Ел тірегі - татулық

Уақыты: 22.10.2018
Оқылды: 1405
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тәуелсіздік алған 27 жылдың ішінде талай жетістікке қол жеткіздік. Қай кезде болмасын, халқымыз ішкі алауыздық пен этносаралық тартысқа жол бермей, бірлік пен берекенің үлгісін көрсетіп келеді. Бұл – ең алдымен, еліміздің тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың этносаралық, конфессияаралық келісім негізінде қоғамдағы тұрақтылыққа бағытталған сындарлы саясатының жемісі.

Біздің ортақ міндет – бірлік пен берекені сақтау, соның негізінде экономика мен әлеуметтік саладағы бүгінгі жетістіктерімізді еселей түсу. Осы ретте Қоғамдық келісім кеңестерінің этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді одан әрі нығайтып, ортақ мүддені сақтаудағы рөлі зор. 
Еңбекші ауылдық округінде Қоғамдық келісім кеңесі 2017 жылы құрылды. Осы уақыттан бастап Кеңес ауылдық округтегі келеңсіздіктердің азаюына өз ықпалын тигізуде. Онда әлеуметтік мәселелердің реттелуіне, ауыл әкімдігінің тұрғындармен байланысын нығайтуға, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, бос уақытты тиімді пайдалану, ішімдік пен есірткіден бас тарту, жұмыссыздықты жою, отбасы әлеуетін дамыту сынды маңызды мәселелерге баса назар аударылып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың көкейінде жүрген көптеген өзекті мәселенің басшылыққа жетуіне ықпал етіледі. Мұның өзі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты болуына септігін тигізуде. Дегенмен, кейбір ауылдарда кеңес жұмысының әлі де қарқын ала алмай отырғанын жасыра алмаймыз. Соған сай «Қорамдағы қоқысты тазалап бер», «газымды жалғап бер», «малымның өлігін қоқысқа апарып бер», «бәріне әкім жауапты, барлық шаруаны әкім істесін» дейтін тік мінезді тұрғындар бар. Көшеге тұрмыстық қалдықты, үй жануарларының өлігін тастау сынды жағымсыз іс-әрекеттер кездеседі. Не үшін? Сол көшемен балалар мен қарттар, өзіміз жүреміз. Өзіміз ластаған ауамен өзіміз демаламыз. Сөйте тұра: «Балалар алаңы керек! Келешек ұрпақ тарықпасын!» – деп ұрандаймыз. Салынған алаңның есігін бір ай өтпестен сындырып, спорттық құралдарды майыстырып, адам шошырлық халге түсіреміз. Міне, қоғамдық келісім кеңесі осындай олқылықтарды болдырмауға барын салуда.
Қоғамдық келісім кеңесі халық пен биліктің арасына алтын көпір бола алады деп есептеймін. Ол үшін Кеңес мүшелері тұрғындармен күнделікті араласып, бірге жүруі керек. Сонда ғана өзекті мәселенің оңтайлы шешімін табуға болады. Мысалы, Қоғамдық келісім кеңесі былтыр Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева анамызға ескерткіш орнату мәселесін көтерген еді. Көпшіліктің қолдауын тапқан мәселе тез шешімін тапты. Зылиха Тамшыбаева анамыздың балалары 23 миллион теңгеге ескерткіш орнатып, аумақты абаттандыруға үлес қосты. Осылайша Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған жерге тағзым» акциясы біздің округте де жүзеге асты. Одан бөлек, Қоғамдық келісім кеңесінің ұсынысы бойынша Астана қаласының 20 жылдығына арнап «Көксудан төгілген ән мен жыр» атты өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Аудан әкімі Алмас Әділдің қолдауымен шыққан кітапқа үлес қосқан «Үш ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Шеңгелбаев кеңес ұсынысы бойынша 1937-1938 жылдары қуғын-сүргін көрген жүзден аса адамның өмірбаянын аудандық «Нұрлы Көксу» газетіне жариялады. Қоғамдық келісім кеңесі осындай аса маңызды мәселелерді шешу жолдары жайында әкімдікке ұсыныс білдіріп отырады.
Біздің ауыл аудан бойынша ең көрікті мекеннің бірі. Басқа ауылдар бізге қарап бой түзейді. Ауылымыздың негізі 1920 жылы қаланған. Алғашқы құрылған жылдары мұнда жұмыс қолы жетіспегендіктен маман кадрлар сырттан тартылған. Осы себеппен ауылымызға түрлі этностың өкілі келіп, орналасты. 
Округтегі негізгі сала – қызылша, содан кейін – егін, мал шаруашылығы. Болат Тоқсан- баев деген агрономның кеңесі мен Битай Тәтенова, Закария              Сейітова сияқты қызылшашылардың тәжірибесіне сүйеніп әр гектардан 600 центнерге дейін өнім алғаны үшін кеңшар директоры Зылиха Тамшыбаева Социалистік Еңбек Ері атанады. Аттары аталған екі апамыз «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды. Қызылшадан түскен табыс совхоз қаражатының 97 пайызын құраған соң-ақ ауылдың шаруасы өрге басады. Ал механизаторлық пен құрылыс жұмысына келген орыс, украин, белорус, чешен, кәріс этностарының өкілдері жергілікті халықпен тез тіл табысып, ынтымақпен еңбек етті, сыйласты. Сол дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Қазақ «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді. «Саусақ бірікпей ине ілікпейді» деген де бар. Алдағы уақытта жергілікті өзін-өзі басқаруға көшуге байланысты Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы одан әрі күшеюі тиіс. Ешкім сыртқа, сотқа, құқық органдарына жүгінбей-ақ мәселені ауылда шешсе нұр үстіне нұр болмақ. Жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті дамыту, оларды ізгі істерге баулу жұмыстарын ұдайы назарда ұстап отыру – басты парыз.
«Біз тәуелсіздік жылдарында сіздермен бірге көп жұмыс атқардық. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. Қазақстанның халықаралық беделінің артуына, оның өңірдегі геосаяси рөлін жоғарылату үшін елеулі жетістіктерге қол жеткіздік», – деді Елбасы. Осы орайда Мемлекет басшысы өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіндегі жауапты әрі қалаулы халықаралық әріптес ретінде елімізді дүниежүзі танитынын атап өтті.
Тыныштық, бірлік, татулық – елдің тірегі. Сондықтан осы ұғымдардың ұрпақ санасында қалыптасуына аянбай еңбек ету бүгінгінің басты талабы.

Асқар Алпысбаев,
Еңбекші ауылдық округінің әкімі
Көксу ауданы