Бұл ауылдың тұрмыс-тіршілігі туралы 2021 жылы жазған едік. Араға тұп-тура төрт жыл салып қазіргі жай-күйін көрмекке тағы да сол жадап-жүдеген ауыл – Жылыбұлаққа аттандық. Аталған елді мекенде ауызсу тартылып, интернет келсе де, тозығы жеткен түкпірдің жыртығы бүтінделмепті. Бірін жамаса, екінші жағы аңыраудай аңырап тұр.
КЕҢЕСТЕН ҚАЛҒАН «ШАЙТАН КӨПІР» ӘЛІ ТҰР
Бұл – көлік жиі аударыла бергендіктен ауыл тұрғындары «Шайтан көпір» деп атап кеткен қауіпті көпір. Кеңес үкіметі тұсында салынған ирелеңдеген қисық өткелден өзгені былай қойғанда ауыл тұрғындарының өзі қорқады. Әдетте ауылды білмейтін меймандарды тұрғындар өздері күтіп алуға тырысады. Себебі, жергілікті халықтың өзі қыста мұздақ, балшықты күндері көліктері тайғанап, канал сайына түсіп кетіп жатады.
Сондықтан болар 2021 жылы барғанымызда жұртшылық: «шайтан көпірді» түзу жолдың аңғарына дұрыстап салмаса, талай адамның өмірін жалмайды», – деген еді. Содан бері 4 жыл өтті. Адам өлімі тіркелмеді деп дәтке қуат қылмасаңыз, қыстың көктайғақ кезінде талай көлік жолдан ұшып кеткен. Бүтін ауылдың сорына айналған мәселе әлі шешілген жоқ. Тиісінше тұрғындар «көпір дұрыстап салынса» деген уәжін төрт жылдан соң да тұздықтап тағы айтты.
– Үштөбе мен Жылыбұлақтың ортасы 15-ақ шақырым болса да, екі ортада қаншама көпір бар. Ең қауіптісі – жыланның ізіне ұқсайтын «шайтан көпір». Өзім осы ауылда туып, өстім. Қыста, жол көктайғақ кезде ауылға келген қонақты алдынан шығып, өзіміз күтіп аламыз. Себебі, қисық көпірден ұшып кете ме деп қорқамыз, – дейді ауыл тұрғыны Бауыржан Даутов.
Көпірдің мәселесі бойынша аудан әкімінің орынбасары Мақсат Чамиреновке хабарластық.
– Біз оны жасай алмаймыз. Себебі, көпір облыстық маңызы бар жолда орналасқан. Ауданның қарамағында емес, – деді ол.
ЖАРЫҚТЫ ЖАЗДА ТАППАЙ ҚАЛМАЙ МА ...
Күн жылынып, тіршілік қайнаған уақытта тұрғындар үйдің жарығымен алысып әлек болады. Себебі электр желісіне қатты қысым болса жарық сығырайып, жалп етіп өшер майшамдай кеп кигізеді. Срыт көз «сендер әлі шаммен отыр екенсіңдер ғой» деп күле қараса да шамданбайтын болған бұндағы жұрт. Керек десеңіз, түйткілді мәселе биліке айтылған, хат та жазылған. Әзірге нәтиже жоқ.
– Жаз айында ауыл халқы «сварка» қоспауға тырысады. Себебі, қатты қысым болса үйдің жарығы сығырайып қалады. Бұрын ондай болмайтын. Өйткені ауылда 3 трансформатор болған. Қазір екеу ғана қалды. Ауылға су келді. Енді халық үйінде жуынатын бөлме дайындап, су жылтатын қондырғы қостыра бастайды. Онда жағдай тіптен қиын болады. Онымен қоса ауылдағы бағаналар да мүжіліп, «арматуралар» шығып тұр. Қазір жер қатты. Күн жылынып, қар ерісе бұл да қиындық туғызады, – дейді тұрғын Қуат Досмағұлов.
Мәселенің мәні де сол, ауылдағы 3 тоқ кернеуін реттеуші құрылғының біреуінен ақау шығып бұзылған. Содан барлық тоқты екі «транссформаторға» қосыпты. Соның салдарынан тұрғындар құрылыс жұмыстары қызатын жаз айында «жарықсыз қаламыз ба?» деп уайымдауда.
Жығылғанға жұдырық дегендей, бағаналар да мүжіліп тұр. Оның үстіне екі трансформатордың біреуі қоршалмапты. «Балалар ойнап жүріп тоққа түсіп кетсе кім жауапты болады?» деген тұрғындар сұрағы тағы өзекті. Әзірге ауыл халқының ауылдық округ әкімдігіне үміт артқаннан басқа амалы жоқ. Жаз келмей жарықтың жайы жақсарса деген тілегіміз естір құлаққа жетсе дейді.
Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Мақсат Бейсбекұлы:
– Жарықты тексерейік. Жақында ауыл-ауылды аралаймыз. Сол кезде сұрап, білеміз, – деді.
МАЛ ҚОРАҒА АЙНАЛҒАН МӘДЕНИЕТ ҮЙІН КІМ ТҮЗЕР?
Бұл реткі ауылға қайта айналып соғуымыздың да алабөтен себебі жоқ емес. Себебі, жыртығы жамалмай тұрған Жылыбұлақ – қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, ақын, журналист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Қайрат Әлімбек шыққан жер. Ақын-жазушылар мен небір өнер адамдарын түлеткен ауыл Кеңес дәуірінде мәдениет ошағы ретінде қыз-қыз қайнап жатыпты.
Оның куәсі де заманында Жылыбұлақта Мәдениет үйі, оның ішінде кинотеатр, түрлі үйірмелер, далада мереке өткізетін арнайы алаң, екі қабаттан тұратын кеңсе болған. Тіпті, бассейінге дейін салыныпты, ауыл тұрғындары жайлы өмір кешкен. Сол уақытта Бастөбе округіне қарасты ұжымшар мен кеңшар тойы да осы ауылда өткен.
Бүгінде мұның бірі де жоқ. Ештеңе болмағандай. Мәдени ошақ малқораға айналса, қалғандарының үйіндісі ғана қалған. Мәдениетке қатысты бір қызметкер ғана бар. Алайда музыкалық аспаптар аз, мектептен басқа орын болмағандықтан ауыл жастары үйірмеге қатысу үшін Үштөбеге баруға мәжбүр. Жалғыз қызметкер мектепте «гитара» үйірмесін ашыпты. Қаладағы жұмыстан қолы қалт етсе ауылға келіп, жастарға гитара үйретіп кетеді екен. Бірақ, бұл да «кедей амал» секілді кемдеу тірлік екені осы мақаланы оқып отырған сізге де анық болса керек.
Арындап өткен арда ақынның қарындасы Айсұлу Күзенбаева:
– Кезінде Мәдениет үйінде вокал, сурет, домбыра, гитара сынды түрлі үйірмелер болған. Одан бөлек, арнайы ән айтатын топ та болған. Мерекенің барлығы осы ауылда өтетін. Өкінішке қарай, қазір мұның бірі де жоқ. Қираған Мәдениет үйі жекеменшікке өтіп кеткен, болашақта орнына сүт зауыты салынады деп естідік. Бірақ, ешкім ештеңе салған жоқ. Сіздер 2021 жылы келгенде қандай болды сол күйінде тұр. Тек ашық-шашық, апатты ғимаратқа балалар кіріп ойнап жүргендіктен әкімшілікке айтып, есік-терезелеріне дейін жапқыздық. Бұрын ауыл болып кино көруге баратынымыз әлі есімде. Сол дәстүрді жоғалпайық деп биыл мектептен кинотеатр ашып қойдық. Онда оқушыларға сабақ тақырыбына сай кинолар, мультфильмдер қоямыз. Мәселен, оқушыларға әдебиеттен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым қожа» шығармасын оқытсақ, артынан киносын көрсетеміз. Шағын ғана кабинет. Соның өзіне балалар кәдімгідей дайындалып келеді. Мектепте «сенім жәшігі» бар. Апта сайын ішін ашып оқимыз. Балалардың бәрі «домбыра», «сурет», «ән-күй» үйірмелері ашылса, «спорт сарайы салынса» деп жазады. Ауыл жастары кешке тек меткептің спортзалында волейбол ойнайды. Басқа ештеңе жоқ. Мәдениет үйі салынса, керемет болар еді, – дейді Айсұлу Күзенбаева.
«Күлтөбенің басындағы жиын» бұл ауылда мектептің аядай ғана акт залында, спортзалында өтеді. Әкім-қараның есеп беру жиынына да, кездесулерге де қарақұрым халықты осы бір залға лық толтырады. Қазақи ауыл болғандықтан мұнда Ұлттық мереке мектепте кең көлемде аталып өтеді. Тұрғындар «бала-шағаларымен келгенде білім ошағына сыймай кетеміз» дейді.
Өкінішке қарай, ауыл тұрғындарына әлі де қираған мәдени ошақтың орнына жаңа нысан салынады деп армандаудан, балаларға ауылдың шаңын басына көтеріп, доп тебе тұрудан басқа амал жоқ. Себебі, аудан әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров ауылға Мәдениет үйін де, спорт нысанын да салу жоспарда жоқ екен айтты.
– Жылыбұлаққа Мәдениет үйін салу үшін ережеге сәйкес ауыл тұрғындарының саны 1000 адамнан асу керек. Сондықтан біз округ орталықтарына ғана Мәдениет үйін саламыз. Жылыбұлақ – Бастөбе ауылдық округінде тұрған аудандық Мәдениет үйіне қарайды, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Ауылда 150-ге жуық түтін, 550 тұрғын бар. Кейбір үйлер қаңырап бос тұр. Жұмыс жоқ, амалсыз көшіп кеткен. Ауылға жағдай жасалмаса кеткен жасы келіп, тіршілігі түлеп мыңдықты әл-әзірге еңсере қоймасы анық. Ал өзге аймақтарда тұлғасын төрге оздырып, өткеніне даңқына сай ескерткіш пен музей соғатынын ескерсеңіз, ауданда ақын рухының салмағын ескеретін жан болмай тұр ма дейсіз кейіп.
ЖАРТЫ ҒАСЫР КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН МЕКТЕП
Арда ақынның ауылына келген соң, мектептегі Қайрат Әлімбек «музейін» көрейік дедік. Білім ошағына кірген бойда мектептің суық екенін сезесің. Сөйтсек 1978 жылы бой көтерген білім ордасы 47 жылдан бері күрделі жөндеу көрмепті. Былтыр есік, терезелері салынған. Алайда жарты ғасыр бұрын бой көтерген насанның ескіргені сонша кіреберісі мен мектептің көлеңке жағында орналасқан кабинеттердің іші қара суық. Қайта оқушылар мектептің күн жақ беткейіндегі кабинеттерде оқиды екен. Бала саны аз екен деп жамап-жасқап, күрделі жөндеуден өткізбеу сау ақылға сыймай-ақ тұр. Қыс болса оқушыны мектептің күнгейін жағалатып оқыту дегеніңіздің өзі – жергілікті жерде жаңарған Қазақстанның жағасына кір түсіру емес пе?! Бұл төңіректегі ренішті де ашынған халық айтып отыр.
2023 жылы ақынның 60 жылдығы облыстық деңгейде тойланғанда ауылдағы мектептің бір кабинетін музей жасапты. Туған-туыстары кабинетке керек жарақтың барлығын алыпты. Алайда оқушыларға мекетптің көлеңке жағында орналасқан кабинет суық болғандықтан музейді қайта сабақ оқитын бөлме жасапты. Ақын атындағы азынап тұрған «музейдің» ішін көріп, налып қайттық.
Аудан әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 75,9 млн. теңге қаржы бөлінгенін айттты. Енді конкурс өтіп, білім ошағының қажетті жерлері жасалады.
Жыртық тонда көзге жадау Жылыбұлақтың бүгінгі жай-күйі осындай. Елдің мұңын естір үкімет болса, болашақта арда ақын шыққан ауылдың да реңі қайта реттеліп, тамыры тағы тулап тұрар. Әрине, елдің мұңын естір құлақ болса...
Айдар ҚАЛИЕВ
Жылыбұлақ ауылы
Қаратал ауданы