ЖАСТАР ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРАДЫ

Уақыты: 06.11.2018
Оқылды: 989
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті мәселелердің шешуін көрсеткендей болды. Шындығында мемлекетіміздің өркендеуі жолында көптеген жұмыстар атқарылып, әлемнің назарын аудартатын игілікті істер жасалуда. Оның дәлелі көптеп саналады. Солардың қатарында білім саласында қолға алынған реформалардың түпкі мақсаты – өскелең ұрпақтың білімді, білікті маман болып шығуын ойластырудан туындап отыр.

Биылғы Жолдау халықтың әл-ауқатының жақсаруына арналғандықтан табыс көлемінің өсуі, онда да бюджеттік мекемелерде еңбек ететін қызметкерлер еңбекақысының орта есеппен 35 пайызға өсетіндігі көңілімізді қуанышқа бөледі. Шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету үшін ауылды жерлердегі кәсіпкерлерді оқыту керектігін ескерткен Президент оған қажетті қаржыны қарастыруды тапсырды. Қазіргідей индустриялы-инновациялық технология қарқынды дамыған тұста қажетті құрылғының тілін жетік білетін маман керек. Соған байланысты Назарбаев Университетінің базасында жасанды интеллект технологиясын әзірлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтын құруды тапсырған Елбасы алдағы бес жылда білім, ғылым, денсаулық сынды салаларға жұмсалатын қаражат көлемін ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізу қажеттігін ескертті. Сол арқылы мектепке дейінгі білім беру, яғни, балабақшалар мен яслилердегі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуды, ондағы мамандардың еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарауды Білім және ғылым министрлігіне жүктеді. Осыған орай өз сөзінде: «Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды. Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді» – деп білім саласына баса назар аударудың мерзімі жеткендігін ұғындырды. Соған байланысты алдағы жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң әзірлеп, қабылдау қажет екендігін атап өтті. Бұл мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлеріне арналған игілікті қадам.
Жоғары оқу орындарына бөлініп отырған көңіл мен ықыласты Жолдаудан анық байқадық. Онда Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру қажеттігіне баса көңіл аударған Елбасы облыс орталықтарындағы мемлекеттік университеттер мен институттардағы білім сапасын арттыру керектігін міндеттеп отыр. Шыны керек, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті осы талапқа сай келетін оқу орны болғандықтан көкірегімізді мақтаныш сезімі тербеді. Соған орай студенттерімізге еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің келешегі жастарға жасалып отырған қолдау мен қамқорлықтың деңгейін түсіндірдік. Сол арқылы білімге құштар тәлімгерлер өздеріне артылар сенім жүгін, жауапкершілікті айқын сезініп отыр.
Сыртқы саясат, экономика, мемлекеттік қызмет, денсаулық, экология, шағын және орта кәсіпкерлік сынды салаларды дамыту мен сыбайлас жемқорлық сияқты қоғамның жегі құртымен күресті күшейту керектігін алға тартып, аталған салалардың жұмысын жандандыруға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілетінін жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдымызда биік асулардың тұрғанын, соған бірлесе қадам басқанда ғана жетістіктерге жететінімізді атап өтті.
Ендеше, алдағы күндердің жарқын болуына әркімнің өз үлесін қосқаны жөн.

Сандуғаш СЫДЫҚБАЕВА,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің химия және биология
 кафедрасының оқытушысы