Туған ауылын түлеткен

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1547
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Иә, ақынын да, батырын да, ғалымын да түлеткен ауыл қашанда алтын бесік қой, шіркін. Туған ауылын, өскен жерін жүрегінде сақтап, қымбат мекенін ұмытпай жүретін перзенттерден айналайық! Қайда жүрсе де қиялына қанат бітірген, қиясына самғата ұшырған елі-жерін бәрінен жоғары қоятын жандар барда ауыл азып-тозбайды. Қайта тамырына қан жүгіріп, күндермен көктей, айлармен ажарлана, жылдармен жаңғыра түседі. Бұл сөз, бұл түйін Райымбек ауданындағы Қақпақ ауылының қарлығашы, қазақтың қыз-келіншектері арасынан суырылып шыққан іскер, еңбекқор ана, республикамызға танымал меценат, айтулы бизнесмен Майра Құрманғалиеваға арналып айтылғандай. 
Туған ауылым, елім-жерім аман болсын деген ниетте жүретін Майра бұдан бірсыпыра жыл  бұрын ыстық мекенінен айшықты мешіт тұрғызып, ел игілігіне жаратқан болатын. Осы жолы  Құрбан айт мерекесіне орай ауыл орталығынан заманауи, сәнді де сәулетті 500 адамға арналған Салтанат сарайын ашты. Құрбандық шалғызып, Салтанат залына кең дастарқан жайғызып, ел-жұртының алғысына, ақ батасына шомылды.
– Ауылымнан айналайын! Елім-жұртым, сіздер аман-есен болсаңыздар, дүнием бүтін, көңілім тоқ. Ешнәрседен таршылық көрмеңіздер. Осынау салтанат залы мерейлі қуаныштарыңыздың ордасына айналасын! Алдағы уақытта ауыл орталығынан көп игілігі болар қоғамдық монша салып берсем деймін. Адам жанына қажеттінің бәрі табылар қолайлы заманауи сауда орталығы да керек екен. Осының бәрін ойластырып, қамдастырып жүрмін. Әр күндеріңіз нұрлы, өмірлеріңіз шуақты, денсаулықтарыңыз мықты болсын,–  деді Майра салтанатты шарада тебірене, толқи тіл қатып.
Ауылдың орталығына көрік берген Салтанат сарайының ашылуында ауыл әкімі Амангелді Шенебеков, Майраның анасы Тұрахан апа, ақсақалдар алқасының төрағасы Нүсіп Сүйіндіков, ауылдағы әйелдер алқасының төрайымы Ғайша Ахметова, сыныптастары атынан Әбділда Аташов  сөз алып, ауыл қарлығашының ісіне жеміс, өміріне бақыт, ұзақ ғұмыр тіледі. Елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген Майраға ауылдастары әбзелдері жарасқан тұлпар мінгізсе, көңілі кең көреген қыз  атын алғашқы ұстазы, ауылдың қадірменді қариясы Меліс Жұмановқа тарту етті. 
Ауылдың тағы бір түлегі, қалың қазағының мақтанышы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров бастаған құрдастары, сыныптастары Құрбан айт мерекесінің құрметіне көпшілікті қамтыған жаяу жүруден, гір тасын көтеру мен қол күрестіруден, мақал-мәтел сайысынан жарыстар өткізіп, қалың қауымды бір серпілтті. Осы күні аспаннан көптен күткен ақ моншақ төгіліп, ауыл төрі қуаныштан тербетіліп тұрды. Бұл ел-жерін көтерген перзенттеріне деген Алланың нұрындай әсер етті.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы