ӘЛЕУМЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 09.11.2018
Оқылды: 1468
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысында әлеуметтік қызмет деңгейі артып, мұқтаж жандарға түрлі көмек көрсетіліп келеді. Мәселен, ағымдағы жылы мүгедектерді оңалтуға 2 млрд. 900 млн. теңге бөлінген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік объектілерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында өңірлік бюджеттен 266 млн. теңге қарастырылып, 400 нысанға толық бейімдеу жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы Оқушылар сарайында облыс әкімінің орынбасары Жеңіс ТҰЯҚОВТЫҢ қатысуымен Әлеуметтік қызметкерлер күніне орай өткен жиында айтылды.

Салтанатты шара басында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін қызмет көрсетуге арналған 11 инватаксидің кілті табысталды. Айта кетейік, бүгінгі күні облыста тегін қызмет көрсететін осындай 20 арнайы автокөлік бар. Жыл сайын аталмыш қызметке сұраныс та артып келеді. Әлеуметтік қызметкерлер күнімен сала мамандарын облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, одан кейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Заида Илимжанова арнайы құттықтады.

– Сіздер әлемдегі ең ізгі әрі қиындығы мол мамандықтың бірін таңдадыңыздар. Бұған аса шыдамдылық, білім, тәжірибе және ерекше дағды қажет. Шын жүректен сіздердің осындай жанкешті еңбектеріңізге, мейрімділік пен қамқорлықтарыңызға, халықтың әлеуметтік осал тобына деген ыстық ықыластарыңызға Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атынан алғысымды білдіремін. Елбасының өзі әлеуметтік осал топтардың тұрмыстық жағдайына жете мән беріп келеді. Қариялар, көпбалалы ана, аз қамтылған отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар әрдайым мемлекет қамқорлығында болуы тиіс деп есептейді. Жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақының көбейіп отыруы – соның айқын дәлелі. Тек, материалдық жағдайын қамтып қана қоймай, әлсіз топты үнемі қолдап отыру қажеттігін Елбасы естен шығарған емес. Құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері, сіздерді мерейлі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, еңбектеріңізге зор табыс, игі жақсылықтар мен мол қуаныш тілеймін, – деді Жеңіс Тұяқов құттықтау сөзінде.

Сонымен қатар, Жеңіс Шылбынұлы әр салада әлеуметтік қызмет көрсететін үш мыңнан аса маман ел игілігі үшін талмай еңбек етіп жүргенін атап өтті. Одан бөлек, облыс бойынша төрт мыңнан аса азаматқа әлеуметтік көмек үйден көрсетіледі. Оның 1600-ден астамы мүмкіндігі шектеулі балалар болса, екі жарым мыңға жуығы жалғызбасты қарттар.

Салтанатты шарада Жеңіс Тұяқов бірқатар әлеуметтік жұмыскерлерге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін және «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ, Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен марапаттады. Облыстық «Еңбек жолы» байқауында топ жарған қатысушылар «Үздік әлеуметтік қызметкер», «Үздік тәлімгер», «Өндірістің үздік жас жұмыскері» және «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, 100 мың теңгенің сертификатын иеленді.

Мерекелік жиын облыстық Сүйінбай атындағы филармония өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА,

"Жетісу"