"7-20-25" БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Уақыты: 10.01.2019
Оқылды: 1291
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өткен жылдың соңында құрылыс саласында атқарылған жұмыстар жайы баяндалған жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Болат Тәкенов жоспар бойынша белгіленген нысандардың салыну барысына тоқталған еді. 

Осы ретте, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» айтылған жатақханалар салу, коммуналдық шаруашылық саласындағы нысандар құрылысы, тұрғын үймен қамту,  спорт, денсаулық сақтау, мәдениет салаларын жаңа нысандармен толықтыру мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе, көпшілікті  «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы толғандырды.
Бір қарағанда бағдарлама аясындағы жұмыс қарқыны сәл баяу сияқты көрінетіні анық. Дегенмен облыстағы аудан, қалалар бар күшін жұмылдырып, «7-20-25» бағдарламасын атқаруға белсене кірісіп кетті. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, қазіргі таңда бұл жұмыс Қапшағай қаласында қарқынды. Талдықорған қаласы, Қарасай, Іле, Талғар аудандарында да ауқымды жұмыстардың атқарыла бастағаны мәлім. Десе де, жұмыстың кешеуілдеуінің де белгілі себептері бар екен. Әсіресе, құрылыстың жобалық- сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптамаға кететін мерзімінің ұзақтығы көп іске қолбайлау болса, бағдарлама бойынша үй алғысы келетіндердің банк арқылы құжаттарды реттеу, үміткерлердің төлем қабілетін анықтау, тағы да басқа жұмыстар уақыт алатын көрінеді. Облыс басшысының тапсырмасына орай облыстық мекемелер мен аудан, қала әкімдіктері ендігі қадамды нақ осындай кедергілерді болдырмауға бағыттап, үй алатындардың санын көбейте түсуді көздеп отыр.

Қажет АНДАС