Жолдау – өрлеу өзегі

Уақыты: 15.10.2018
Оқылды: 1164
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ҒЫЛЫМ ДАМЫМАЙ ЕЛ ӨРКЕНДЕМЕЙДІ

Елбасымыздың жаңа Жолдауы еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуы барысында атқарылатын ұлы мұратты алға тартады. Осынау аса маңызды құжаттың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталуының өзі өзекжарды мәселелерді ұсынғанын көрсетеді. 

Ондағы алты бағыттың ел тыныштығы, қарапайым еңбек адамдарының жұмыспен және жайлы пәтермен қамтамасыз етіліп, алаңсыз білім алуы мен денсаулығын сақтауға бағытталғаны қуантады. Қоғамды күйзелтіп отырған сыбайлас жемқорлық, күллі халқымызды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауыл проблемасы да биылғы Жолдауда нақты көрініс тапты.
Білім алу, денсаулық сақтау жөніндегі Елбасының ұсыныстары – күн тәртібінде тұрған мәселе. Оларды байыбына жеткізбейінше мемлекетіміз нығаймайды. Сондай-ақ, Жолдаудағы ғылым әлеуетін арттыру, ғылыми  кадрларды әзірлеу, мәселесі де өзекті. Ғылым дамымайынша, өндіріс дамымайынша  ел дамымайды, көркеймейді.
Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда: «Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуі тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамның ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын...» – деп жастардың жігерін жани түсті. Бұғанға дейін де жастарға қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, олардың сапалы дамуына мемлекет тарапынан қолайлы жағдайлар жасалып келеді. Дей тұрсақ та бір жылды тұтасымен жастарға арнау олардың болашаққа деген сенімі мен көзқарасын қалыптастыра түседі. 
Былтырдан бастау алған барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы жұртшылық көңілінен шыққаны белгілі. Міне, алдағы жылы да осы үрдіс жалғасып, жастар инновациялық ізденістерін жарыққа шығарып, өз мүмкіндіктерін көрсете алатын болады. Жас ұрпаққа көңіл бөлу  болашаққа деген жалпыхалықтық сенімді арттыра түсері анық.
Жалпы, Жолдауда айтылған басымдықтар елімізді бұдан да биік белестерді бағындыруға жетелейтіні ақиқат. Елбасы алдымызға қойған міндеттерді жүзеге асыруда ұйымшылдық көрсету – басты парызымыз.

Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты


ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙҒА БАСА МӘН БЕРІЛДІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауы жұртшылыққа жетті. Еліміздің әр тұрғынын жарқын болашаққа жетелеп, кемел келешекке апарар Жолдау үлкен өткелден сүрінбеуіне септігін тигізері сөзсіз. Ел дамуының темірқазығы болғандықтан мұның әр қазақстандық үшін маңызы зор. Биылғы Жолдаудың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталуының өзі әлеуметтік салаға басымдық берілгенін аңғартса керек.

Аталмыш Жолдау барысында ел Президенті жаңа міндеттерді орындау қажеттігін атап өтіп, қарқынды түрде дамыған әлем елдерінің қатарынан қалыспауды айтты. Елбасы сөзінде қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуы тиіс екендігін ерекше атап өтті. Лауазымды тұлғаның жеке тиімділігі мен қызметке лайықтылығы осы өлшем арқылы бағаланбақ. Әлеуметтік бағытқа басты назар аударған Елбасы халық табысының өсуін алға шығарып, айқын міндеттермен айшықтап берді. Осы бойынша әр азаматтың еңбекқор болуын, соған  лайықты жалақы алуын, жұмысын одан әрі жандандыруы керектігін ұсынды. Сонымен бірге жеке адам мен мемлекет арасындағы күш біріксе, еңбек қоғамы құрылатындығын нұсқады. Елбасы 2019 жылдың       1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1.5 есеге, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру керектігін тапсырды. Бұл өз кезегінде әрбір қазақстандыққа қуаныш сыйлап, жанына жігер беріп, жұмысқа құлшынысын оятары хақ. Аталмыш жалақы барлық сала бойынша артатындығы тағы айтылып, түрлі қызметкерлердің еңбекақысы жоғарылайтыны әлеуметтің  әлеуетінің көтерілуіне ықпал етпек. Елбасы осы орайда 7 бағытты жіктеп тарқатып, бизнестің жол картасы, тұрғын үй мәселелеріне айрықша мән беріп, заңсыз әкімшілік қысымнан қорғану, экспортқа бағытталған индустрияландыру, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті, инновациялық және сервистік секторлардың дамуы, ұзақмерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету керектігін атап өтті. Осы бағыттар бойынша қажырлы қызмет іске қосылса қазақстандықтар табысы еселенбек. Сондай-ақ, Елбасы тұрмыс сапасын арттыру тиімділігіне тоқтап, өмір сүру деңгейінің артуы әл-ауқатымыздың екінші сипаты болатындығын жеткізді. Осы орайда Үкіметке әлеуметтік секторға мән бере отырып бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарау керектігін тапсырды.         
Сондай-ақ, Елбасы әлеуметтік қызмет көрсету ісі бойынша тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселесіне ерекше мән берді. Президент әр азаматтың кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруі керектігін тілге тиек етті. Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту жайындағы жайт та жұртшылықты бейжай қалдырмасы анық. Осыған орай «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске қосылып, шет жатқан елді мекендердің де әлеуметтік ахуалының артуына себеп болмақ. Міне, Елбасымыз биылғы Жолдауында халықтың әлеуметтік әл-ауқа-тын арттыру жолындағы негізгі салалар қызметіне қажыр беріп, табысты болу жолында теңдессіз шаралар ұсынды. Ендігі кезекте біз аталған қызметтер қатарын нақтылап, берілген тапсырмалар жайын бұлжытпай орындауға тиіспіз.

Жанат Берікбай,
Райымбек аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы