ЗАМАНАУИ БІЛІМ ОРДАСЫ

Уақыты: 29.12.2018
Оқылды: 1516
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыс әкімі Амандық Баталовтың «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы басқармасының төрайымы Күләш Шамшидиновамен кездесуі өтті. Кездесу барысында Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін облыстағы орта білім ошақтарына тарату жайы сөз болды.

Шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов:
– Назарбаев зияткерлік мектебі өзіндік білім беру жүйесі қалыптасқан ұйым. Бүгінде басқа білім ошақтарына тәжірибелері таратылып, үлгі болуда. Өзіміз де аталмыш мектептің білім берудегі ерекшелігіне, қазақстандық және шетелдік ұстаздардың беріп жатқан тәліміне, түлектерінің жетістігіне куә болудамыз. Облыс оқушылары талапқа сай білім алсын, уақыт ағымынан қалыспасын деген мақсатта биыл ІТ мектеп аштық. Театр және музыкалық мектеп пайдалануға бердік. Бұрын облыс орталығында бір ғана музыка мектебі болды, Бірақ ол аздық етті, өнерлі жеткіншектерді толық қамти алмады. Қазіргі музыка мектебі барлық талапқа сай, – деді.
Өз кезегінде сөз алған Күләш Нағатайқызы облысқа келгендегі мақсаты Назарбаев зияткерлік мектебі дайындаған Жаңартылған білім беру бағдарламасын облыс мектептеріне тереңдеп енгізу екенін, бұл бойынша 80 білім беру ошағы белгіленіп, онда тренерлер жұмыс істеп жатқандығын атап өтті. Осы орайда жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатқан ұстаздарға облыс әкімдігі тарапынан қолдау мен көмек болса деген ұсынысын айтты.
Амандық Ғаббасұлы бұл орайда қандай көмек қажет болса, қолдан келген мүмкіндікті аямайтынын жеткізді. Бұдан соң екі тарап облыс мектептеріндегі білім сапасын арттыру мақсатындағы меморандумға қол қойды. 
Кездесу соңында Күләш Шамшидинова облыс басшысына Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 жылдығы медалін табыс етті. Сонымен қатар «Елбасы мектебі» әнұранының авторлары Данияр Құрамысов пен Жұматай Оспан – ұлына да осындай марапат ұсынылды. 
Облыс әкімі Амандық Баталов та Күләш Нағатайқызының еңбегіне табыс тілеп, естелік сыйлық пен Жетісудың әсем табиғаты бейнеленеген фотоальбом сыйға тартты.

Алма Есенбаева