ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТАТУЛЫҚ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕЛЕДІ

Уақыты: 05.12.2018
Оқылды: 2281
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ
Еліміздің тұтастығы, береке-бірлігі әрбір өңірді мекен еткен халықтың ымырашылдығына, ауызбірлігіне тікелей байланысты. Өзара келісімді ту еткендердің абыройы асқақ, жүзі жарық. Бір ауылда тұрып, береке-бірлікті ұстағандар мемлекеттің іргетасын берік етеді. Қазақстанның оңтүстік-шығыс шекарасында жатқан Қарадала өңірі ресми түрде Ұйғыр ауданы деп аталады. Аудан әкімі Шухрат Нұрахунов аймақтағы келісім мен ынтымақтың, әлеуметтік-экономикалық дамудың жай-күйін әңгімеп берді.
 

– Шекараның шетінде, желдің өтінде жатқан Ұйғыр ауданының тарихына тоқталмау мүмкін емес. Биыл облыстың бірқатар ауданы 90 жылдық мерейтойларын атап өтті. Артынан ерген елге бас болып, халықтың тұрақтануына әсер еткен Жарты Сүйерқұлұлы, қазақ ән өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған Сәдіқожа Мошанұлы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Күрішбек Көжекбаев, белгілі ақындар Нұрлан Оразалин, Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхан, актерлар Бекжан Тұрыс, Қуандық Қыстықбаев, Нүркен Өтеуілов, дәстүрлі әнші Ерболат Шалдыбеков сынды таланттарды туған өлкенің тарихы қай кезден басталады?
– Иә, біздің ауданның да өзіндік тарихы бар. Ауданымыз Қазақстан Орталық Атқару комитетінің 1935 жылғы 9 қаңтардағы қаулысымен құрылады. Сол қаулы 31 қаңтарда Бүкілодақтық атқару комитетінің қаулысымен бекітіліп, аудан құрамына Іле өзінің оңтүстік жағалауы мен Кеген ауданының тау бөктеріндегі аймақтары енгізілді. Сол жылы ақпанда өткен Алматы облыстық партия комитеті бюросының шешімімен және Алматы облыстық атқару комитетінің 10 ақпандағы қаулысымен Ұйғыр ауданының құрамына Жаркент ауданынан Ават, Ақтам, Үлкен Ақсу, Үлкен Дихан, Дардамты, Добын, Кетпен, Қалжат, Кіші Ақсу, Кіші Дихан, Тасқарасу, Тигермень, Шарын, Шонжы, Сұңқар ауылдық кеңестері, Кеген ауданынан Бірлік, Сүмбе, Бөдеті, Пияздық, Тоғызбұлақ ауылдық кеңестері енгізілді. Алғашында аудан орталығы Добын ауылы болды. Сол жылы аудандық кеңеске қарайтын жер комитеті, халыққа білім беру бөлімі, есептеу бөлімі, ауылшаруашылығының есеп бөлімі, Ұйғыр-Кеген тері өңдеу одағы, банк, аудандық халық соты, аудандық прокуратура сынды мекемелер құрылып, халықтың игілігіне еңбек етті. Одан бөлек, аудандық пошта мен азаматтық хал актілерін жазу бөлімі жұмыс істеді. Осындай мақсатты жұмыстың негізінде 1935-1946 жылдары ауданның Подгорное, Қалжат, Үлкен Ақсу ауылдарында орта мектептер, Ават, Тиірмен, Шарын, Шонжы, Кетпен, Добын, Сұңқар, Тасқарасу, Сүмбе ауылдарында 7 жылдық, Кіші Ақсу, Ақтам, Дардамты, Кеңес, Сартоғай, Сарбұлақ, Қызыл Ту, Кеңлік ауылдарында бастауыш мектептер ашылды. Халықтың денсаулығын қадағалап, аурулар мен науқастарды емдеуді денсаулық сақтау бөлімі тіркеп отырды. Алғашында осы салалардың жұмысында маман жетіспеушілігі болғаны анық. Ұжымдастыру жылдарындағы, кейіннен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ауыртпалықты аудан халқы бірлесе көтеріп, жетістікке қатарласа қадам басты. Одан кейінгі жылдарда Қазақ КСР-нің өркендеуіне үлес қосқан халқымыз Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосып келгені белгілі. Бұл біз үшін мақтаныш. Қазіргідей өнеркәсіптік төңкеріс кезеңінде аудан халқы заман ағысынан қалыспай, мемлекет ұстанып отырған саясаттың тиімді жүзеге асуына лайықты үлесін қосуда. Сондай-ақ, бұл өлкеде Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, Халық Қаһарманы Мөрдун Теипов, Қазақстан Жазушылар одағынының мүшесі, жазушы, ақын, драматург Шайим Шаваев, Еңбек Ері Рахилям Сеитова және көрнекті ұйғыртанушы ғалым, Қазақстан пәндер академиясының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Гожахмет Садвакасов сынды таланттылар өмірге келген.
– Аудандағы «Қалжат» кеден бекеті, Шарын табиғи қорығы, ыстық сулы демалыс орындары сынды маңызды нысандар туристер мен кәсіпкерлер үшін аса тартымды әрі қызықты сала саналады. Осындай нысандардың табысы аудан жұртшылығының қажетін өтей ме?
– Сіз айтқан аудан аумағына жататын «Қалжат» кеден бекеті, Шарын табиғи қорығы, ыстық сулы демалыс орындары сынды нысандардың басты жақсылығы  – жергілікті халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретіндігінде. Тіпті, жұртшылықтың табысы осы нысандар арқылы табылады десем, артық айтқандық емес. «Қалжат» кеден бекеті алыс-беріске көп шығатын кәсіпкерлер үшін көршілес Қытай Халық Республикасымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін төте жол іспетті. Ал, шипа сулы арасандар мен Шарын ұлттық табиғи қорығы туристер үшін таптырмас мекен. Шетелдіктерді айтпағанның өзінде өз еліміздің азаматтары жыл сайын Шарын шатқалына сапарлап, ондағы ерен тоғайын тамашалауды әдетке айналдырған. Сонымен қатар, ыстық суға түсіп, денсаулығының түзелуін қамтамасыз етеді. Өйткені құрамында минералды заттар молынан кездесетін демалыс орындарында негізінен денеге тұз жиналу, суық тию, құяң, тері аурулары секілді дерттерге шипа су бар. Осыған орай ыстық сулы демалыс орындары Шарын ұлттық табиғи қорығының басшылығымен келісіп, арнайы маршруттар дайындап отыр. Мысалы, ыстық су көзінен халыққа қызмет көрсететін орын ашып, халықтың игілігіне бөленген «Экопарк Тур» кешені демалушыларын алдымен әлемнің өзге елдерінде кездеспейтін ерен тоғайына апарып, әсем табиғат аясына сапарлатады. Сол арқылы сырттан келушілерге еліміздің көркем, сұлу өңірлері насихатталып, арнайы кітапшалар таратылады. Міне, осы туризм бағытының өзі ауданымыздағы жұртшылықтың тұрақты жұмыспен қамтылып, табыс табуына мүмкіндік береді. Тағы бір айта кететін нәрсе – демалыс орындары бағасының қолжетімділігі дер едім. Себебі, ауданда тіркелген ыстық сулы 48 демалыс орны көрсететін қызметіне, ұсынатын орындарына байланысты бағасын да әртүрлі қойған. Сондықтан маусым сайын мыңдаған адамға жұмыс беріп отырған нысандардың аудан үшін берері мол.
– Еліміздегі бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылықтың әлемнің өзге мемлекеттеріне үлгі болып отырғаны белгілі. Осы бағытта ауданда қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Жалпы ауданда қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға үлес қосатын қоғамдық бірлестіктердің белсенділігі ерекше. Ауданның әрбір ауылында жергілікті халықтың қолдауымен тағайындалған жігітбасы той өткізу, өлім ұзату сынды өмірлік салт-дәстүрлерді ұйымдастырып, мұқтаж жандардың қажеттілігін өтеуді қолға алады. Әдетте, жігітбасылыққа ел ішінде беделді, қабілет-қарымы жоғары, білікті, білімді, көпшілікпен тіл табыса алатын азаматтарды сол ауылдың немесе көшенің  тұрғындары таңдайды. Өйткені ауылдың, елдің жайын жақсы білетін, әрбір тұрғынның жағдайына жетік жандар ғана тұрғындардың мұқтаждығын қамтамасыз етуге күш салады. Осындай ерекшелігі басым азаматтардың белсенділігі мен іскерлігін пайдаланып, қоғамдық-саяси жұмыстарды өз деңгейінде дұрыс атқарып келеміз. Соның арқасында аудандағы 49 жігітбасы игілікті істердің, қажетті шаралардың ұйытқысына айналып отыр. Осы орайдағы іс-шаралардың тиімділігін дұрыс түсінген аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері жігітбасыларды ұлтаралық түсініспеушіліктің алдын алуға пайдаланып, теріс пікір айтушылармен, Шығыс Түркістанға байланысты тыйым салынған әдебиетті, түрлі эмблемалар, күнтізбелер секілді ақпараттық материалдарды таратушылармен сөйлесіп, түсінік жұмыстарын жүргізуге бейімдеді. Осындай аса маңызды мәселелерді шешу жолында өзара келісе отырып, жігітбасыларды ауылдардағы Қоғамдық кеңестердің құрамына кіргіздік. Қазіргі күні жігітбасылар баспасөз науқаны, сайлауалды жұмыстарын, өнерпаздар мен әртістердің ауылдық округтердегі концерттік бағдарламасын өткізу сияқты қоғамдық шараларды жүргізуге атсалысады. Соған орай өңірдегі этномәдени орталықтардың жетекшілері мен мүшелері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын таныстыруда, насихаттауға белсенділік танытып келеді. Жалпы, әрбір ауылдық округтің әкімі жігітбасыларын ай сайын жинап, сол тұстағы мәселелерді тиімді шешуді қолға алады. Мысалы, соңғы бір айдың ішінде ауданда ескі үйлерден өрттің шығуы жиілеп кетті. Оған негізінен әбден тозығы жеткен электр сымдарының тұйықталуы себеп болып отыр. Шындығында тілсіз жау деп аталатын өрт ешкімді аямайды. Мал-мүлікті жалмағанымен қоймай адам өліміне апаруы мүмкін. Осындай келеңсіз жағдайды болдырмау үшін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек-ақ. Оған жігітбасылар таптырмас көмекші. Әрбір тойға, жаназаға барған жұртқа осы мәселені дер кезінде жеткізіп, ескірген электр желілерін тексеріп шығу қажеттілігін ескертуде. Егер біз айтсақ, оны қарапайым халық басқаша түсінуі мүмкін. Ал, ауылдастар арасынан шыққан азаматтардың айтқан сөзінің әсері ерекше болады. Бір сөзбен айтқанда ағайындықты, туысқаншылықты дұрыс пайдаланып отырмыз дер едім.
   Аудандағы барлық жігітбасылардың, ақсақалдар алқасының, аналар мен жастар кеңестері мүшелерінің мәлімет базасы жинақталған. Аудандық Қоғамдық кеңес бұл құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс атқарады. 
   Әрине, ел болғаннан кейін, бес саусақ бірдей емес дегендей, әртүрлі теріс пікір айтушылар мен жағымсыз әрекеттер шығып жатады, тіпті, жастар арасында да мұндай жағдайлар байқалып тұрады. Дегенмен, осындай келеңсіз әдеттер мен өрескел нәрселерді болдырмау, алдын алу мақсатында тынымсыз жұмыс атқарылады. Егер бір шетін оқиға бола қалған жағдайда қоғамдық ұйымдар мен учаскелік полиция қызметкерлері ондай мәселелерді ұйымдасып шешеді. Шынын айтқанда, еліміздегі тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің артында халықтың кеңпейілділігі мен келісімі жатыр дер едім.
– Енді өз басыңызға қатысты сұрақтарға тоқталсақ. Мемлекеттік қызметкерге артылатын жауапкершілік жүгінің ауыр екені белгілі. Әкімдік қызметке араласқаныңызға қанша уақыт болды? Кімдерді ұстаз деп танып, кімдерді үлгі тұтасыз?
– Аудан әкімі болып тағайындалғаныма қыркүйек айында бір жыл болды. Оған дейін аудандық салық бөлімінде еңбек еттім, одан кейін аудан әкімінің орынбасары болып он жылдан астам уақыт қызмет атқардым. Мен үшін тағылымы мол ұстаз ең алдымен үлгі-өнеге көрсеткен ата-анам дер едім. Мынадай жарық дүниеге әкелді, түнгі ұйқысын мың бөліп, жақсы тәлім-тәрбие берді, қаріп танытып, жоғары оқу орнында оқытты, өмірдің өзінен ғибрат алдырып, ақыл тоқытты. Сондықтан әке-шешемнің берген тәрбиесін әрқашан естен шығармай, әркез рахмет айтамын. Кейіннен салық бөлімінде болсын, әкімнің орынбасарлығында болсын, қазіргідей аудан әкімі қызметінде болсын, қатарластарымнан, әріптестерімнен көп нәрсе үйреніп, көп нәрсе алдым. Сіздермен байланыс орнатып отырған баспасөз хатшым Талант Ахметовті алайықшы. Оның айтқан пікірі мен берген кеңесін бағалаймын. Одан әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріліп жатқан мәселелер мен оқиғалардың астарын, маңызын сұраймын. Ол білгенінше айтып береді. Сол арқылы ой қорытамын. Яғни, бүгінгі деңгейге жетуіме қасымдағы әріптестерім мен қатарластарымның қосқан үлесі баршылық. Мұны ұдайы айтудан танған емеспін. Әрине, салалық ұстаздардың болғанын жасыра алмаймын. Салық басқармасында Тоқтасын Нұрсейітов деген бастығым болды. Одан кейін маған дейін аудан әкімі болған Владимир Тохтасунов, Коюмчан Омаров, Әлімжан Тохтасунов сынды азаматтардың өмірлік ұстанымынан, қызмет ету тәртібінен көп нәрсе үйрендім. Бұл кісілер әлі күнге дейін хабарласып, ақылдарын айтып тұрады. «Баталы ер – арымас» дегендей, мен аудан әкімдігіне тағайындалғанда көпшілік ақ тілегін айтып, жанашырлық батасын берді. Солардың көпшілігі ауданды 18 жыл басқарған Әшім Арзиевке ұқсауымды, дәл солай еңбек етуім қажеттігін ескертті. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі болған қайраткер ағамыздың еңбегін халық әлі күнге ұмытпай еске алып тұрады. Осылайша айналамдағы ел-жұрттан үлгі-өнеге алып, жақсыларға ұқсағым келеді. Расында адам есейген сайын заманынан үйреніп, білімін жетілдіре түседі екен. Сол себепті, ұстаздарым көп дей аламын.
– «Бала – бауыр еті» деп жатады халқымыз. Бала тәрбиесін қалай жүргізуді жөн деп санайсыз? Себебі, уақыты тығыз мемлекеттік қызметкер көбіне ұрпағына көңіл бөле алмай жатады.
– Құдайға шүкір, бес балам бар. Кішісі 3 жаста. Өмір болған соң өздеріңіз секілді журналистер қауымымен жиі кездесеміз. Солардың бірі: «Бақыт деген не?» – деп сұрап еді. Мен бала-шағамның ортасында шүйіркелесіп, үлкендерінің сабағын сұрап, кішісінің еркелеген тіліне қуанған сәтімді бақытты шақ деп есептеймін. Кейде жұмыспен түннің бір уағына дейін жүресің, кейде сенбі-жексенбіде той-томалаққа қатысып, үйге кештетіп ораласың. Сондайда балаларымды бір иіскемей жатпаймын. Әсіресе кішісін еміреніп сүйемін. Оларды сүйген сайын шаршауым басылып, күнделікті жұмыста кездесіп жататын ауыртпалықты ұмытып шыға келемін.
   Мемлекеттік қызметтің тынымсыздығы бала тәрбиесіне толық қатысуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан да болар, көптеген үлкен кісілердің ұрпағы еркін өсіп, бақылаудан шығып кетіп жатады. Осындай болмас үшін зайыбым тұңғыш қызымыз дүниеге келгеннен бастап жұмысты қойды. Онысына рахмет айтып, көңілін көтеріп қоюды ұмытпаймын. Егер «жұмысқа шығамын, қарайып қалдым, дипломым жарамай қалатын болды» десе, мамандығы бойынша еңбек ететіні анық қой. Екі қолға бір жұмыс табылады. Қазіргідей мүмкіндік мол кезеңде кез келген салада іс жүргізуге болар. Алайда баланың тәрбиесі ана үшін алдыңғы орында тұратынын ұмытпай, ұрпағымның дұрыс өсуіне мүмкіндік жасап келеді. Оның үстіне қазіргідей цифрландыру, технология заманының бар мүмкіндігін пайдалануға тырысамын. Яғни «Күнделік.КЗ» сайты арқылы балаларымның бағасын біліп, ұстаздарымен телефон арқылы болса да сөйлесіп тұрамын. Осының өзі үлкен көмек береді екен. Қазіргі мемлекеттік қызмет саласының өзі демалысқа баса назар аударып, мамандардың сенбі-жексенбі күндерін дұрыс өткізуін қадағалап келеді. Осының өзі ұрпақ тәрбиесіне мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөліне бастағандығынан хабар береді. Үлкен қызым биыл өзім бітірген халық шаруашылығы университетінің жергілікті мемлекеттік басқару факультетіне оқуға түсті. Оған да алаңдаймыз, оқуын, тұрмыс-тіршілігін ұялы байланыс арқылы көріп, біліп тұрамыз.
– Спорт деген көрушісін арбайтын бір сиқыр бар. Сол арқылы деннің саулығы, тәннің шымырлығы қалыптасады. Өз басыңыз спортқа қалай қарайсыз немесе спорттың қай түрі қызықтырады?
– Шыны керек, спорттың барлық түріне қызығамын. Алайда өз басым спортты жаныма серік еттім, ана түрімен айналысқанмын, мына түрін меңгергенмін деп өтірік айта алмаймын. Бала күнімде көшеде доп қуып, футбол ойнайтынбыз. Бірақ онымен спорт ретінде тұрақты айналыспаппын. Осыған орай ең құрығанда ұлым айналыссын деген оймен: «Жүгірумен айналыс, футбол ойна!» – деп жүрмін. Одан бөлек, әрбір адамның арманы болады ғой, менің де сондай ерекше арманым – хоккей біріншілігіндегі еліміздің «Барыс» командасының ойынын көргім келеді. Өйткені, нағыз жарысты жақыннан көрудің үлкен әсері болады екен. Бұл жөнінде Алматыда өткен Ақ Азиада ойындарына арнайы барған көршім айтты. Конькидің мұзды қырып сырғанауында, шайбаға тиген соққы үнінде, хоккейшілердің барын салып таласқанында ерекше бір тартымдылық бар дейді. Студенттер ойнағанның өзінде үлкен айырмашылық бар екенін көріп, сезіне аласың. Әрине, күнделікті спортпен айналысып, жаттығу жасауға мүмкіндік бола бермейді.
– Аудан әкімі болу – бар саланың жұмысын жетік меңгеру керектігін меңзейді. Өңірдегі мәдениет, әдебиет, өнер саласы қалай дамуда? Кітап оқисыз ба? Қандай шығармалар оқығанды ұнатасыз?
– Мемлекеттік қызмет біздерге көп оқуды, білімімізді жетілдіруді талап етеді. Мұны тіпті бүгінгі күннің талабы десек қателеспейміз. Өйткені күнделікті дамып жатқан технологияның тілін меңгермесеңіз артта қалуыңыз оңай. Сондықтан мүмкіндігінше бар әдебиетпен танысуға тырысамын. Әсіресе, тарихи кітаптарды сүйіп оқимын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын бүкіл ел болып талқылап жатырмыз. Әлемдік өркениетке еліміздің қосқан үлесін нақтылап, келешегімізге бағыт-бағдар берген мақаланың мән-маңызы тереңде деп білемін. Онда тарихтың қатпарлы парақтары жасырған мәліметтер нақты дерекпен берілген. Бір сөзбен айтқанда дер кезінде жазылған мақаланың оқырманға берері көп. Сондықтан қажетті әдебиетті іздеп жүріп оқуға бармын. 
   Биыл ауданда мемлекеттік тілді меңгеру туралы ауқымды жиналыс өткіздік. Оған көпшілікке танымал саясаттанушы Дос Көшім қатысып, өз ойларын алға тартты. Сол кісі жиында сөйлеген сөзінде: «Ломоносов келгенге дейін орыс мәдениеті ағылшын, француз тілінде сөйлеген. Сол кездегі Ресей патшасы Екатеринаға орыс тілінің ауқымы кеңдігін түсіндіреді. Содан бастап, орыс тілі әлемдік тілдердің қатарына кіруге бет алды. Бізде де солай қазақ тілінің өркендейтін кезеңі келді. Сондықтан мемлекеттік тілде сөйлеп, барлық құжатты мемлекеттік тілге көшіруіміз керек» – деген ойды айтты. Сол сөз есімде қалыпты. Бірден кітапханаға барып, әйгілі ғалым Михайл Ломоносовтың өмірбаянымен танысып, интернеттен Ломоносов туралы фильмді көріп шықтым. Шынында орыс тілінің әлемнің тілдерімен тең жағдайға жетуіне ғалымның сіңірген еңбегі мол екен. Міне, бір мәліметтің соңына түсемін деп осылайша бірнеше кітапты оқыдым.
   Ауданымызда қолына қалам алып, поэзия мен прозаны жанына серік еткен жандар баршылық. Солар бір кітап шығарып беруді сұраған. Соны жыл соңына дейін шығарып, тұсаукесерін жасасақ па деген ой бар. Жинақталған кітап қазір баспада жатыр. Енді соны оқып, өңірдегі қаламгерлердің деңгейімен танысамыз.
– Жетісу жері құнарлылығымен ерекшеленеді. Оның бір пұшпағы саналатын Ұйғыр ауданында диқаншылықтың қатты дамығаны көп айтылады. Өңірдің басты бағыты қалай дамуда?
– Әрине, біздің аудан бақша дақылдарымен бірге көкөністі көптеп өсіретін өңір саналады. Дегенмен, ауданымызда негізінен жүгері дақылының үлес салмағы басым. Ауданға тиесілі 23 мың  гектардан астам жеріміз түгелдей суармалы алқапқа жатады. Соның 11 мың 700 гектарына жүгері салынған. Диқандарымыз ала жаздай тыным таптырмаған еңбегінің жемісін жеп отыр. Себебі, жүгері өткізудің қиындығы осы күні жойылған. Жанымыздағы Панфилов ауданындағы «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС-на және Алматы қаласына өткізеді. Яғни, шаруалардың өз өнімін ұнаған зауытқа немесе кәсіпорынға өткізу мүмкіндігі бар. Осыған қарап жүгері алқабы көлемінің жыл өткен сайын ұлғая беретінін байқау қиын емес. Жақында ғана бір инвесторлар жүгері-сірне зауытын салуға байланысты өз ұсыныстарын айтты. Жоба әлі де толық қолға алынбағандықтан ол жөнінде ештеңе айта алмаймын. Одан бөлек, ауданымызда абрикос, қараөрік, шабдалы сынды дақылдарды молынан өсіріп, арнайы бренд жасасақ па деген ойымыз бар. Қазірдің өзінде 3 мың 900 гектардан астам жерге жаңадан бақ отырғызылуда. Алдағы уақытта жеміс бағының көлемін 6-7 мың гектар жерге жеткізсек деп отырмыз. Өйткені жеміс бағына қажетті көшетті шығаратын екі мекемеміз бар. Оның бірі ресми түрде патенттелген «Тенрикут» шаруа қожалығы жеміс питомнигі ретінде абрикостың, қараөріктің, шабдалының көшеттерін шығарады. Жергілікті халықтың өзі жеміс бағының пайдасы мол екенін жақсы түсінді. Жаңбырлы, өнімді жылы бір гектардан 30 мың долларға дейін табыс табуға болады екен. Алушылардың өз жүйесі бар. Біздің абрикостар Мәскеудің сауда орталықтарына барады. Міне, осы бағытта жасалатын жұмысты жеделдетуіміз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылшаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге көтеру жөніндегі тапсырмасын осы бағыттармен ғана орындай аламыз.
– Жердің көркі – төрт түлік. Аудандағы мал шаруашылығы жайлы не айтасыз?
– Ауданымыз негізінен мал шаруашылығына ыңғайлы, төрт түлік тұқымының өсуіне таптырмас мекен саналады. Соған орай ауданда мал өсірудің өзіндік қалыптасқан жүйесі жұмыс істейді. Одан бөлек, бүгінгі күні асыл тұқымды жылқы, сиыр, қой өсірушілердің қатары көбейіп келеді. Соңғы 2 жылдың ішінде асыл тұқымды ірі қараның саны 1500 басқа артты. Биылғы есеп бойынша аудандағы ірі қара саны 81 мың 390 басқа, жылқы 17 мың 45 басқа, қой-ешкі  283 мың 624 басқа жетіп отыр. Қой-ешкінің саны төлдеген кезде 400 мыңға дейін жетеді. Соған орай мал шаруашылығының өнімдері аудан жұртшылығын қамтамасыз етуге толық жетеді. Биыл жыл басынан бері 8348 тонна ет, 25155 тонна сүт,  563 тонна жүн өндірілді. Одан бөлек, ауданда тіркелген 22 мың 447 бас құстан 6 миллион 626 мың дана жұмыртқа алынды. Олардың бәрі де тұтынушыларға жетіп, халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуде.
– Сүмбе ауылдық округінде жаңғақ, шабдалы ағаштарын отырғызған жандардың бар екенін білеміз. Жалпы ауданға инвесторлар келе ме? Келсе қандай саланың жұмысын жандандыруға үлес қосуда?
– Инвесторлар баршылық. Мысалы, ыстық сулы демалыс орындарында Алматы, Талдықорған қалаларынан, Панфилов ауданынан келген инвесторларымыз өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Қалжат» кеден бекетінде «Азия Логистик» деген фирма логистикалық орталық салып, тауар тасымалын қамтамасыз етуге үлес қосуда. Одан бөлек, былтыр ыстық сулы демалыс орындарының қатарын толықтырған «Жетісу» демалыс орны енді жылыжай, жатақхана сынды қажетті нысандар салып жатыр. Жақында олар жайында мәліметтер алдырдық. Сөйтсек, белгілі кәсіпкер Стахан Белғожаев ағамыз 3,5 миллиард теңгеден астам инвестиция салыпты. Бұл өңірдің өркендеуіне үлкен қолдау. Алдағы уақытта теміржол, автокөлік жолы, газ құбыры сынды инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салуды қолға алуымыз керек. Осыдан бірнеше уақыт бұрын іске қосылып, Қытайға газ тасымалдаған «Азия газ құбыры» компаниясы ауданымызға көптеген инвестиция әкелді. Ауданның бюджеті осыдан 12 жыл бұрын 500-600 миллион теңге болса, қазір үлкен жобалардан жергілікті бюджетке 2,5 миллиард теңге салық түседі. Осының өзі аудан бюджетінің түсімін 5 есеге дейін көтерді. Ол өз алдына, мен үшін шағын және орта кәсіпкерліктің деңгейі 50 пайызға көтерілгені керек. Бұл мәселе Елбасының тапсырмасында да бар. Егер шағын жобаларды толығымен жүзеге асырсақ, аудан халқының жағдайы жақсара түседі. Облыс әкімі «100 жаңа жоба» деген тапсырма беріп отыр. Шағын дүкен не кафе ашып, бес адамды жұмыспен қамтыса соның өзі үлкен олжа. Соңғы мәлімет бойынша биыл 10 айдың ішінде 321 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Біздің аудан үшін үлкен жетістік. Өйткені салық түсімін молайтатын ондай кәсіпкерлер зейнетақы қоры мен Міндетті медициналық сақтандыру қорына табыс түсіреді.
– Облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен жекеменшік пен мемлекеттік әріптестік негізінде балабақшалардың көптеп ашылғаны белгілі. Ауданда осындай балабақшалар бар ма?
– «Балапан» бағдарламасы аясында 2012, 2013, 2016 жылдары Шонжы, Бахар, Шарын ауылдарында 3 мемлекеттік балабақша ашылды. Одан бөлек жекеменшік пен мемлекеттік әріптестік бағыты бойынша да балабақшалар ашылып, мектепке дейінгі даярлықпен айналысуда. Биылғы жоспарды жыл соңына дейін 100 пайызға орындаймыз деп айта аламын. Қазірдің өзінде 99,0 пайызды құрап отыр. Одан бөлек, ауыл мектептерінің жанынан ашылған шағын орталықтарды балабақша ретінде жеке шығарып жатырмыз. Қазірдің өзінде осы бағыттағы жұмыс белсенді жүруде. Соған орай ондағы мамандардың да балабақшамен бірге сол жұмысқа  ауысулары керектігін кәсіпкерлерге талап ретінде ескертудеміз. Осыған байланысты облыстық мәслихатқа, облыс әкімі Амандық Баталовқа үлкен рахмет айтқым келеді. Жақында өткен облыстық сессияда Ұйғыр ауданын балабақшамен қамту жұмыстарына 45 миллион теңге бөлінді. Соған үш балабақша, қосымша 5-6 топ ашылмақшы. Себебі, балабақшаға баратын баланың саны 50-ден кем болмауы тиіс. Бала болашағымыз екендігін ескерсек, өскелең ұрпақтан қаржы аямауымыз керек. 
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мәди АЛЖАНБАЙ

Ұйғыр ауданы