ҚАЙДА ЖҮРСЕК ТЕ ҚАЗАҚПЫЗ!

Уақыты: 02.01.2019
Оқылды: 2006
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Егемендік алғаннан кейін білім, ғылым қуып, жұмыс істеп, қызмет тауып, шетел асып, сол елде қалғандар көп. Солардың бірсыпырасын жаңадан ашылып отырған «Қиырдағы қандасым» айдарында таныстырып, жазып отырмақпыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – АҚШ-та өмір сүріп жатқан, бір отбасының ұйытқысы болып отырған Жұлдыз Ерік.

– АҚШ-қа ең алғаш барғанда қандай әсер алдыңыз?
– Мен ең алғаш 2009 жылы Америкаға келгенде он алты жаста едім. Exchange бағдарламасымен оныншы сыныпты АҚШ-тың Мичиган штатында оқыдым. Менің таңғалатыным, сол кезде жалғыз өзім Амстердам арқылы Мичиган штатына барғаным. Қазір ата-анам: «Сол кезде сені қалай жалғыз жіберіп жүрміз?» – дейді. Арнайы келгеннен кейін оқуды бір отбасында, сол әулеттің мүшесіндей өмір сүріп оқисың. Қазақстандағы әке-шешеммен аптасына тек бір рет скайп арқылы сөйлесіп тұрдым, оның өзінде уақыт шектеулі. Өйткені, ол жақтағылар тілді дамыту үшін, салт-дәстүрлерін бойыма сіңіру үшін осындай әрекеттерге барды.
Келген кезде бірден байқалатыны, адамдардың мәдениеті. Танысын, танымасын сенімен амандасып: «Күніңіз сәтті өтсін!» –деуді дағдыға айналдырған. Сондай кішіпейіл. Сол кезде қоғамдық орындардың бір бұрышында арнайы құрылғы арқылы босап қалған құмыраға суды тегін құйып алып, ішіп жүре бересің. Маған қызық көрінген жайттардың бірі осы болды. Ал ең қатты таңғалғаным – мектептегі жүйе. Оқушылар өздері қалаған сабақтарын таңдап алып, соны оқиды. Ал елімізде мектеп оқушысы оқығысы келсе де, келмесе де барлық пәнді игеруге міндетті. Мектептің өзінде кредиттік жүйе енгізілген. Сол кездің өзінде арнайы код арқылы бағамызды біліп отыратынбыз. 
Мен өзімді Америкаға қайта айналып келетінімді білдім, ал тұрмыс құрып, осы жерде тұрамын дегенді мүлде ойламаппын. 
– Өмірлік серігіңізбен қалай таныстыңыз?
– Өмірімдегі елеулі сәт 2014 жылы университеттің үшінші курсын аяқтаған сәтте болды. «Work and travel» бағдарламасымен J1 студенті атандым. Жаздағы демалысты тиімді пайдалану үшін және тілімді дамыту мақсатында оңтүстік Каролинадағы Мертл-Бичте екі ай жұмыс істедім. Мертл-Бичқа келе жатқанда әлемге әйгілі Нью-Йорк қаласына арнайы тоқтаған едік. Бірақ бәрін тамашалауға бір күн өте аз болды. Қайтар сәтте асықпай араладық. Жанымда Қызылорданың қызы болды. Ал өмірлік жұбайым сол сәтте бізге пәтер мәселесі және басқа да істер бойынша Нью-Йоркте көмек қолын созып жүрді. Оған дейін тек Фейсбук әлеуметтік желісінде «АҚШ-та тұратын қазақ азаматы» есебінде танитынмын.   
2016 жылдың мамырында оқуымды аяқтап, елге келіп «7kun.kz» ақпараттық порталында жұмыс істеп жүрдім. Ал дәл сол жылы мамырдың соңғы күндеріне қарай Майамиде Қанат Ислам ағамның кезекті кездесуі өтетін болды. Соған анам екеуміз баратын болып шештік. АҚШ-қа үшінші келуім осылай. Сол кезде де болашақ жұбайым барлық іске өзі араласып, көп көмектесті. Туған-туыстарымен де таныстырды. Тур-визамен келгеннен кейін алты ай тұруға рұқсат бар. Анам бір ай жүрді, ал мен өзімді сынап көру мақсатында үш-төрт ай жеке тұрып көруді ұйғардым. Жергілікті тұрғындардың: «Нью-Йоркта өмір сүрген адам әлемнің кез келген жерінде өмір сүре алады» деген сөзі бар.  Өзімді сынап көру мақсаты соңына жетпеді (күліп). Болашақ жарым Арман сөз салды, ал мен тұрмысқа шығуға келісім бердім. Сол жылдың қарашасында тойымыз болды. 
Жолдасым Нью-Йорк қаласында 2009 жылдан бері тұрады. Қызметі – бағдарламашы. 2017 жылы тұңғышымыз Әлем дүниеге келді. Есімін әлем азаматы болсын деп ырымдап қойдық. Ал қазір мен жұмыс істеп жүрген жоқпын. Бала тәрбиесімен айналысамын.
– Отбасыларыңызда қазақы дәстүрді ұстанасыздар ма?  
– Жалпы шетелде білім алып, ел көрсін, жер көрсін, білім көкжиегін кеңейтсін деп үміт артқан әкем Ерік Әдікұлы мен анам Айгүл Молдабайға үлкен рахметімді айтамын. Ал біздің отбасымызда қазақ дәстүрінің бәрі сақталады. Тәрбие солай. Әу баста Қазақстанға келуіміздің өзі қытай болып кетпесін деген ойдан туындаған еді. Енді ата-анамыз америкалық болудан қорқады. Үй ішінде қазақ тілінде сөйлесеміз, өзімізге тән мерекелерді атап өтеміз. 
Бір қынжылатынымыз бар. Қазақстаннан келгендердің басым көпшілігі қазақша сөйлегілері келмейді және білмейді. Немқұрайлы қарайды. Дүниеге келген балаларына бөгде есім қойып, тәрбиені басқаша беруге тырысады. Ал біздің отбасымызда керісінше. Баламызға қазақша сөйлейміз, өзіміздің дәстүрді таныстырамыз. Жақында ғана үйлі болған жайымыз бар. Ал бөлмелердің ішін өзім қазақы бұйымдарды жақсы көргендіктен, қолдан жасап қойдым. Кім келсе де қазақылықтың иісі шығып тұруы керек.  
Ұлым Әлем дүниеге келгенде елден анам арнайы келіп, бесікке бөледі және қырқынан шығарып кетті. Тұңғышымызға «Алпамыс батыр» жырын, «Бауырсақ» ертегісін оқып береміз, айтамыз. Биыл бір жасқа толды. Тұсаукесер жасадық. Біз әлемнің қай түкпірінде жүрсек те, қазақ екенімізді ұмытпаймыз және өз ұлтыммен мақтанамын. 
– Нью-Йорктағы қазақтар жиі бас қосып тұра ма?
– Жиі бас қосып тұруға тырысамыз. Өзімізше басқосуды «Қазақ пати» деп атаймыз. Ал Нью-Йорктағы қазақтар саны жылдан-жылға өсіп келеді. Ең жиі кездесетін уақыт – Рамазан айы. Бір-бірімізді жиі ауызашарға шақырамыз. Ол отбасыларды бір-біріне жақындастыра түседі. Жалпы, бұл қалада сағат түгілі минуттың өзі есептелген, кейде бір-бірімізді ұзақ уақыт көрмей қалатын сәттер де болады.
Ең алғаш бас қосқан аға-інілеріміздің өзі бүгінде үйленіп, балалы болып, көбейіп жатқан жайы бар (жымиып).
– Қазақстандық кейбір жастар Америкаға әуес және сол жақта  қалып қойғысы келеді. Мұның себебі неде?
– Меніңше еңбектеріне дұрыс ақы төленуде көп сыр жатыр. Әрі тапқан табыстары өзіне толық жетеді. Сағатына еңбекақы төленеді. Ал Қазақстанда тапқаның бір басыңнан аспайды. Нью-Йоркта жұмыс істеп жүргендердің барлығы Қазақстандағы ата-анасына, аға-бауыр, әпке-қарындастарына қаржылай көмектеседі, үй салуға жәрдемдеседі. Шетелде жүрген жастар бір күнде – бір іс тындыруды мақсат етіп қойғандар. 
– Қазақстанға жиі келіп тұрасыздар ма?
– Біз жылына бір рет келуді дәстүрге айналдырғанбыз. Негізінде ата-аналарымыздың өзі бізге жиі қатынайды. Ал ол кісілер айлап жатып, демалып кетеді. Жақында ғана Әлем екеуміз екі айға барып қайттық. 
– Қазақстаннан Америкаға баратын кезде өзіңізбен бірге алып кететін үш затты айта аласыз ба?
– Қазы, ет, сары май және құрт. Төрт зат болып кетті ме? (күліп). 
– Болашақта Әлем Қазақстанға келіп, еңбек етемін десе...
– О, онда біз қуанамыз. Біздің негізгі мақсатымыз да осы.  Біз бұл жерде тұрақтап қалмаймыз. Ол анық. Жоспарымыз бар, мақсаттарымыз бар. Жүзеге асқаннан кейін елге оралып, қызмет істегіміз келеді. 
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Серік ҚАНТАЙ