ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНДЕ ТАҒЫ ӨЗГЕРІС

Уақыты: 29.11.2018
Оқылды: 1760
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Халқымызда «Көш жүре түзеледі» деген нақыл бар. Шынында, еліміздің жаңа жинақтаушы зейнетақы жүйесі іске қосылған шақта қоғамда оған деген сенімсіздіктің жоғары болғаны анық. Тіпті тұрғындар арасында да түрлі түсініспеушілік орын алып, зейнетақы қорына аударылатын 10% мөлшеріндегі  міндетті зейнетақы жарнасын салық ретінде қабылдаған жағдай да көрініс тапты. Бұл жарналардың жеке зейнетақы шоттарында жинақталатындығын, болашақ зейнетақы осы жинақтардың есебінен төленетіндігін түсінбегендер болды. Осыдан жиырма жыл бұрын шотына алғаш зейнетақы жарнасы аударылғандар бүгінде зейнет жасына келіп, бейнеттеніп жинаған жинақтарының игілігін көре бастады. Отандық зейнетақы жүйесі өз бағытынан ауытқыған жоқ. Салымшылар мен алушылардың зейнетақы жинақтарын сақтау, инвестициялау және инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілу қызметі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес атқарылады. Десе де, арамызда зейнетақы жүйесі туралы кейбір сұрақтардың әлі де туындап қалып жатқаны жасырын емес. Редакцияға хабарласып, оның жауабын бізден білмек болатындар да бар. Соған орай біз «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Алматы облыстық  филиалының директоры Қанат ИСАЕВҚА жолығып, тұрғындардан түскен сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

 

– Қанат Нұрлыбекұлы, қазір кейбір тұрғындар зейнетақы жүйесіндегі базалық және ортақ зейнетақы жайын түсінбей жатады. Алдымен осы жайлы түсінік бере кетсеңіз.
– Бүгінде Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады: мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және жасына байланысты ортақ зейнетақы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына негізделген міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі және ерікті зейнетақы жарналарына негізделген жүйе. Солардың ішінде базалық зейнетақы 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін барлық зейнеткерге бірдей көлемде төленіп келгені белгілі. Бірінші шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша тағайындалады. Яғни, енді базалық зейнетақыны есептегенде еңбек  өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі толық ескеріледі. Егер зейнеткердің 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі жоқ немесе 10 жылға дейін болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. Ол биыл – 15 273 теңге. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 пайызына ұлғайып отырады. 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды. Ал жасына байланысты ортақ зейнетақыға келетін болсақ, ол 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар зейнеткерлерге төленеді. Бұл екі зейнетақы мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Сондықтан базалық зейнетақы мен ортақ зейнетақы туралы толық мәліметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан алуға болады.

Зейнетақы жүйесінің қалған деңгейлеріне де тоқтала кетейін. Міндетті зейнетақы жарналары 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының   10 пайызын құрайды. Бұл жарналарды зейнетақы Қорына жұмыс берушілер аударады. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды. Бұл жарналарды жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен еңбек жағдайлары зиянды деп саналатын жұмыстарды атқаратын жұмыскерлерінің пайдасына төлейді.

Үшінші деңгей бойынша ерікті зейнетақы жарналарының мөлшері және төлеу тәртібі салымшы мен Қордың өзара келісімі бойынша белгіленеді. Бұл  жарналар арқылы салымшы өз жинағын көбейте алады. Осылайша Қазақстанда бірегей зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Бұл ретте болашақ зейнеткерлерді зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және салымшы арасында оңтайлы үйлестірілген.

– Бізге бір оқырманымыздан мынадай сұрақ келіп түсті: «Мен өзім 1983 жылы туғанмын. Ортақ зейнетақы ала аламын ба?». Осы сұраққа жауап берсеңіз.

– Әрине, ала алмайды. Өйткені, 1998 жылы ол 15 жаста болған. Яғни, еңбек өтілі болмағандықтан ортақ зейнетақы ала алмайды. Оны алу үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі кемінде 6 айды құрауы керек. Оның орнына базалық және жинақтаушы зейнетақыға қол жеткізе алады. Осыған байланысты айтарым, 2040 жылдары 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ азаматтар зейнетке шыға бастайды. Сәйкесінше олар да өздерінің жинақтарына және базалық зейнетақыға ғана үміт арта алады. Оның үстіне қазір базалық зейнетақының өзі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі. Қазір Қордағы жинақтардың рөлі біртіндеп артып келеді және уақыт өте келе мемлекеттік зейнетақыға қарағанда басымдыққа ие болады. Сондықтан міндетті зейнетақы жарналарын Қордағы жеке зейнетақы шотына тұрақты аударып тұру және жарналардың түсуін қадағалап отыру өте маңызды. Ал Қордағы зейнетақы жинақтарының қомақты болуы аударылатын жарналардың көлеміне және жиілігіне тікелей байланысты.

– Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары қайда инвестицияланады?

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сенімгерлікпен басқарады. Бұл ретте қаражатты басқару тиімділігін арттыру, инвестициялау бағыты мен қаржы құралдарының түрлерін айқындау Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске жүктелген. Сондай-ақ, Ұлттық Банктің инвестициялық қызметін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңесі қадағалайды. Ал сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімін жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Ұлттық Банк зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық шешімдерді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясына сәйкес қабылдайды.

Қазіргі уақытта зейнетақы активтерінің портфелінде Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарының үлесі басымдыққа ие, ол – шамамен 47 пайызды құрайды. Өйткені бұл ең сенімді және жоғары өтімді инвестициялардың бірі болып саналады. Ал екінші деңгейдегі банктерге жасалған инвестицияның жалпы үлесі – 17 пайыз. Айта кетелік, 2016 жылдың басында бұл көрсеткіш – 34 пайыз болған. Шетелдердің мемлекеттік бағалы қағаздары мен халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына жұмсалған инвестицияның үлес салмағы шамамен 15 пайызды құрайды. Бұл туралы толық ақпаратты Қордың ресми сайты арқылы білуге болады.

– Зейнетақы активтері не үшін екінші деңгейдегі банктерге инвестицияланады? Олар бірінен соң бірі жабылып жатыр емес пе? Ертеңгі күні жинағымыздың зейнетін көре алмай қалмаймыз ба?

– Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі әртараптандырылған. Сондықтан зейнетақы активтері тәуекелі төмен, табысы тұрақты, ұлттық және шетелдік  қаржы құралдарына инвестицияланады. Ондағы мақсат – болашақта тұрақты инвестициялық табыс алып тұру. Зейнетақы активтерін екінші деңгейдегі банктерде инвестициялау тек нарық жағдайында жүзеге асырылады. Қор екінші деңгейдегі банктердің облигацияларына қатысты жалғыз инвестор емес. Ол бұл бағалы қағаздарды кез келген уақытта сатып алуға және сатуға құқылы. Демек, алаңдаудың реті жоқ. Керісінше, зейнетақы жүйесіндегі соңғы өзгерістерден хабардар болып, болашақ өмірімізді кепілдендірудің жолын игергеніміз дұрыс.

– Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін қайда жүгінуге болады? Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз. 

– «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары мен мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi. Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін зейнеткерлік жасқа толған азаматтар, I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар, шетелге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және осы төлемді алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері алуға құқылы.

Биыл қазан айында зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды оңтайландыру мақсатында Композиттік қызмет іске қосылған болатын. Соған сәйкес зейнет жасына толған азаматтар мемлекеттік бюджеттен берілетін зейнетақылар мен Қор төлемдерін және мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін бірыңғай өтініш пен қажетті құжаттарды тек бір жерге – «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырады. Айырма төлемін алу үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ. Бұрын бұл азаматтар Қордан зейнетақы төлемдерін алу үшін Қорға жүгінетін. Осы ретте Қорда зейнетақы жинақтары бар, I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар және Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін зейнетақы төлеу тәртібі өзгеріссіз қалады. Олар зейнетақы жинақтары есебінен төлемдерін алу үшін Қорға жүгінеді. Ал мемлекеттік зейнетақылар мен мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін бірыңғай өтінішпен Мемлекеттік корпорацияға барады.

Мемлекеттік корпорация зейнетақы төлемдерін алушыға қатысты Қордан тиісті мәліметтерді алған соң оның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляцияны ескере отырып, шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасын осы кезеңде шотқа енгізілген зейнетақы жарналарының сомасымен салыстырып тексереді. Егер алушының Қордағы зейнетақы жинақтарының сомасы, яғни инвестициялық табысты қоса есептегендегі жалпы табыстылығы инфляцияға тең және одан жоғары болса, айырма сомасы төленбейді. Ал егер инфляциядан төмен болса, Мемлекеттік корпорация айырма төлемін есептейді. Бұл сома біржолғы төлем ретінде республикалық бюджет есебінен алушының банк шотына 10 жұмыс күні ішінде аударылады.

– Зейнетақы жүйесі дамып жатыр. Алдағы уақытта жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу туралы әңгіме көтеріліп жатыр.  Бұл жарналар қашан енгізіледі?

– Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу 2020 жылдан бастап қолға алынады. Соған сәйкес барлық отандық жұмыс берушілер еңбек жағдайына қарамастан өз қаражаты есебінен жұмыскердің пайдасына олардың айлық жалақысының 5 пайызын Зейнетақы қорына аударып отырады. Ондағы жинақтар жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Шартты зейнетақы шотындағы жинақтар оған өмір бойына ай сайын төленіп отырады. Бұл төлемдер шартты-жинақтаушы жүйедегі жинақталған қаржыны салымшылар арасында қайта бөлу, үлестіру арқылы жүзеге асырылады. Заң бойынша шартты зейнетақы шотындағы жинақтар зейнеткерлікке шыққан жандарға, сондай-ақ, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандарға төленеді. Бұл үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары олардың шартты зейнетақы шотына кемінде 60 ай (5 жыл) тұрақты түрде аударылған болуы керек. Алғашқы төлемдер жоспар бойынша 2025 жылдан бастап жүзеге асырыла бастайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен - Қажет АНДАС