақытты болуға лайықты, – дейді орталыққа келген әр баланың болашағына алаңдап жүрген Ерлан Қанатайұлы. 

Балдырғандарды көрейік деп ойын бөлмесіне кірдік. Асыр салып ойнап жүрген бүлдіршіндер бізді көріп, шұрқырай алдымыздан жүгіріп шығып, ұлдар «Ассалаумағалейкүм», қыздар «Сәлеметсіз бе?» деп ізетпен амандасып жатты. Көздері мөлдіреген балапандарға қарап ет жүрегіңіз езіліп сала береді. Көбі қазақтың қарагөз қыздары мен қарадомалақ баласы. Жәутеңдеген бүлдіршіндер тұлдыр жетім болса түсінер едік, бірінің анасы, кейбірінің әкелері бар. Тұрмыс жағдайын, тағдыр тауқыметін сылтау етіп, балаларын тастағандарды көргенде көкірек көзің жасаурап, жаның сыздауықша солқылдайды.

– Біз әр балаға өз ұл-қызымыздай мейірімімізді төгеміз. Бірақ ананың аялы алақаны, әкенің махаббаты ештеңені алмастыра алмайды. Орталыққа Талдықорған қаласы мен Көксу, Панфилов аудандарынан бала көп түседі. Баяғыда ауылдан бала келмеуші еді. Қазір бұны да көріп жатырмыз. Бұл ұлтқа төніп тұрған қасірет. Сондықтан біз болашақ ұрпақты қоғам болып тәрбиелеуіміз керек,– дейді әдіскер Ардақ Серубайқызы. 

Біз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ұлт емеспіз бе?! Өзіміз тұрмақ, өзгенің баласын өзегінен теппей, алақанына салып аялайтын кең жүректі отбасылар қайда?! Жетімін жебейтін қазақтың бар болмысы бүгін мүлде өзгеріп, басқа арнаға ауып барады. Бауыр еті баласынан безінетін безбүйректер алтын бесік саналатын ауылдан шығып жатса онда кешегі дана халқымыздың тәлім-тәрбиесінің әлсіреп, біткені. Әр бала балдәурен балалық шағын тастандылар үйінің босағасында емес, туған ата-анасының жанында өткенін қалайды. Бесіктен белі шықпай жатып қилы тағдырдың қиындығын көргендер қамқорлыққа, ыстық ықыласқа, мейірімге зәру. Жүрексіз болдың сен неге, безбүйрек ана, тасбауыр әке?!

ӘКЕМ БЕРГЕН ТАС КӘМПИТ

Өзегінен қанша тепсе де балалар өз әкесі мен анасын ойлайды екен. Олар ата-анасының жағдайы түзеліп, күндердің күнінде алып кететінінен үмітті. Орталықта небары 4 жасар бала жүр. Қолында «тас кәмпиті» бар. Не жемейді, не тастамайды. Асханада дорба-дорба тәтті тұрса да тас кәмпитін тастамайды екен дедім мекеме басшысына. Әкесі берген кәмпит қой деді ол. Төбемнен жай түскендай состиып тұрып қалдым. 

Сөйтсем тасбауыр әке баласын көруге келгенде қолына екі тал тас кәмпит ұстатып кетіпті. Бала әкесінің берген кәмпитін жемейді екен. Күндіз қолында ұстап жүреді. Жатқанда қойнына тығып жатады. Әкесіне деген сағынышын осылай басса керек. 

«Біздің балалар ата-анасын ойлап тұрады. Біз де тастап кетті демейміз. Жағдайы жақсарса алып кетеді дейміз. Өйткені балаларын қайтып алып кететіндер көп. Сондықтан оларды барынша қолдаймыз», – дейді орталық басшысы ет жүрегіңді елжірететін тағы бір оқиғаны айтты. 

– Талдықорғанның бір қызы Жаңажылдық сыйлығының барлығын жинап қойыпты. Бір тал кәмпит жемек түгіл қорабын да ашпаған. Шынашақтай қыздан «неге тәттілеріңді жемедің?» деп сұрадық. Сонда ол: «үйде менен бөлек 4 бауырым бар. Соларға Жаңа жылға сыйлық жасасам деп едім. Мен үйдің үлкенімін ғой» деді. Көзіме еріксіз жас үйірілді. Қыздың көңілін жықпайын деп демеушілерден келген ойыншықтар мен тәттілерді алып, әр балаға әпкесінің атынан деп 4 дорба жасап үйіне апарып бердік, – деді. 

Қайтарда жанарымызға жас үйіріліп, денемізді ауыр зіл басқандай орталықтан әрең шықтық. Ал жәудіркөз жеткіншектер тау-тау армандарын құшақтап, соңымыздан қол бұлғап қала берді.

P.S. Орталықтағы балалар жарық дүниеге тағдыр тәлкегіне түсу үшін келген жоқ. Олар да ананың аялы алақанын, әкенің қамқорлығын аңсайды. Тұрса да, жатса да «Әке-шешем қашан келеді? Мені тезірек алып кетсе екен», – деген бала армандары жүрек түбінде мәңгі сақталатыны ақиқат. Сондықтан шағын мемлекетіміздің іргесі берік болуы үшін дүниеге келген сәбиді сыртқа теппейік!

Айдар ҚАЛИЕВ