ЖАҢА ТҰҚЫМ - "АЙШОЛПАН" ҚЫЗЫЛШАСЫ

Уақыты: 04.02.2019
Оқылды: 1134
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Панфилов ауданының әкімі Темірлан БЕКТАСОВ тұрғындар алдындағы есебін қаңтар айының 21 күні бастап, өңірдегі барлық округ тұрғындарымен кездесу өткізіп, өткен жылы жүзеге асқан жұмыстар мен биыл атқарылатын жұмыстарды баяндады. Бұл жиында жергілікті тұрғындар арасынан сөз сөйлегендер өздерінің өтініш-тілектерін жеткізіп, ортақ проблемаларын назарға салды. Нәтижесінде аудан басшысының жұмысы «қанағаттанарлық» деген баға алды.

Аудан әкімінің баяндамасында айтылғандай, өңірде жүзеге асқан жүйелі жұмыстарға мемлекеттік бағдарламалар арқау болған. Ауылшаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар ауқымды. Ауданда жалпы 17 қожалық асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданады. Солардың қатарынан 2 шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 96 миллион теңге несие алып, Бурятия Республикасынан 217 бас асыл тұқымды қалмақ сиырын сатып алып өсіре бастаған. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыру шараларының кешенді жоспарына сәйкес мал бордақылау алаңдарын құру бойынша бірқатар жұмыс жүзеге асқан.

Мысалы, «Ернар» және «Есенбай» қожалықтары 1000 бас бұқаны бордақылауды қолға алды. Жаркент өңірінде 4,5 гектар жерге 2 жылыжай салынып, «БайсеркеАгро» ЖШС 4 гектар жылыжайдан 800 тонна томат өндірді. «Қазгеотерм» ЖШС 0,5 гектар жылыжайдан 60 тонна көкөніс алды. «Көкталагро» ЖШС 286 гектар жүгері егістігіне тамшылатып суару әдісін қолданып, әр гектардан 200 центнерден дән жинады. Бұл облыс жүгерішілері арасында жоғары көрсеткіш. «Қамқорлық» элиталық тұқым шаруашылығы 15 жыл бойы республика қызылшашыларын арзан бағада тәтті түбір тұқымымен қамтамасыз етіп келеді. Бұл шаруашылық өткен жылдан бастап отандық «Айшолпан» қызылша тұқымын өндіруге кірісті.

Өңірдегі өнеркәсіп өндірісінде, шағын кәсіпкерлікте, сауда-саттықта, құрылыста, тағы басқа салаларда қарымды қарекеттер мол. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында елді мекендерді абаттандыру, көркейту, көгалдандыру, жарықтандыру, санитарлық тазалық жұмыстарында алға басу бар. Білім беру мен денсаулық сақтау бағыттарында да жетістіктер аз емес.

Аудан әкімінің есепті баяндамасын жарыссөзге қатысқандар талқылап, талдады. Аудан тұрғындары үшін шешімін күткен маңызды мәселелер де айтылды. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов те өз ойын жеткізіп, өңірдегі ілкімді істерді саралады.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы