Бағдат ӘЛИЕВ: "ҮШ РЕТ КҮЛІП КЕЛІП, ҮШ РЕТ ЖЫЛАП ШЫҚТЫМ"

Уақыты: 08.10.2018
Оқылды: 1752
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ел ішінде «Ақындар мен батырлар елі» атанған Жамбыл ауданы – көршілес Жамбыл облысымен, Қырғызстанмен шекаралас әрі қазақ тарихына қатысты айтулы оқиғалар өткен қастерлі мекен. Қызыл жолбарыс киелі Сүйінбай Аронұлы, жыр алыбы Жамбыл Жабаев, ән мен күйдің жампозы Нұрғиса Тілендиев сынды алыптар мен Қарасай, Наурызбай, Сұраншы мен Саурық секілді батырлар өткен аймақтың әкімі Бағдат Байшалұлы ӘЛИЕВ ел мен жердің тарихына жетік, әдебиет пен мәдениеттен жан-жақты хабардар жан. Алпыс атты асудан асқан ел ағасының ауданға басшы болып келгеніне көп уақыт болған жоқ. Өңірдің өркендеуіне арналған сұхбат негізінен әкімнің тұлғалық сипатын аша түсетіндей.

– Бағдат Байшалұлы, сіз асқаралы алпыстың асуына иек артып отырсыз. Осынау мерейлі шақта осы уақытқа дейін жүріп өткен жолыңызды бір шолып шыққанда не түйдіңіз?

– Мен 1958 жылы әкемнің алпысқа таяған жасында құдайдан тілеп жүріп дүниеге келген бала екенмін. Ата-анам зарыға күткен баласын содан Алпысбай атап кетіпті. Атамекеніміз Қоғамшыл ауылы. Атамыз Құдабай кезінде өте ауқатты тұрыпты. Суықтөбенің етегінде жаздай желіге жүз бие байлатады екен. Әкем Байшал байдың баласы деген айыппен отызыншы жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 33-34 жасында халық жауы деген жаламен итжеккенге айдалады. Сөйтіп сонау Қиыр Шығыстағы Амур өзенінің бойындағы Хабаровскіден бір-ақ шығады. Тауда өсіп, Жиренайғыр өзенінен басқа су көрмеген оны балық аулау жұмысына салады. Денсаулығының мықтылығымен үздік балықшы атанып, қажырлы еңбегімен көзге түсіпті. Бойы екі метр, екі иығына екі кісі мінгендей озат жұмысшыны соғысқа жібермей алып қалыпты. Өзі егіздің сыңары екен. Сыңары соғыста хабарсыз кеткен.

Шешем Бибісара Бесмойнақ ауылының қызы, Қасқарау Майлыбай елінен. Бойында ақындық, әншілік өнері бар еді. Мені анам 45 жасында көріпті. Кезінде болыс болып, сал-серілік, саяткерлік құрған әкесінің есімі ерекше, Құран сөзінен алынған – Ібіниябин. Арғы-бергі заманға да қызмет істеген, ел арасында беделді болыпты. Болыстық жойылғаннан кейін старшын деген қызметтің тізгінін ұстапты. Өкінішке қарай революциядан кейінгі аумалы-төкпелі заманда қызыл саясаттың құрбаны болып, атылып кетіпті.

– «Ұлық болсаң – кішік бол» деген. Сіздегі кішіпейілдік, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттер бірден аңғарылады. Ондай қасиеттер бойыңызға кімнен дарыған?

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тұжырым бар ғой. Егер менің бойымда жұрт байқаған жылт еткен жақсы қасиет болса, ол, әрине, ең бірінші ата-анамнан дарығаны анық. Ал мектепте жаман оқыған жоқпын, ұлағатты ұстаздарымнан жақсы тәрбие алдым. Әліппені танытқан Мәриям апай, одан кейін оқытқан Сара апай сияқты ұлағатты ұстаздардың алдын көргенімді мақтан етемін. Олардан бойыма ізгілік нұрын сіңірдім. Сара апайым бүгінде арамызда, өзі Тарғаптың қызы.

– Мектепте кім боламын деп армандап едіңіз?

– Кім боламын дегенде, қойшының баласы үшін зоотехник деген керемет бір қызмет болып көрінетін. Біз үшін «Уазикке» мініп жүретін бастық сол, малды ауылда беделді еді ғой. Зоотехник болуды армандадым. Мектепті бітірген жылы жоғары оқу орнына түсе алмадым. 1975 жылдың қиын шағы, тақыршылық, шөп жоқ, малға ағаш бұтағын жаңқалап турап шөп орнына берген кез. Оқуға жолым болмағаннан кейін тіршілік ету керек, тамыздың бірінде кеңшардан бір отар тоқты қабылдап алдым. Әке-шешем малдан зейнетке шыққан еді, қайтадан қой бақтық. Ауылда одан басқа жұмыстың реті келмеді. Сонда мектепті жаңа бітірген бозбалаға бір отар қойды қалайша сеніп тапсырғанын білмеймін. Осылайша еңбек кітапшам Дегерес жылқы зауытының аға шопаны деген жазбамен басталды.

Сол жылы қыс қатты болды, қар қалың. Әкемнің шопандық бай тәжірибесі бар, әйтеуір абырой болғанда малды қыстан аман шығардық. Арасында өлім-жітім болды, бірақ басқалардай емес. Жан-жағымыздағылардың малы қатты қырылды. Кейбір қойшылар тіпті таяқ ұстап қалды. Бір қора қойға талғажауға күніне бес түк күріштің сабаны не болады?! Оны мал жемейді де, сағыз сияқты болып қалады екен. Арасынан шөптің сабағын суыртпақтап талшық қылады. Әкем қойды бірдеңе тауып жейді-ау деген жаққа өріске шығарады, мен қорадағыны қараймын.

– Оқуға түссем деген арманыңыз көп күттірді ме?

– Арман бірден орындала қойған жоқ. Кеңшар директоры Алтынбек Түргенбаев деген жақсы азамат, білікті басшы болатын. Көктемнің басында біз отырған тұсқа келе қалды. Жотада қой жайып тұрғанмын. Жерде қар, ат үстінде кітап оқып, институтқа дайындалып жүргенмін. Әлі есімде, қолымда химия пәні оқулығы. Басбатыр тауының бір белінен «Уазик» шығып, жаныма жетіп келді. Қарасам директор, рөлде өзі. Аттан түсе қалып амандастым. «Қолыңдағы не?» деп сұрады. «Кітап қой, аға, оқуға дайындалып жүрмін» деп едім: «Өй, мынауың жақсы екен, жарайсың сен!» деді. «Малың жақсы екен», деп арқамнан қағып, кетіп қалды. Төбем көкке жеткендей мәз болып қалдым. Кешке мал жайғап, үйге кірсем апам да, әкем де көңілді. Шәй үстінде директордың мал амандығына риза екенін, балаларын мақтап, адам болады дегенін жеткізіп, әкем мені Мәскеуге оқуға жіберетінін айтты. Мен одан сайын қуандым.

Көктемде қойды өткізіп, мамырда Мәскеудегі Тимирязев атындағы академияның үш айлық дайындық курсына тартып кеттім. Тамызда емтихан, ал мен кілең қазақ тіліндегі бір шабадан кітапты көтеріп барыппын, қазақша тапсыратындай. Содан Талғардан, Семейден барған өзім құралпы білімді жолдастар тауып, сабаққа бірге дайындалдық. Бірақ ауыл баласына орысша емтихан тапсыру қиын соғып, конкурстан өтпей қалдым. Алайда Калининград қаласындағы аграрлық университетке түсуге мүмкіндігім бар екен, соған бармақ болып тұрғанда ауылдан «әкең операция жасатайын деп жатыр» деген жеделхат келді.

Онсыз да ауылды сағынып жүрген кезім. «Қашайын деп тұрған қоянға тәйт дегесін не тәйірі» дегендей, асығыс жиналып, ұшаққа отырдым. Кешке үйге келсем, әкем ағаштың көлеңкесінде жамбастап жатып алып, кемпірі екеуі күрең қою шәйді рахаттана ішіп отыр. Әкем жүзге таяғанша өмірі ауырмаған адам, сәл сырқаттанғанға дәрігер ине салса орны ісіп, соны тілеміз десе, қорыққанынан ота жасау деп түсініпті. Соны апам поштаға барып айтса, ондағылар сол қалпында жазып жіберіпті. Өзім жалғыз баламын, операция дегенге бәрін тастап алып-ұшып жеттім. Туған жердің дәмі тартып, жат жердікі бұйырмағаны ғой.

Ақырында Алматыдағы зооветеринарлық институтының дайындық курсына құжат тапсырып едім, ондағылар ауылдан берген жолдама қағазынан мін тауып, қабылдамады. Оның үстіне қатаң іріктеумен алады, бір орынға он бес-жиырма адам үміткер. Ауылға келіп, қайтадан қара жұмыс істедім, күзде шөпте, қыста көлік жүргізуші оқуын оқып, көктемде әскерге кеттім. Жоғары білімді кейін, қызмет істеп жүргенде алдым.

– Қызметте ұқсағыңыз келген, еліктеп, үлгі алған кімдер болды?

– Әскерден келіп, он күннен соң шаруашылық кеңсесіне бардым. Директор Жүсіпәлі Нүкетаев деген керемет адам еді. Амандастым, жылы қабылдап, жағдайымды сұрады. Аңқылдаған адам еді жарықтық, оны сол кезден бастап өзіме тұлға, үлгі тұттым. Оның жұмыс стилі, мінез-құлқы, алға ұмтылысы, күнделікті жұмыс тәртібі, еңбекқорлығы, елмен сөйлесуі, бәрі-бәрі мен үшін идеал болды. Әсіресе, жастардың бетінен қақпай, қайта қанаттандырып, алға ұмтылдыра білетін қамқорлығын қалай ұмытайын?! Керек кезінде адуынды, бет қаратпайтын мінезі де бар. Жұмысты беріліп істейтін. Сол кісіден өмірлік тәлім-тәрбие алдым. Қызметте азды-көпті жетістікке жеткен болсам, сол кісіден үйренгенім деп есептеймін. Бір сөзді, кесіп айтатын ол кісі бірде: «Шопыр болып жүресің бе, комсомол бол!», – деді.

Осылайша бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болдым. Спорт жөніндегі нұсқаушы деген міндетім тағы бар. Жаздай комбайн айдаймын, штурвалда отырып егін орамын. Тікелей міндетімді маусымның басқа мезгілінде атқарамын. Ол кезде сырттай оқимын. Үнемі жанына ертіп жүреді, жиналыстың бәрінен қалдырмайды. Сөйтсем, көрсін, үйренсін дегені екен. Осылайша ширатып, пісірді. Ол кісінің бір жаңашылдығы Дегересте комсомол жастар бригадасын құруы еді. Атауын «Құрдастар» деп қойдық. Бригада құрамындағы жастар қой бағып, мал бордақылайды. Тоқтының салмағын 60 келіден айналдыратынбыз. Жұмысты ойнап жүріп істейтін ай-хай жиырма бестің айналасындағылар бәрі де. Атымыз аудан асып, облысқа танылды. Жүлдеге ауыспалы ту мен екі рет Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің «Волга» көлігін жеңіп алдық.

Дегерестегі бес жыл хатшылық қызметімде Жүсіпәлі аға мені бәйгеге қосатын аттай баптаумен қатар баласындай қамқорлық танытты. Гүлмирамен бас қосқанымда ауыл клубында комсомол жастар тойын жасатты. Бес жүз адам келген тойда «Тамашаның» тарланы Құдайберген Сұлтанбаев асаба болды. Қызмет баспалдағында осы әлетке жетуім, алдымен әрине, Құдайдың қалауы, одан кейін әке-шешемнің бата-тілеуі және осы ағамның тәлім-тәрбиесі, өмірлік бағыт-бағдары.

– Сол кездері қандай оқиға ерекше есіңізде қалды?

– Адамның ең бір жарқын кезі жастық шақ қой. 1984 жылы жастар ұйымына партиялық басшылық жасау жөнінде қаулы шығып, ол барлық бастауыш ұйымда талқыланды. Бір күні мені облыстық жастар ұйымының жетекшісі Болат Тұрлыбеков шақырды. Сол кездегі облыс басшысы Кеңес Аухадиевтің ауданда болатын бір жиналысқа қатысатынын айтқан ол: «Егер Дегереске барса жиынды ойдағыдай өткізе аласыңдар ма?» – деп сұрады. Жасқаншақтанып, ойланып-толғанатын әдетім жоқ, бірден нақты жауап бергенді ұнатамын. Оның үстіне жас кезім, жүрек дүрсілдеп, өрекпіген көңіл шіркін ауыздықпен алысқан асау аттай алаулап тұр. «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін, алынбаған ақым бар сенде менің» дегендей, жастық жігер қыз-қыз қайнап тұр бойда. «Өткіземіз, аға!»  – дедім нық сеніммен.

Кешкі автобуспен сағат сегізде ауылға келсем, кеңсенің жарығы әлі сөнбепті. Галстугім қисайып кеткен, алқын-жұлқын ішке кіріп бардым. Жүсіпәлі аға отыр екен: «Кел, кел. Қайдан жүрсің?» – деді. Жақсылық-жаңашылдыққа жаны құмар адам еді ғой. Шақыртумен барғанымды айта бастағаннан елең етіп: «Не деп жауап бердің?» – деді соңын күтпестен тағатсыздана. «Өткіземіз, деп жауап бердім», – дегенімді естіп, жүзі жадырай: «Жарайсың!» деп риза болды. Облыстың бірінші басшысының ауылдағы жастар жиынына қатысуы тіптен сирек қой.

Он бес күн уақытымыз бар, сақадай-сай қылып бәрін дайындап, қараша айында күнілгері клубты жылыттық. Мені сөйлеуге Болат Тұрлыбекұлының өзі дайындады. Болатын күні аудан атқамінерінің бәрі біздің ауылда жүрді, үрмелі аспаптар оркестрі келді, зал толып отыр. Белгіленген уақытта Кеңес Мұстаханұлы келді. Әлі есімде, алдынан жүгіре шығып: «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем бердім. «Қал қалай, хатшы?» деді. Жақсы деудің орнына: «Тастай, аға!» деп тақ етіппін. Сонда жанымнан өтіп бара жатып: «Батыл екен» дегені әлі есімде.

Жиналыс ойдағыдай өтіп, екі-үш күннен кейін ауданға шақыртты. Жүсекеңе айтып едім, алдағыны болжайтын сұңғыла кісі емес пе, жұмысқа алатынын, ештеңеден тартынбай, артыма қарайламай бара беруіме кеңес берді. Мені аудан басшысы Бекайдар Жылқайдарұлының өзі қабылдады. Жақсы азамат болатын, одан да үйренгенім көп болғанын айту парыз. Оның ауданға жұмысқа келу ұсынысына бірден келістім. Жүсекеңе келіп: «Қыс келе жатыр, үйдегі шал-кемпір...» – дей беріп едім: «Оларға өзім қараймын, уайымдама!» – деді. Сөйтіп аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып шыға келдім.

– Қызметте сүрінген немесе әділетсіздік көрген кезіңіз болды ма? Басшы қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Жастар ұйымының екінші хатшысы болып бір жыл істегенде облыста ауыс-түйіс жүріп, ауданда да кадрлар өзгерді. Қарашадағы үлкен мерекені өзім диктор болып дүркіретіп өткізген күннің ертеңінде мені ауданның жаңа басшысы шақырып алып, бір-ақ сәтте қызметімнен босатты. Қандай кінәм барын білместен бұрылдым да жүре бердім. «Боссың!» деген бір ауыз сөз төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Жұмысымнан еш кінә тапқан жоқ. 27 жастағы жігіттің не жазығы бары осылайша беймәлім болып қала берді. Сөмкемді сүйретіп, әйелім мен баламды ерткен бойы еңсем түсіп ауылға қайттым.

Барсам, өз ауылым жұмысқа алмайды. Мен үшін бригадирліктің де есігі тарс жабылыпты. Жүсекең басқа ауылдағы кеңшарға ауысып кеткен. Бір айдан соң аудан басшысының екінші орынбасарының алдына барып, жанайқайымды білдірдім. Неміс ұлтының өкілі еді, обалы не, сөзіме құлақ асты. Алдындағы телефонды ала салып ар жақтағыларға: «Жас жігіттің бетін қайтарғандарың не?!» деп жекіді. Екі-үш айдан кейін бригадир болып, қызмет баспалдағын ауылымда төменнен қайта бастадым.

Ауылда мамандығыма сәйкес агроном болып жүргенде Дегерес жылқы зауыты бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайландым. 1991 жылы партия таратылып, орнына кеңес құрылды. Ол да бір қиын кезең еді, қуаңшылықтан жерде шөп жоқ, шаруалар шөп оруға сонау Оралға кетті. Жүсіпәлі аға аудандық кеңес төрағасы болып сайланып, мені өзіне көмекші етіп жұмысқа алды. Бір құлап тұрғаным сол. Қазір өзім отырған осы ғимаратқа кезінде қызметке үш рет күліп келіп, үш рет жылап шықтым.

– Тез шешім қабылдауда ағат кеткен кезіңіз болды ма?

– Жоқ, ондай әзірге болған жоқ. Мүлт кеткен, қап, әттеген-ай, бекер жасаған екенмін деген өкініш болған емес. Иә, тез шешім қабылдайтын адаммын. «Ойланайын, әке-шешеммен, әйеліммен ақылдасайын деген» жоқ менде. Бірден кесіп айтамын да, соны орындауға барымды саламын. Бүгін істейтін жұмысты ертеңге қалдырғанды ұнатпаймын. Айттың екен, орындауға тиіссің. Өзің істеген іске ешқашан өкінбеуің керек. Қызметкерлерден де соны талап етемін. Шешімді тез әрі дұрыс қабылдай білу маңызды. Ойға алдым ба, жылдамдатып іске асыруға асығамын.

Алдыңғы аптада Астана көшесін аралап шыққанда тамаша ой келді. Жолы әдемі, көшесі жақсы, ар жақта облыс әкімінің өзі лентасын қиған 1200 орынды тамаша мектеп бар, бірақ өзеннің екі жағы бос тұр. Осы тұсқа саялы ағаштар егуге тапсырма бердім. Жұма күні мекеме қызметкерлері бір кісідей сенбілікке шығып, өзен жағасына биіктігі үш метрлік мың түп терек, мың түп тал отырғызды. Судың бойында қазан көтеріп, шәйларын қайнатып, музыканттар әуен ойнатып, көңілденіп жүріп жабыла атқарып тастады. Келесі жолы тағы жалғастырамыз. Осылайша өзен бойын жасыл желекке толтырамыз. Бұл да бір серпіліс емес пе?! Жастармен кездесу ойыма келіп, оны ұйымдастырып жібердік. Тамаша кездесу болды. Жастық жігер, жалындаған рухпен өтті форум. Енді кәсіптік колледжге барып, оқушылармен жүздесемін.

– Аудандағы жұмысқа қандай баға берген болар едіңіз?

– Мен туған жерімді жақсы білемін дегеніммен, сыртта өткерген тоғыз жылда толайым өзгерістердің болғаны белгілі. Елге ел қосылыпты. Ауылдардың іргесі кеңейіп, көркейе түсіпті. Кешегімен бүгінді, қазіргімен ертеңді салыстыруға болмайтын жүрдек заманды бастан кешіріп жатырмыз, сондықтан «қазан аузы жоғары» дейтін тілектен біз де аса алмаймыз.

Диқандар егін ору науқанын сәтімен аяқтап, 15900 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 20 центнерден астық бастырып, 31800 тонна өнім алды. 31344 гектар жаздық арпаның да әр гектарынан 20 центнерден айналып, қамбаға 62688 тонна арпа құйылды. Қысқа қажетті мал азығын дайындау барысында 156200 тонна шөп жиналды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуына байланысты ауылшаруашылығы саласы бойынша 111347 гектар егістік жерлерді электрондық алқаптар базасына енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Суармалы жерлердің мүмкіндігін толық пайдалану мақсатымен «Әйтек» су қоймасына 146,7 млн. теңгеге, 1-ші және 2-ші Үңгіртас су қоймаларына 163,4 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Әйтек», «Үңгіртас», «Кировский» деп аталатын 3 магистралды каналдың және «Достық» су қоймасының жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сараптама алынды. Бозой, Айдарлы, Сарытауқұм ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 73 шақырымға созылатын Күрті су каналының 23 шақырымы тазартылып, 8 млн. теңгеге 19 шлюз жасалды. Жаңарған арнамен су келуіне байланысты аталған ауылдарда 1500 гектар егістік жерге бақша өнімдері егіліп, игілігін халық көріп жатыр. Жыл соңына дейін Күрті каналының қалған 50 шақырымына 1,9 млрд. теңгеге геомембрана төсеу жұмыстары атқарылмақшы. Алдағы уақытта одан бөлек 239 шақырымдық ішкі шаруашылық каналдарының төлқұжаты 20 млн. теңгеге ресімделіп, Үлкен Алматы каналының иелігіне өткізу арқылы бұл арналарды да жөндеуге қажетті қаражатқа ұсыныс берілмек. Осындай жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырсақ, Бозой өңіріндегі егістік алқаптарын шаруа қожалықтары толық пайдаланатын болады.

Өнеркәсіп өнімі өндірісінің жалпы көлемі 9 млрд. теңгеге жуықтап, нақты көлем индексі жүз пайыздан асты. Бірінші жартыжылдықта өнеркәсіп саласы бойынша Қарғалы және Шолаққарғалы ауылдарында «Гейдар» шаруа қожалығының сүт өңдеу цехы, «Каз Электрод» ЖШС-нің электрод шығаратын зауыты, «Қарғалы-1» ЖШС-нің жүн өңдейтін цехы іске қосылды. Сөйтіп, жалпы 109 адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Шағын кәсіпкерлік саласында 8748 нысан жұмыс істеп, 7 млрд. 192 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Осы салада 13568 адам жұмыспен қамтылған. Шағын кәсіпкерліктен бюджетке 1 млрд. 789 млн. теңге түсім түсіп, жергілікті бюджеттің 61,9 процентін құрады. Бөлшек тауар айналымының көлемі 8 млрд. 90 млн. теңге болып, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,6 процентті құрады. Аудан бойынша тартылған инвестиция көлемі 9 млрд. 735 млн. теңге болды. Құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Биыл ауданның 21 елді мекенінде 432,4 млн. теңгеге жергілікті полиция учаскелерінің тұрақ қосындары салынбақ.

Ауызсу жүйесінің құрылысы бойынша 864,5 млн. теңгеге 8 елді мекенде құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланса, осы мақсатқа бөлінген қаражаттың 225 млн. теңгесі игеріліп, Айдарлы, Көкдала, Қараарша, Жаңақұрылыс ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды. Жол жөндеу жұмыстары да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Биылғы бюджет бойынша 10,5 шақырым автомобиль жолын жөндеу жұмысына 689 млн. теңге қаржы қарастырылыпты. Соның дені игерілді. Ауданымызда осындай игілікті істер атқарылып, диқандарымыз мол табыс пен түсімге қол жеткізіп отыр.

– Сіз ауданда ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық кеңестің аппарат басшысы, «Ақтерек» кеңшарының директоры, жер қатынастары комитетінің бастығы, «Сұңқар» өндірістік кооперативінің төрағасы, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары, мәслихат хатшысы сияқты басшылық қызметтерді жемісті, тиянақты атқардыңыз. Жұмыс тәсіліңіз қандай? Адам бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз?

– Өз ақылыңмен жұмыс істеу керек, елдің ақылымен алысқа бармайсың. Өз ойың, жаңашыл идеяң болуы керек. Өзіңе деген нық сенімің болмаса ісің алға баспайды. Кісі ақысы деген болады, ешкімге қысастық жасамауға тиіссің. Жамандық жасасаң алдыңнан шығады. Кісі ақысы кісіде кетпейді. Осыны күнделікті аппарат жиынында мамандардың есіне салып отырамын. Адамның көңілін қалдыратындай ауыр сөз айтпау керек. Айтсаң ертең сол сөз алдыңнан шығады. Ешкімнің ар-намысына тимеуге қатты мән беремін. Менің жұмыс қағидам да, өмірлік ұстанымым да осы. Керек кезінде ешкімге есемді де жібермеймін, әркімді басыма шығармаймын.

Адам жұмысты қиналып емес, көңілденіп істесе нәтижелі болады. Атқа мінгенде тізгінді босатып та, керек кезде тартып та отырады ғой. Адам жылқы мінездес. Желдірте-шауып, аяңдап, жүрмей шабандаса қамшылайсың ғой. Жұмыс үрдісі де сол сияқты. Қажет болса қамшымен тартып қалғандай қаталдық та керек. Кадр бойындағы шыншылдықты, жұмысына адалдықты бағалаймын. Жаңа қызметке келдім екен деп кадрды оңды-солды ауыстыру әдетімде жоқ. Әрқайсысы өз орнында, жұмысын ретімен атқарып отырса нем бар қозғап. Осында әкім болып келгелі бергі 4-5 айдың жүзінде бір ауыл әкімін орнынан алғам жоқ. Денсаулығына байланысты бір әкім ғана өз ықтиярымен кетті. Орнына жергілікті жұртшылықпен ақылдаса отырып, сол ауылдың азаматын қойып едік, жұмысын дұрыс алып кетті. Ал жек көретінім – сатқындық, екіжүзділік, өтірік айту, сөзінде тұрмау, шамасы келмейтін іске уәде беріп, оны орындамау.

– Әңгіме соңында мерейтой иесінің отбасы туралы білсек.

– Құдай қосқан жарым Гүлмира Етекбайқызы екеуміз төрт бала тәрбиелеп, өсірдік. Ұлымызды ұяға, қыздарымды қияға қондырып, олардан немере сүйіп отырмыз. Тұңғышымыз Айсұлу жұбайы Асқар екеуі Алматыда кәсіпкер. Самал Талдықорғанда «Нұр Отан» партиясының қызметкері, жұбайы Алмат облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары. Димашым ҰҚК саласында қызметте, алтындай келінімнің есімі Дамира. Кіші қызым Назым күйеубалам Досан екеуі Алакөлдегі демалыс аймағында кәсіпкерлікпен айналысады. Бақытты отбасым барына тәубе деймін. Бала-шағамның демалыста үйге келгенінің өзі бір мереке-думан. Құдаларыммен сыйласып, немеренің балдай тәтті қылығына кенеліп жатқан жайымыз бар. Өмірдің қызығы да осы ғой.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы