КӨПБАЛАЛЫ АНА: "АЙ САЙЫН 77 МЫҢ ТЕҢГЕ АЛАМЫН"

Уақыты: 08.02.2019
Оқылды: 1311
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің ұйысқан жері. Бүгінде көпбалалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңғалып жататынымыз тағы бар. Көпшіліктің көкейінде барлығын қалай асырайды деген сауал туындайды. Десе де, қазіргі таңда үйлесім тауып, татулықта өмір сүріп отырған өнегелі отбасылар жетерлік. Солардың бірі – Балпық би ауылындағы Жетібаевтар отбасы.

«Әр баланың несібесі бар» демекші, Руслан мен Жайна сегіз баланың ата-анасы. Үлкені 19 жастағы колледж білімгері болса, кішісі 7 айлық нәресте. Жайна Жетібаеваның жасы 31-де. Құдай қанша құрсақ көтеруді жазса, соншасын өмірге әкелуге дайын. «Иә, оңай емес. Бірақ мен барлығы жақсы болатынына сенемін. Әрбір бала бақыт қой. Шүкір, тағдырыма ризамын, бақыттымын. Мені шын сүйетін жұбайым, Алла берген балаларымыз бар. Осылардың қызығын көрсек, одан артық тілеуіміз жоқ», – деп сыр бөлісті көпбалалы ана.

Сегіз баланы тәрбиелеп, сабағын оқытып, киіндіру үшін қосымша көмек қажет. Бірақ Жайна үй шаруасы мен бала тәрбиесін бір өзі дөңгелетіп отыр.

Отағасы Руслан Жетібаев тапқан табысының періштелерді асырауға жететінін айтады. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан жасалған қолдау да бар. Осыдан үш жыл бұрын ауданның орталығынан үш бөлмелі пәтердің кілтіне ие болған.

Мемлекет тарапынан ай сайын 77 мың теңге көлемінде жәрдемақы аламыз. Одан бөлек, «Алтын Алқаға», кенже қызымызға берілетін жәрдемақы бар. Аудан, мектеп әкімшілігі тарапынан да қосымша көмек көрсетіледі, – дейді отбасы.

Айта кетерлігі, үлкен ұлы – Талдықорған қалалық политехникалық коллеждінің студенті ақылы негізде білім алуда. «Міне, биыл сәтін салса қолына дипломын алып, мамандық иегері атанады», – деп әңгімелеген Р. Жетібаев: «Балалардың санына байланысты біздің табысымыз азайып қалды деп айта алмаймын. Халқымызда: «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді», – деген жақсы сөз бар. Дүниеге келген балаларымыздың Алла берген несібесі өздеріне жетеді деп ойлаймын. Біздің мақсат – үлде мен бүлдеге орап қою емес, жақсы тәрбие берсек, жақсы білім алуына көмектессек, рухани бай болса, материалдық байлық өзі келер деген сенімдемін», – деген ойымен де бөлісті.

Еңлік ҚАБДЕШ,

"Жетісу"

Көксу ауданы

Алматы облысы