ӘКІМ ЕСЕБІ: БАРЛЫҒЫ ЖАҚСЫ БОЛА БЕРМЕЙДІ

Уақыты: 04.02.2019
Оқылды: 1431
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбековтың халық алдындағы қорытынды есебі өтті. Бұған дейін он округ пен бір қалада болған есептің қорытындысы ретінде Рауан Тұрданғазыұлы ауданда атқарылған ілкімді істердің негізгісіне тоқталып, алдағы атқарылатын жұмыс жоспарын баяндады. Есепті жиынға облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров қатысып, өңір басшысының есебін тыңдады.

Жиын басталмас бұрын Серікжан Ісләмұлы ауданда шығарылатын өнім мен шикізаттардан қойылған көрмені аралап өтті. Қаратал ауданының негізгі өнімі – ауылшаруашылығы тауарлары. Сүт өнімдерінен жасалған тауарлар бүгінде республикаға танымал. Мәселен, сүт өнімін шығаратын «Айдын» кәсіпорны қарқынды дамып, ел экономикасына сүбелі үлес қосып отырған ірі кәсіпорын. Сондай-ақ, бидай, күріш, пияз өсіруде де алдыңғы қатарда тұр. Осындай игі іске куә болған Серікжан Ісләмұлы кәсіпорын басшыларына нақты тапсырма беріп, алдағы уақытта экспортқа көңіл бөлу қажеттігін қадап айтты.

Бұдан кейін аудан әкімдігінің мәжіліс залында есептік жиын басталды. Жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Бақыт Смайылов жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып өтті. Бұдан кейін аудан әкімі Рауан Рақымбеков баяндама жасады.

- Аудан әкімдігіне 2018 жылдың 12 айында жеке және заңды тұлғалардан барлығы 1543 өтініш келіп түскен. Оның 970 өтінішіне қанағаттанарлық жауап берілсе, 541 өтінішке түсініктеме берілген. Бұған дейінгі болған есепте тұрғындар тарапынан жеті ұсыныс келіп түскен. Өткен жылғы басты мәселенің бірі Үштөбе қаласындағы Б.Момышұлы көшесінің жолын жөндеу жұмыстары болатын. Бұл жұмыс толығымен аяқталып, халық алдындағы есепте айтылды. Ал Балпық ауылдық округінің Жаңаталап ауылын ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс үстіміздегі жылы аяқталады деп жоспарлап отырмыз, – деді әкім.  

Бұл мәселе көптен бері тұрғындарды мазалап жүрген еді. Әсіресе, мал шаруашылығына өзіндік кері әсерін тигізетін Қаратал өзенінің жағалауы. Әкім Тастөбе ауылы жанындағы Қаратал өзені жағалауының бөгетін нығайту жұмыстарының облыстық бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінбегендіктен келесі жылға шегерілгенін, осы жылы шешімін табуы тиіс екенін жеткізді. Ал Қаражиде ауылы, Қаңбақты ауылдық округі тұсындағы оң жағалау бөгетін жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған.

Тұрғындарды мазалайтын күрделі мәселенің бірі – ауызсу. Осындай келелі істің бірі Айту ауылын ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты болатын. Дәл қазіргі уақытта ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр, биылғы жылы жұмыс толықтай аяқталады. Өңірлерді дамыту бойынша ауданда бірқатар іс атқарылуда. Соның бірі – Қаражиде ауылындағы  балаларға арналған спорт алаңының құрылысы. Қазіргі уақытта жұмыс аяқталып, нысан қолданысқа берілген.

Осы бағдарлама бойынша Көпбірлік ауылында балаларға арналған спорт алаңының құрылысын жүргізу жұмыстарына облыстық бюджеттен 6,9 млн. теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде жеңімпаз болған «Лим Валерия Викторовна» ЖК-мен 2,8 млн. теңгеге келісімшарт жасалған. Бүгінгі күнге  спорт алаңының жұмыстары келісімшарт кезеңінің талабына сәйкес аяқталмауына байланысты, жеке кәсіпкердің ісі облыстық сотта қаралуда. Ауданда атқарылған үлкен істің бірі – сервистік әкімдік пен К.Тоқаевқа арналған саябақ. Бұл нысандар Үштөбе қаласына көрік берумен қатар тұрғындарға қызмет етіп тұр.

Ауылшаруашылығын дамытуда да ілгерілеу бар. Қант қызылшасы мен мал басын көбейту, ірі шаруа қожалықтарын ашу жұмыстары қарқын алып келеді. Баяндама соңынан мінберге көтерілген ұстаз Ұлбосын Досмолданова атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп: "Аудан әкімінің есебінде А. Пушкин атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін естіп қуанып қалдым", - деді. Сонымен қатар, Серікжан Ісләмұлынан осы мектепті орталық жылу жүйесіне қосуға қол ұшын созуын өтінді. Ал Жылыбұлақ ауылынан келген Гүлмира Тұрсынбекова ауылды ауызсумен қамтамасыз етіп берсе деген тұрғындар тілегін жеткізді.

Аудан басшысы мен тұрғындардың сауалынан кейін ортаға облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров шығып, облыс бойынша атқарылған жұмысқа толықтай тоқталды. Мұнан кейін аудандағы көрсеткіштердің толымды екенін айтып, әлі де болса жұмысқа қарқын беру керектігін екенін айтты. «Әрине, барлығы жақсы бола бермейді. Ауданда кемшіліктер жоқ емес. Ауылшаруашылығы, өнеркәсіпті дамыту мәселесі бойынша да кемшіліктер бар. Мұның бәрін жіпке тізе берудің қажеті жоқ, тек жұмысқа ширақтық керек», – деді ол. Серікжан Ісләмұлы ауданға инвестиция тартуды қатаң тапсырды. «Осы сала бойынша Қаратал ауданы артта қалып келеді. Біз қазіргі уақытта ауданның экономикасын инвестиция тарту арқылы көтереміз және жаңа жұмыс орнын ашу мәселесін шешеміз», – деп нақты тапсырма берді.

Облыс әкімінің орынбасары мен тұрғындар аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, алдағы ісіне сәттілік тіледі.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ
Қаратал ауданы