СЭС: ЕСКЕЛДІЛІКТЕР 12 ТЕҢГЕДЕН ТӨЛЕЙДІ

Уақыты: 07.02.2019
Оқылды: 1113
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғановтың облыстағы сапары Ескелді ауданында жалғасты. Өңір басшысы Бағлан Танекенов құрметті қонаққа аймақтағы негізгі құрылыс нысаны – Шажа өзені бойынан салынып жатқан су электр стансысын көрсетіп, Қарабұлақтағы жаңа «Радуга» балабақшасы мен Г.Титов атындағы орта мектеп ішінен ашылған IT сыныбын таныстырды.

Шажа өзенінің сағасында жаңа су электр стансысының құрылысы 2018 жылдың қазанында басталды. Жоспар бойынша 2020 жылдың желтоқсанында аяқталады. Қуаты – 25,8 МВт. Бүгінде бұл жерде 300-ге жуық адам жұмыс істеп жүрсе, бекет іске қосылғанда тағы 25 адамға тұрақты қызмет ұсынылмақ. Стансы қызметіне кіріссе, ауыл-аймақтағылар арнайы төменгі тариф бойынша 12 теңгеден төлейді.

- Елбасымыз баламалы электр көздерімен жұмыс істеуді, жасыл экономикаға байланысты кіші, орта су электр стансысын салуды тапсырған болатын. Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бір көрінісі осы – Шажа су электр стансысы. Бұл келешекте туристік орталықтардың, сауықтыру орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Елбасы тапсырмасын облыс ойдағыдай орындап жатыр деп айта аламын, – деді Әбдіманап Елікбайұлы.

Одан кейін депутат «Хильченко және К» серіктестігі 2018 жылы салған екі қабатты «Радуга» балабақшасына бас сұқты. Бұл мекемеде 19 қызметкер істесе, төрт топқа бөлінген 100 бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақшаның кіріс-шығыс есебі түгел жеке шаруашылық мойнында. Ғимарат ішіндегі кең спорт залы дене шынықтырып қоймай, би үйірмесін ұйымдастыруға да қолайлы.

Халық қалаулысы аудандағы сапарын Г.Титов атындағы орта мектепте аяқтады. Білім ордасының ішінен ашылған IT сыныбын көріп, оқушылар құрастырған роботтарға ризашылығын білдірді.

Серік ҚАНТАЙ,

"Жетісу"