ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАНАДЫ

Уақыты: 06.02.2019
Оқылды: 1110
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Кезекті Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ алдымен өрт кезінде қаза тапқан бес баланың ата-анасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Осыған байланысты Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов аталған отбасыға қолдау көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы уақытта осындай жағдайдың орын алмауы үшін қабылданып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндады. Жантүршігерлік оқиғаға қатысты ойын жеткізген Бақытжан Әбдірұлы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тексерістерді күшейтіп, қатаң бақылауға алуды міндеттеді.

Бұдан соң Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды. Бақытжан Әбдірұлы Елбасының Үкімет жұмысының «қанағаттанарлық» деп бағалағанын, енді бұған массаттанбай, биылға белгіленген тапсырмаларды ойдағыдай жүзеге асыруға күш жұмсау қажет екенін айтты. Алға қойған міндеттерді орындауды қамтамасыз ету  туралы бірқатар министр баяндама жасады.

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Президент тапсырмаларын орындау мақсатында шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін ұлғайту бойынша жұмыстың жалғасатынын, экономиканы одан әрі жекешелендіру мен мемлекет иелігінен алу, көлеңкелі айналыммен күрес, Аумақтарды дамыту бағдарламасын одан әрі түзеу бойынша шаралар қабылданатынын, сондай-ақ, берілген өкілеттіктер аясында инвестицияларды тарту бойынша тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыруға күш жұмылдырылатынын атап өтті.

Қадағаланбайтын көлеңкелі экономика деңгейін азайту бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, экономикадағы қолма-қол ақшасыз қаражат айналымын ұлғайтуға бағытталған салық, сауда саясаты, салалық реттеу шаралары жөніндегі мәселені пысықтамақ.  Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қолма-қол есеп айырысу бойынша лимитті белгілеу және жылжымайтын мүлік пен көлікті міндетті түрде қолма-қол ақшасыз сату және басқа мәселелер қаралмақ.

ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев қаржы секторын қалыпқа келтіру саясатын, қадағалау бойынша үздік халықаралық практиканы енгізудің жалғасатынын айтты. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев ет экспортын арттыру, АӨК өнімдерімен импорттың орнын басу, құс шаруашылығы мен сүт өндірісін дамыту, сондай-ақ, егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі жоспарларын айтты.

Жиында экономикадағы мемлекет үлесін төмендету мақсатында биыл жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша республикалық, коммуналдық меншік пен квазимемлекеттік сектордың123 объектісін сату міндеті тұрғаны белгілі болды. «7-20-25» пен «Нұрлы жер» бағдарламаларына түзетулер енгізілгені де айтылды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қарыздарының бастапқы жарнасының мөлшерлемесі 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде бірінші қабаттарда әлеуметтік нысандарды орналастыра отырып, тұрғын үй құрылысын салу көзделген. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін мыңнан кем емес жалға берілетін пәтерлердің құрылысы басталмақ.

Елде инвестициялық ахуалды жақсарту және қазақстандық экспортты ілгерілету жөніндегі жаңа шараларды әзірлеу жұмысы басталған. «Жас маман» бағдарламасы «Жастар – Ел тірегі» ұлт жобасының бір бөлігіне айналады және «100/200» қағидасы бойынша іске асырылмақ. 200 оқу орны жаңа құралдармен жабдықталады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру бойынша тапсырмасын орындау бағытында әлеуметтік төлемдердің параметрлерін қайта қарау бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтты. Қазіргі таңда аталмыш министрлік Жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019–2021 жылдарға арналған кешенді жол картасын іске асыруға кіріскен.

Басқосуда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы да таныстырылды. Аймақтарда денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мен жаңғырту мәселелері мәлімделді. Онда белгілі болғандай, 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында аталған министрлік аймақтардағы әкімдіктермен бірлесіп, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша жобаны іске асыруда. Жиын соңында Үкімет басшысы Елбасы алға қойған барлық міндеттің жүзеге асуы тиіс екенін айтып, сапалы орындау жөнінде тапсырма берді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,

"Жетісу"