Дайындық барысы пысықталды

Уақыты: 07.08.2018
Оқылды: 1314
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен өткен жиында өңірімізде жаңадан бой көтеріп және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептердің оқу жылына даярлығы пысықталды. Жиынға аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, аудандық білім бөлімдерінің  басшылары, мектеп директорлары, мердігер компаниялардың басшылары мен техникалық қадағалау бойынша жауапты мамандар қатысты.

Өңір бойынша 30 нысанға күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып, оған бюджеттен 6 млрд. 372 млн. теңге бөлінген. Ағымдағы жылдың  мамыр-шілде айларында басталған жұмысты аяқтау мерзімі тамыз айының 25-ші жұлдызына дейін. Одан кешіктірсе ақ үмітін үкілеп отырған мектеп оқушылары жаңа оқу жылын күрделі жөндеуден өтіп, жаңа ажар, айшыққа ие болған мектептен бастай алмайды. Сондықтан да жұмыс қарқынын күшейтіп, құрылысшылардың санын еселей түсу керек. Осылай деп мәлімдеген Жақсылық Мұқашұлы сөз кезегін облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүніске берді.
Облыстық білім басқармасының басшысы өз баяндамасында атап өткендей, бүгінгі күні Панфилов ауданы Рақышев атындағы орта мектебінде жөндеу жұмысы аяқталып, 4 сәуірде тапсыру актісіне қол қойылған. Іле ауданы Боралдай ауылындағы №15 және Қарасай ауданы Тұрар ауылындағы Байсалбаев атындағы орта мектептеріне қаржының мамыр айында бөлінуіне байланысты 20 шілде де келісімшарт жасалынса, Алакөл ауданындағы Молдағожин, Көктұма және Ақтүбек орта мектептерінің күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы толық бөлінбеуіне байланысты оқу жылының басында аяқталмау қаупі бар екен. 
Күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептердің құрылыс жұмысының сапасы, аяқтау мерзімі, бөлінген қаржының толыққанды игерілуі, сонымен қатар, жұмыс кестесіне сай істің тиянақталуы тұрғысында мердігер компаниялардың басшылары мен техникалық бақылау бойынша мамандар баяндады. Олардың басым көпшілігінің айтуынша, қазіргі таңда жұмыс қарқыны құрылысшылардың үш ауысым бойынша еңбек етуімен күшейген. Өңір басшысының талабына сай 25 тамыз күні құрылыс жұмыстары толығымен тиянақталуы тиіс.
Айта кетерлігі, Іле ауданының  Төле би ауылы мен Панфилов ауданының Үлкеншыған ауылында 300 орынды, Талдықорған қаласындағы солтүстік-батыс тұрғын аумағында 1200 орынды орта мектеп бой көтеруде. Өңіріміз бойынша жалпы 9 жаңа мектеп ірге көтеруде. Бұлар да облыс басшысының міндеттемесіне сай ағымдағы жылдың тамыз айының аяғына таман ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мердігер компаниялардың басшылары мен жауапты қызметкерлеріне мойнына алған жұмысқа жауапкершілікпен қарауды, белгіленген мерзімде жұмыстарын толық әрі сапалы түрде тиянақтауды тапсырып, жұмыс күшін көбейтуді міндеттеді. Сонымен қатар мектеп директорлары мен аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшыларына, аудан, қала әкімдерінің орынбасарларына құрылыс жұмысын тұрақты назарда ұстап, жіті қадағалау қажеттігін жеткізді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ