ЖЕТІСУ ӨҢІРІ ЖЕТІНШІ ОРЫНДА ТҰР

Уақыты: 05.02.2019
Оқылды: 1241
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыстық әкімдікте өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың қызметін заңдастыру жөніндегі комиссия отырысы өтті. Аймақ басшысының бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов жиынды жүргізіп, баяндамаларды тыңдай келе, аудан әкімдері мен тиісті мамандарға нақты тапсырма берді.

Бүгінгі таңда облысымызда 300-ден астам адам бірыңғай жиынтық төлем төлесе, оның 51-і ғана өзектендірілген. Алайда 249 адамның төлемі бір аптадан артық өңделіп жатыр. Дәл осы көрсеткіш бойынша республикада жетінші орындамыз. Бұл – төмен нәтиже! Облыс басшысының бірінші орынбасары осы олқылықтың орнын толтыруды қадап  айтты.

Лаззат Махатұлы бірыңғай жиынтық төлем енгізу жұмыстары бойынша апта сайын талдау жасап, жиын өткізуді және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыз азаматтарды «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының»  белсенді шараларына тарту жұмыстарын қатаң бақылауға алу туралы жауаптыларға іс жүктеді.

Бірыңғай жиынтық төлем – зейнетақыға шыққан кезде еңбек өтілін растайды, бала күтіміне шығып, болмаса жұмысынан айырылған жағдайда арнайы жәрдемақы алатындай мүмкіндіктер береді және іс бастауға кез келген екінші деңгейлі банктерден несие алуға жол ашады. Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекші қызметкері Мәулен Сүлеймен жан-жақты айтып  өтті.

Серік ҚАНТАЙ