«7-20-25»: СЕГІЗ ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

Уақыты: 08.02.2019
Оқылды: 1145
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Іле ауданының жұртшылығы аудан әкімі Бағдат ҚАРАСАЕВТЫҢ қорытынды есебін тыңдады. Онда өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі баяндалды. Сонымен қатар биыл қолға алынатын іргелі істердің жоспары да кеңінен сөз болды. Өтеген батыр кентіндегі спорт кешенінде болған есептік жиынға облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан ДҮЙСЕМБІНОВ қатысты.

Ауданда өнеркәсіп саласы қарқынды дамыған. Өткен жылы 21 өндіріс ошағы жаңадан іске қосылып, 16 кәсіпорын аясын кеңейткен. Нәтижесінде 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылыпты. Өнеркәсіп бойынша 295,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өңірдегі ірі және орта кәсіпорындардың өндіріс қуаттылығын кеңейту жұмыстары өз жалғасын табуда. Ауданның ауылшаруашылық саласының жалпы өнім көлемі 74,6 миллиард теңгеге жеткен. Аталған саланы дамытуға мемлекет тарапынан 4,4 миллиард теңге қаражат бөлініпті. Соның арқасында жаңа технологияларды қолданысқа енгізу мүмкіндіктері жолға қойылған.

– Озық технологияларды пайдалану нәтижесінде жүгері, картоп, бақша дақылдарын және көкөніс өсірудің көлемі мейлінше артты. Ауданда 11,5 гектарды құрайтын 45 жылыжай жұмыс істеуде. Олардан 462 тонна көкөніс алынды. Жиналған өнімді сақтау үшін 9 көкөніс және 6 картоп қоймасы жұмыс істеп тұр. 800 басқа арналған 4 мал бордақылау алаңы сапалы ет өндіруге септігін тигізуде. Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді 28 кәсіпорын қолға алған. Ондағы өнім көлемі 63 миллиард теңгені құрады, – деді аграрлық саланың көрсеткіштерін тілге тиек еткен Бағдат Әбілмәжінұлы.

Ауданда «7-20-25» бағдарламасы аясында биыл 14170 шаршы метр 8 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады. Ондағы екі үй Өтеген батыр кентінде салынса, қалған алтауы Боралдай кентінде бой көтермек. Осы үйлердегі 70 пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған адамдарға беріледі. Ал өткен жылы осындай екі үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілті табыс етілген. Қазіргі таңда ауданға газ тарту жұмыстары да ойдағыдай іске асып жатыр. 31 елді мекеннің ішінде тек Құйған, Жетіген және Жаңаарна ауылдарына ғана көгілдір отын жетпей тұр. Таяу күндерде барлық ауылдық округ газбен толықтай қамтылатын болады. Білім беру саласында да жағымды жаңалықтар аз емес. Биыл ауданда үшауысымды мектептерді жою мақсатында 5 білім беру мекемесінің құрылысы қолға алынбақшы. Білім шаңырақтары Боралдай, Жәпек батыр, Қараой, Қосөзен және Жаңаталап ауылдарында бой көтереді.

Өңірдің мәдени өмірі де ауыз тол­тырып айтарлықтай. 12 кітапха­на мен 4 Мәдениет үйі және архив халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Өткен жылы ауданда 2077 мәдени іс-шара өткізіліпті. Соның ішінде  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында 17 жоба жүзеге асқан. Оған бюджеттен 14 миллион теңге қаражат жұмсалған. Қорытындылай келгенде, әкім есебінен аудандағы барлық салада оң өзгерістердің байқалғанын аңғардық.

Баяндамадан кейін аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Әмзе Исаев, политехникалық колледждің студенті Елена Казановская, ардагер ұстаз Баян Топаркеліні, дәрігер Елена Потапова және ауыл тұрғыны Қапизат Нұрановалар өз ойларын ортаға салды. Ең алдымен, саяжайдағы тұрғындар мәселесі сөз болды. Қазіргі таңда саяжай деген аты болмаса, бұл аумақ отыз мыңнан астам халқы бар елді мекендерге айналған. Бірақ әлі де ауыл статусы берілмегендіктен ол жақтағы тұрғындардың ауданмен байланысы үзіліп қалғандай. Сондықтан онда халықпен жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар құрылса деген тілектер айтылды. Сонымен қатар, Байсерке ауылдық округі маңындағы теміржол өткелінің барша көлік жүргізушілеріне қиындық туғызып отырғаны да сөз болды. Мұнда жүк пойыздары жиі өтетіндіктен  үнемі кептеліс орын алады. Осы мәселе оң шешімін тапса деген тілектер айтылды. Міне, осы және өзге де мәселелер аудан әкімінің назарына ұсынылды.

Аудан басшысы айтылған ұсыныстарға барынша ден қойып, олардың орындалуы үшін жұмыс істеліп жатқанын алға тартты.

Жиынды қорытындылаған облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов Іледегі іргелі істердің ары қарай да сабақтаса беретініне сенім білдірді. Аудан жұртшылығы әкімнің бір жылдық есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.

          Болат МӘЖИТ
Іле ауданы